Жоғалған жауынгер қоры
Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтарды тек қана 9 мамыр күні ғана емес, әрдайым еске алып, соғыс жеңімпаздарын ардақтайық. Ер есімі – ел есінде сақталуына архив қорындағы құжаттар дәлел. Елбасына күн туған, «ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» кезеңде Мұқаш ОСПАНОВ та майданға аттанады. Бірақ қырғын соғыс жүріп жатқан 1943 жылдың қара күзінде хабарсыз кеткендігі туралы бір жапырақ қағаз келеді. Сол жауынгер Мұқаш Оспановтың жерленген жері былтыр ғана анықталыпты.
Әңгімемізге арқау болған Мұқаш Оспанов 1903 жылы Семей облысының Белағаш ауданын- да кедей шаруаның отбасында дүниеге келген екен. Шешесі 1915 жылы қайтыс болады, әкесі 1919 жылы дүние салады. Он екі жастағы Мұқаш 1917 жылға дейін әжесінің тәрбиесінде болады.
Өз қолымен жазған өмірбаянында 1917-1920 жылдары татар приход училищесінде оқығанын, одан соң үш айлық педкурсты, педтехникумның 3-ші курсын кешкі бөлімде бітіргенін жазады. Одан соң Семейде бастауыш мектептің мұғалімі, мектеп меңгерушісі болып қызмет атқарады.
Сол жылдары әуелі комсомолға өтеді, екі жылдан соң комсо- молдың кепілдемесімен үміткер болып қабылданып, 1932 жылы КП(б)К қатарына қабылданады.
Бұл кезде Қарағанды Семей облысының құ- рамында болғандықтан, жас маманды өндірісі жаңа өркендеп жатқан болашақ кеншілер қаласына ұзақ мерзімдік іссапарға жібереді.
Ол мұнда келген соң әуелде №4 шахта жанындағы фабри- ка-зауыт мектебінде меңгеруші және мұғалім болыпты. Қанша дегенмен де, педтехникум бітірген маман және сауатты адам болғандықтан, оны қалада жаңа ашылған №1 қазақ орта мектепке директор етіп тағайындайды.
Мұнда бірнеше мектепте директор және мұғалімдік қызмет атқарады. Қалалық Кеңестің бірнеше рет мүшесі болады. Сауатты және өз ісіне тындырымды адам болған сияқты. Сондықтан да, оны Қарағанды облыстық халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары етіп тағайындайды. Келесі жылы Ленин аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңге- рушісі болады.
Бұдан соң оны 1939 жылы Қарағанды қаласы Ленин аудандық партия комитетінің ұйымдық-нұсқаушылық бөліміне меңгерушілікке жіберіледі. Қарағанды қаласында 1934-1936 жылдары кешкі Коммунистік жоғарғы оқу орнын бітіріп алыпты. Оның кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парағында да, өзінің өмібаянында да жазылмағанымен, көп қағаздардың ішінен Қарқаралы педтехникумына директор етіп тағайындалғаны туралы анықтама табылды.
Бұл оның техникумға жіберу туралы бұйрық шыққанымен, онда жібермей, Ленин аудандық партия комитетіне қызметке алып қалғандығын көрсетсе керек. Өйткені, сол уақытпен дәлме-дәл келеді.
Иә, сонымен, Қарағанды қаласындағы Ленин аудандық партия комитетінде қызмет атқарып жүр- ген Мұқаш Оспанов майданға аттанғанда артында жары Алтынжан, екі қызы мен екі ұлы қалады. Кейін Роза, Надежда, Уран дүниеден өтіпті. Бірақ артында алтындай-алтындай ұлдар мен қыздар қалған. Мұндайда дана халқымыз «Орнында бар оңалар» деп мақалдайтыны бар. Артында қалған ұрпақтары аталарын көрмесе де оның бір хабарын еститіндіктеріне, жауынгер аталарының із-түзсіз жоғалып кетпей, ерлікпен көз жұмғандығына кәміл сенетін. Сол сенім оларды алдамапты. Ақыры көптен күткен хабар жетті. Олар Ресей Федерациясы Орталық архиві арқылы майдангер атаның жатқан жерін анықтады.
Өткен жылы Әскери-медициналық архивтен келген хатқа қарағанда политрук Мұқаш Оспанов 1943 жылы қарашада сол жақ аяғынан жараланыпты. Мина жарықшағынан алған жарақаты асқынып, жұқпалы сепсис пен ишемиялық аурудан қайтыс болған. Мүрдесі Брянск жанындағы Злынка қаласындағы бауырластар зиратына жерленген. Сол күнгі ұрпақтарының, ұлы Ақынның қуанышында шек болмайды. Өйтпегенде ше, жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күнінде барлық көршілер қуанышпен тойлап, әкелерінің ерліктерін айтып мәз болып жатқанда бұлар ауыздарын аша алмай отыратын.
Бүгінгі күні олар Мұқаш Оспановтың 48-ші армияның 31-ші жеке автомобиль-санитарлық ротасының әскери комиссары (политрук) аға лейтенант болғандығын, рота жауынгерлерін сан мәрте жауға көтергенін, талай ерлік істерге барғандығын біліп отыр. Кеуделері толған қуаныш, әкеге, атаға деген мақтаныш. 2017 жылдың күзінде Брянск губернаторының шақыруымен аталарының қабірі басына барып, зиярат етіп қайтты. Елдің сәлемін жеткізді. Құлпытастағы жазуды сипап мауықтарын басты.
Мұның барлығын не үшін айтып отыр деп ойларсыздар. Өйткені біздің архивте Мұқаш Оспанов туралы талай тартымды құжат жиналды. Олардың біразы бұрыннан сақталған болса, біразын қазір Астана қаласында тұратын ұрпақтары жіберді. Қарап отырсақ, оның ішінде Мұқаш атаның соғысқа дейінгі өмірінен деректер беретін анықтамалар, бұйрықтар, түбіртектер, мақтау қағаздары, өз қолымен жазған өмірбаяны сияқты құжаттар көп.
Солардың барлығын жауынгердің балалары мен немерелері жоғалтпай сақтап, Мұқаш атаның әскери ерліктері туралы деректер жинап, облысымыздың мемлекеттік архивіне тапсырылды. Біздің архивте көптеген Ұлы Отан соғысының, бейбіт еңбек ардагерлерінің, белгілі өнер қайраткерлерінің, ғалымдардың, ақын-жазушылардың жеке тұлғалардың архив қорлары ашылған. Енді Мұқаш Оспанов туралы құжаттар мен фотосу- реттер, құнды деректер жеке өз алдына бір қор болып жиналды. Мұндай құжаттар халқына пайдасын тигізіп, жас ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелеуге өз үлесін қосады, ғылыми зерттеулерге арқау болады деп ойлаймыз. Біздің архивтің құжаттары күн өткен сайын толыға берері сөзсіз.
Жаңагүл ТҰРСЫНОВА,
облыстық мемлекеттік архивтің басшысы.