Жол бейнеті жеңілдейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол инфрақұрылымын дамыта түсу маңызына ұдайы терең мән береді. «Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс» деген тапсырмасы тап-тұйнақтай орындалуда ма? Ескертпе қаншалықты ескерілуде? Өңірде нендей өзгеріс? Назар аударалық…
Облыста оңдалатын бағыттар
Бұл маңызды мәселе облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тікелей өз бақылауында. Тоғыз жолдың торабында орналасқан қазыналы Қарағанды үшін жол атты үш әріптің қаншалық салмағы барын ойлы жан жете түсінеді. Ендігі кезекте сан мен дерекке көз жүгіртіп өтсек. Биыл жалпы қолданыстағы 1 029 шақырым автомобиль жолының 390 шақырымы жөндеумен қамтылды. Мәселен, былтыр ұзындығы 44 шақырым «Қарағанды-Қарқаралы» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Қарағанды-Балқаш» республикалық автожолының төменгі қабатында 4 жолақты жол жабыны төселді. Жоба биыл тәмамдалмақ. Осы жылы «Қарағанды-Жезқазған» автожолын қайта жаңартуға кірісу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мұқашев хабарлады.
– Облыстық маңызы бар автожолдарда 5 автожол учаскесі және 2 көпір қайта жаңартумен, 1 учаске күрделі жөндеумен, 6 учаске орташа жөндеумен қамтылды. Жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын «Нұра-Осакаровка» жолының учаскесі қайта жаңартумен қамтылды. Мысалы, қозғалыс үшін ашық учаскеде жол жиектерін нығайту және тосқауыл қоршауын орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, оңдау амалдары жыл бойына жалғасатын болады. Ал, Абай ауданында «Жартас-Долинка» жолының 21-ші шақырымын, сондай-ақ, биыл «Үштөбе-Құрылыс» автожолының учаскесін қайта жаңарту ісі жанданды. Сайып келгенде, бұл аралық қалалық әуежайдан Үштөбе ауылы арқылы Қарағанды қаласына және кері қайтуға балама жол болады, – деді спикер.
«Теміртау-Токаревка» автожолында Нұра өзені арқылы өтетін көпірді жаңарту жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырмақ. Осы арқылы Ғабиден Мұстафин атындағы кент тұрғындары үшін Теміртауға одан әрі осы бағыт бойынша өңір тұрғындары үшін жол жүру уақытын едәуір қысқартады. Биыл «Саран-Шахтинск» автожолына күрделі жөндеу жүргізіліп, осы жолда Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпірді оңдау ісі қолға алынды. Көлік құралдары ағынының жоғары қарқынына байланысты «Ақтас-Саран» учаскесі зор маңызға ие. Бұл арада жаңа жобалар қатарының сап басында «Шахан-Молодецкое» облыстық маңызы бар автомобиль жолы мен Дубовка ауылынан Саран қаласына дейінгі автожолын қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Әкімдік кеңесінде
Биыл Қарағанды облысында жергілікті желі құрамына кіретін 571 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланып отыр. Ол туралы облыс әкімдігінде өткен кеңесте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов баяндады.
– Облыстық маңызы бар 178 шақырым жолды, қалалар мен аудандарда 281 шақырым және «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша 112 шақырым жол бөлігін жөндеуді жоспарлап отырмыз. «Сәкен Сейфуллин-Өспен-Ақадыр» автожолының 26 шақырымында, сондай-ақ, «Ақсу-АюлыАқтоғай» автожолының 57 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Қарқаралы-Қоянды» учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда, – деді Мақсұт Қожанов.
Әлбетте, тарам-тарам жолдардың жағдайын жақсарту бойынша білек сыбанған белсенді әрекет кешеніне қарамастан, өндірісті өңірдің қақ алдында әдеуір сын-қатерлер тұрғандығы ешкімге жасырын емес. Негізгі түйткілдердің бірі барлық қордаланған өзекті сауалдар легін толық шешу үшін қаржыландыру көлемінің жетіспеушілігі де бар. Сонымен қатар, импорттық тауарларға тәуелділікті азайту және шығындарды азайту үшін сапалы құрылыс материалдарының жергілікті өндірісін дамыту қажет. Мұны жиын мүшелері атап айтты да, негізгі басымдықтарға мән беріп өтті. Тұжыра келе, орталық облыстағы жолдарды жөндеу және күтіп ұстау жергілікті билік үшін басым міндет, әрі басқарудың барлық деңгейлерінің үйлестірілген күш-жігерін талап етеді. Бұл міндеттерді сәтті орындау жеткілікті қаржыландыру, сапаны қатаң бақылау және заманауи технологиялар мен материалдарды пайдалану жағдайында ғана мүмкін болмақ.
Автожол тасқынға тосқын ба?
