Облыс әкімі

Жезқалада іс – жүйелі

Жезқазған-Ұлытау өңіріне арнайы жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК мысты өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына зер салды. Онда мемлекет қолдауымен іске асырылып жатқан жобаларды тексерді. Халықтың мұң-мұқтажын шешіп, игілігіне айналуы керек бастамалардың шашау шықпай, уақытылы тапсырылуын қадап айтты.

ЖЕЗҚАЗҒАНДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛАДЫ

Жезқазған өңіріндегі онкологиялық науқастар облыс орталығына барудың қиындығына шағымданып, жезқаладан сондай орталық ашуды жергілікті билікке жеткізген еді. Бұл мәселе де шешімін тапты.

Жезқазғанда облыстық онкологиялық диспансердің филиалы ашылады. Жезқазған өңіріне жұмыс сапары барысында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды аралап көрді.

– Өткен екі жылда облыстық бюджеттен қаржыландыру және «Қазақмыс» корпорациясының көмегінің арқасында өңірдің медициналық мекемелерін жабдықтау жақсарды. Бірақ, бұл – жеткіліксіз. 2023 жылға дейін жасалған бірлескен бағдарламаны қабылдап, іске асыруға кірістік. Ол үш бағытты қамтиды: инфрақұрылымды дамыту, мамандарды тарту, материалдық-техникалық жабдықтау, – деді Жезқазған медициналық орталығын аралау кезінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев.

Онкологиялық орталыққа дайын типтік ғимарат таңдалған. Қазірдің өзінде мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқан жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қорытынды маусым айында деп күтілуде. Осыдан кейін қаржыландыру мәселесі шешіледі. Сонымен қатар, Жезқазғанда перзентхана бөлімшесі көпсалалы ауруханаға ауыстырылады.

Жеңіс Қасымбек медициналық орталықтың жағдайымен танысып, дәрігерлермен әңгімелесті.

– Жезқазғанда денсаулық сақтау саласын дамыту үшін біраз жұмыстар атқарылды. Мұнда модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. Мамандардың жетіспеушілігі әлі де бар, бұл мәселе шешіледі. Біздің міндет – өңір тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ, жоғары білікті медициналық көмек алуы үшін жағдай жасау, – деді облыс әкімі.

«ЖОШЫ ХАН» КЕШЕНІ ТУРИСТ ҚАБЫЛДАЙТЫН КҮН ЖАҚЫН

Туристер үшін бірегей нысан – «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені есігін айқара ашады. Кешен Алтын Орда дәуірін зерттеуге арналған ғылыми орталыққа айналады. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек кешеннің құрылыс алаңында болды.

Кешен кең аумақты алып жатыр. Құрылыс алаңы 2,5 мың шаршы метрді құрайды. Көрме залы, қонақ үй қарастырылған. Тарихи кешеннің айналасында көрмелер мен ұлттық бұйымдар, әшекейлер сатуға арналған киіз үй, шатырлары бар этноауыл пайда болады.

Жұмыстардың 90 пайызы атқарылған. Құрылысшылар үй-жайлардың ішін әрлеуде. Сондай-ақ, инженерлік желілерді қосу, аумақты абаттандыру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.

Кешеннің ауласында Жошы ханның бес метрлік гранит ескерткіші тұрғызылды.

Кешеннің ішінде дизайнерлер 3D форматында ежелгі қаланың жобасын жасайды. Оның базасында отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференциялар, симпозиумдар, сондай-ақ, оқушыларға арналған көшпелі тарих сабақтарын өткізу жоспарда бар.

Жеңіс Қасымбек Жезқазғандағы жаңа тұрғын үй құрылысының барысымен де танысты. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл қалада несиелік тұрғын үй беру үшін үш көпқабатты үй пайдалануға беріледі. Тағы бір көпқабатты үйде жалға берілетін екі блок аяқталады. Екі көпқабатты үйді жеке инвесторлар салуда. Бұдан басқа, жеке тұрғын үй құрылысында да даму бар.

Облыс әкіміне қаланы газдандыру және жылу желілерін жаңғырту туралы баяндалды. Апатты және ескі үйлер мәселесін шешу қалай ілгерілеп жатқаны айтылды. Биыл 24 үйді көшіру жоспарланған.

Аймақ басшысы Жезқазған жоғары политехникалық колледжіне барды. Оқу орнында оған болашақ құрылысшылар мен энергетиктерге арналған құзыреттілік орталықтар көрсетілді.

ЕСҚҰЛА СУАҒАРЫ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛЕДІ

Сәтбаев қаласында биыл Есқұла суағарын қайта қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталады.

Қаражаттың жетіспеуіне байланысты жоба бірнеше жыл бойы кейінге қалдырылды. Бүгінде құрылыстың соңғы кезеңі жүріп жатыр.

– Екі резервуар, сорғы станциясы, хлоратор станциясы салынады. Нысанның іске қосылуы Сәтбаев пен Жезқазған тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз етеді. Мақсат – Жезқазғанға дейін су жеткізу, – деді облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Қала үшін тағы бір маңызды нысан – қосымша кәріз коллекторындағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа шағын аудандардың пайда болуына байланысты қазіргі коллектор жүктемеге төтеп бере алмайды. №8 шағын ауданнан тазарту құрылыстарына дейін сарқынды суларды бұру бойынша сегізінші құбыр желісін салу туралы шешім қабылданды. Жоба «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек 16 пәтерлі төрт қабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды. Бұл үйден кезекте тұрған қала тұрғындары үй алады. Әзірге екі қабат тұрғызылды. Дегенмен, құрылысшылар биылғы күзде қоныстойы тойланады деп уәде берді.

Сонымен қатар, жеке инвесторлардың қаражаты есебінен Сәтбаев қаласында тағы үш үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қалалық әкімдік онда көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға 15 пәтер сатып береді. Сәтбаев қаласында да 320 орындық балабақша салынады. Бұл күні шатырлау, әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі қаладағы жолдардың жөнделуін де тексерді. Абаттандыру кезінде биыл Сәтбаев қаласындағы 75 аулаға асфальт төселіп, 15 көше орташа жөнделеді.

Бұрынғы «Юность» стадионы да жаңғырады. Мұнда геодезиялық жұмыстар қолға алынған. Толық қалпына келтірілген спорт ғимаратында жеңіл атлетика орталығын ашу жоспарлануда.

ҰЛЫТАУ – ЭТНОТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУЫ КЕРЕК

Ұлытауда туризмді, тұрғын үй және демалыс салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Ауылда екі 16 пәтерлі және екі 8 пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сапар орталығы салынды. Ұлытау ауданында аймақ басшысы төрт көппәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңдарына барды. Құрылыс жеке инвестициялар есебінен жүргізілуде. Тұрғын үй сатып алу құқығымен жалға беріледі.

Облыс әкімі ауданда туризмді дамытудың драйвері болуы тиіс сапар-орталыққа барды. Онда туристерге ыңғайлы жағдай жасалған. Қо[1]нақ үй, конференц және ақпараттық залдар бар. Сапар-орталықта туристер Ұлытаудың табиғи және тарихи ескерткіштері туралы ақпаратты көрнекі экспозиция түрінде алады. Ұлытау келешекте этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс.

Жеңіс Қасымбек Қарсақпай кентін де назардан тыс қалдырмады. Биыл пайдалануға берілуі тиіс 100 орынға есептелген ДСК-ны барып көрді. Ол 100 орынға есептелген. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев спорт кешенінде жылу беру орталық жүйе арқылы шешілетінін атап өтті. Жөндеуді қажет ететін Қарсақпай агротехникалық колледжінде облыс басшысына құрылыс жұмыстарының нәтижесі көрсетіліп, оқу процесін ұйымдастыру туралы айтылды. Бүгінде мұнда 120 адам оқиды. Ұлытау ауданы бойынша жұмыс сапарының соңында Жеңіс Қасымбек Қарсақпайдағы ДСК құрылысының барысын бақылауды тапсырды.

– Нысанды уақытында тапсырып, тұрғындар күзде осында жұмыс істеуі тиіс, – деді әкім.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button