Жеткіншек қылмысқа неге үйір?
Жасөспірімнің тәртібінен оның айналасындағы, отбасындағы, мектебіндегі жағдайды байқауға болады. Өйткені, олардың мінез-құлқы мен өмір салты арқылы қоғамның әлеуметтік ахуалы, отбасылық құндылықтары мен білім беру жүйесінің деңгейі көрініс табады. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесі өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында балалардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін, олардың құқығы мен қауіпсіздігіне селқос қарауға жол берілмеуі керектігін үнемі ескертеді. Президенттің осы тапсырма аясында облыста балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға ден қойылған.

Құқықбұзушылық динамикасы қандай?
Дерекке сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша облыс аумағында кәмелетке толмағандар тарапынан 45 қылмыс жасалған. Құқық қорғау органдарының деректеріне сәйкес, қылмыс жасаған 28 жасөспірім ұсталған (2024 жылы – 32). Олардың ішінде мектеп оқушылары – 9 (өткен жылы – 3), колледж студенттері – 17 (2024 ж. – 15), жоғары оқу орындарының студенттері – 1 (2024 жылы – 6), жұмыссыз және еш жерде оқымайтын – 1 жасөспірім бар. Бұл көрсеткіштер мектеп пен колледждерде тәрбие жұмысының қазіргіден де жүйелі жүргізілуі қажеттігін көрсетіп отыр.
Қала тұрғыны, төрт баланың анасы Ләззат Әминқызы жасөспірімдер арасындағы қылмысқа алаңдаулы екенін айтады.
– Соңғы кезде жаңалықтардан балалардың құқық бұзғанын, түнгі уақытта көшеде жүргенін жиі еститін болдық. Бұл – бәріміз үшін дабыл қағатын мәселе. Балаға ең бірінші тәрбие отбасынан берілуі керек. Ата-ана баласының кіммен араласатынын, қайда жүргенін, немен айналысатынын бақылап отыруға міндетті. Бәрін мектепке немесе полицияға ысырып қою дұрыс емес. Қоғам боп жұмылмасақ, бұл мәселе ушыға береді. Өзім балаларыммен үнемі сөйлесіп, сенімге негізделген қарым-қатынас орнатуға тырысамын. Себебі, тәрбие – шектеу емес, түсіндіру мен қамқорлықтан тұрады, – дейді ол.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта жеке профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударылуда. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар оқу орындарымен бірлесіп, девиантты мінез-құлықты балаларды арнайы білім беру ұйымдарына анықтап, жолдауды қамтамасыз етуде.
Жыл басынан бері Тараз және Алматы қалаларындағы арнайы мектептерге – 9 жасөспірім, Шығыс Қазақстан облысындағы ерекше режимдегі арнайы мектепке – 1 жасөспірім жіберілген.
Бұл шаралар әлеуметтік қауіп-қатері жоғары балаларды дер кезінде оқшаулап, олармен мақсатты тәрбие жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүруі әкімшілік құқық бұзушылықтардың ең көп тараған түрі болып отыр. Нақтырақ айтсақ, есептік кезеңде 2 714 ата-ана кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін жалғыз жүруіне жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, 62 ойын-сауық орнының иесі жасөспірімдерді түнгі уақытта қабылдағаны үшін жазаланыпты.
Полиция департаменті бұл бағыттағы бақылауды күшейтіп, жасөспірімдердің түнгі өміріне тосқауыл қою мақсатында рейдтік іс-шараларды жиі өткізіп келеді.
Қауіпсіздік қаперден шықпауы тиіс
Жаз мезгілінің басталуымен облыс аумағында балалардың бос уақытын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізу үшін кешенді жұмыстар атқарылуда. Биыл 9 қала сыртындағы лагерьде (оның ішінде 1 – ұлттық киіз үйлі лагерь) 11 мыңнан астам балаға демалыс ұйымдастыру жоспарланған.
Сонымен қатар, 288 мектеп жанындағы лагерьде 30 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр.
Балалар лагерьде демалып қана қоймай, пайдалы ақпараттарға да ие болады. Ол үшін ювеналды полиция инспекторлары тәулік бойы кезекшілік атқарып, балалармен құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Бұған қоса, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, балаларды демалыс орындарына тасымалдау кезінде арнайы патрульдік көліктермен ілесіп жүру ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.
Облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бағдат Кәкімовтің айтуынша, осы жылдың 6 айында облыс аумағында бірқатар қайғылы оқиға орын алған.
– Атап айтсақ, 18 жас бала терезеден құлап кеткен. Оның ішінде, 2 жағдай өліммен аяқталған. Одан бөлек, 7 бала су айдындарында (рұқсат етілмеген жерлерде) батып кеткен, – дейді Бағдат Кәкімов.
Осыған орай, учаскелік инспекторлар мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірлесіп, жағалау аймақтарын патрульдеу, рұқсат етілмеген жерлерді аралау, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары мен нұсқаулықтар жүргізу шараларын белсенді жүргізіп жатыр.
– Балалар – ел болашағы. Олардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қызметіміздің басым бағыты. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақыты қауіпсіз әрі тиімді өтуі үшін бар күшімізді салудамыз. Құқықбұзушылықты тыюдың ең тиімді жолы – жүйелі профилактика. Біз ата-аналармен, оқу орындарымен, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істейміз, – деп толықтырды Бағдат Кәкімов.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»