Соңғы онжылдықтарда климаттың өзгеруі, толассыз жаңбыр мен су тасқыны сияқты ауа райының тосын «мінезі» жол инженерлері мен құрылыс компанияларына жаңа міндеттер қойып үлгерді. Ендігіде дәстүрлі жол салу әдістері жиілеген су тасқыны жағдайында жол жамылғысының беріктігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Сондықтан, бүгінгі таңда су тасқынына төзімді заманауи жолдарды құруға қабілетті технологияларды әзірлеуге және енгізуге ерекше назар аударылады.
2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде облыстық маңызы бар автожолдардың үш учаскесінде түтікшелі су өткізу құбырларын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, қолданыстағы су өткізгіш құбырларды ауыстыру және жаңа су өткізгіш құбырларды орнату бойынша 40 іс-шара межеленді. Облыс орталығында жөндеу-құрылыс жұмыстары 143 шақырым немесе автомобиль жолдарының 127 учаскесінде өтеді. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен зертханалық сүйемелдеуге тиісті шарт жасалды.
Су тасқынына төзімді жолдарды салудың сәтті мысалдарының бірі – Нидерландыдағы жоба. Онда кешенді дренаждық жүйелер мен пермеабельді жабындарды пайдалану арқылы жолдардың су тасқынынан болатын зақымдануын айтарлықтай азайтуға септігін тигізген. Америка құрама штаттарында да жиі дауылға ұшырайтын штаттар геосинтетикалық материалдар мен жол деңгейін көтеру технологияларын белсенді қолданады. Бұл да тиімді екенін дәлелдеді. Иә, қара суға төзімді заманауи жолдарды салуға инвестиция құю дәстүрлі әдістермен салыстырғанда бастапқы кезеңде қымбатырақ болуы мүмкін. Алайда, ұзақ мерзімді басымдықта мұндай жолдар жөндеу және техникалық қызмет көрсету шығындарын аз талап етеді, бұл шығын атаулысын үнемді етеді. Сонымен қатар, дренажды жақсарту және жол төсемінің бұзылуын азайту тұрақты даму принциптеріне сәйкес келетін қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға көмектеседі.
Сервис көңіл сергіте ме?
Жол бойындағы қызмет – заманауи көлік инфрақұрылымының ажырамас бөлігі. Облыста жанармай құю станциялары, демалыс аймақтары, қонақ үйлер мен тамақтану пункттері кіретін жол бойындағы сервис кешендерін дамытуға едәуір көңіл бөлінеді. Магистраль бойында заманауи көпфункционалды кешендер құру жүргізушілер мен жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді. Осындай жобаларды табысты іске асырудың бір мысалы – «Қарағанды-Балқаш» тасжолының бойында жаңа жол бойындағы кешендердің құрылысы. Бұл кешендер заманауи жанармай құю станцияларынан бастап, кафелер мен медициналық пункттерге дейін жайлы және қауіпсіз саяхатты қамтамасыз ету үшін қажеттіліктің бәрімен әсте-әсте жабдықталып келеді.
Республикалық маңызы бар жолдар, әрі жол бойындағы сервисті дамыту бойынша «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұлов былай деп хабарлады.
– Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы 1853 шақырымды құрайды. Оның ішінде, 471 шақырымы қайта жаңартылуда. 513 шақырымдық бөлігіне жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал, 127 шақырым орташа жөндеумен қамтылған. Учаскенің жалпы ұзындығы – 363 шақырымдық «Қарағанды-Балқаш» жолында жұмыстар 85%-ға аяқталды. Асфальтбетон жабыны бар төрт жолақты жайластыру қамтамасыз етілді, сондай-ақ, айналма жолдар толығымен алынып тасталды. Бүгінгі таңда жабынның жоғарғы қабатын орнату және жолды абаттандыру жұмыстары қайта жанданды. Осы жылдың соңында учаскені тапсыру жоспарда бар, – деді Ерлан Жұмағұлов.
Сонымен, жол бойындағы сервистің заманауи құрылысы қауіпсіздік пен жайлылықтың барлық талаптарына жауап беретін сенімді және тиімді көлік жүйесін құруға бағытталған. Озық технологияларды енгізу, инфрақұрылымды дамыту және экологиялық аспектілерді есепке алу жол сапасын жақсартуға ғана емес, өңірдің жалпы дамуына да елеулі ықпал етеді. Бұл жобаларды табысты іске асыру үдерістің барлық қатысушыларының үйлестірілген күш-жігерін және елеулі инвестицияларды талап етеді. Бұл сайып келгенде, халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылауына және облыстың экономикалық өсуіне әкеледі.
Өз кезегінде өңір басшысы аз да болса, сапалы жұмыс жасаған дұрыс екенін атап өтті.
– Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, қалалар мен аудандардың әкімдері жол жөндеу жұмыстарын ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Сіздер бұл жұмысқа жеке жауап бересіздер. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен бірлесіп жұмыс барысында қолданылатын жол-құрылыс материалдарының сапасына сараптама жасау үшін шарттар жасасу қажет. Бұл – сіздердің кепілдіктеріңіз. Су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша инженерлік жұмыстар жоспарының уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz