Жетістіктің іргетасы ізденісте
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адал азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңірген дарынды, еңбекқор, талапты жастарды әрдайым қолдайтынын айтты.
«Қазір Қазақстанды өркендете түсу үшін тың серпіліс қажет. Біздің алдымызда ел экономикасының құрылымын қайта түзу, саяси жүйені одан әрі жаңғырту және шын мәнінде әділетті әрі инклюзивті қоғам қалыптастыру сияқты ауқымды міндеттер тұр. Осы орайда білім беру саласына инвестиция салу және азаматтардың өз әлеуетін толық пайдалануына мүмкіндік жасау өте маңызды», – деп атап өтті Президент.
Экономика ғылымдарының кандидаты, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты Азамат Дүйсембаевтың айтуынша, Қазақстанда озық ойлы әрі білікті кадр резервін қалыптастыруға зор септігін тигізетін бағдарламалар көп.

– Азамат Алдашұлы, көбінесе «Өркениет өлшемі – ғылым мен білімнің даму көрсеткішіне байланысты» дейміз. Былтыр елімізде ғылымның дамуындағы жаңа кезең басталды. Сіздің ойыңызша Қазақстанда қазір ғылым саласы қалай дамып жатыр?
– Соңғы жылдары Қазақстанда ғылым саласын дамыту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Әсіресе, 2023 жылдан бастап, ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай артты. Ғалымдардың жалақысын көбейту, ғылыми жобаларға грант бөлу, жас зерттеушілерді қолдау сияқты шаралар осы саланың стратегиялық маңызын дәлелдей түсті.
Алайда, әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер бар. Мәселен, ғылым мен бизнестің өзара байланысы толық жолға қойылмаған. Әзірленген ғылыми жаңалықтардың өндіріске іс жүзінде енгізілмей, қағаз жүзінде қалып қойып жатқандары да жоқ емес. Тағы бір маңызды мәселе – халықаралық деңгейдегі интеграция. Біздің ғалымдарымыздың шетелдік журналдарда мақалалар жариялауы сандық тұрғыдан көбейгенімен, бірлескен зерттеулер жүргізу, халықаралық жобаларға қатысу жағынан әлі де серпіліс қажет.
– Бүгінгі таңда қазақстандық ғалымдар медициналық биотехнология, трансплантология, геология, минералды және көмірсутекті шикізатты өңдеу саласындағы заманауи әзірлемелерге қатысып жатыр. Соңғы 5 жылда ғылымға жұмсалған қаражат Президент атап өткендей, 60%-ға өскенімен, жалпы ішкі өнім құрылымындағы ғылымның үлесі төмен – 0,13%-ды құрап отыр.
– Президенттің ғылымды ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде қарастыруы – мемлекет тарапынан ғылымға деген көзқарастың өзгеріп, нақты қолдауға бет бұрғанын білдіретін болса керек. Ғылымды дамытуға ден қойған елдердің тәжірибесіне жүгінсек, ғылыми жаңалықтарды әзірлеуге ЖІӨ-нен Оңтүстік Корея – 4,93%, Бельгия – 3,46%, АҚШ – 3,46%, Швеция – 3,42% үлес бөлген. Енді бұл мемлекеттердің ЖІӨ көлеміне назар аударайық. Мысалы, АҚШ-тың 2023 жылғы ЖІӨ шамамен 28 трлн долларды құраған. Оның 3,46 пайызы – 9 трлн долларға жуық. Бұл ғылымға қаншалықты салмақты инвестиция салынғанын көрсетеді.
Білім мен ғылым саласында қызмет етіп жүрген маман ретінде ғылымды нақты секторлармен байланыстыруды ұсынамын. Қазақстан – табиғи ресурстарға бай ел. Сондықтан геология, пайдалы қазбаларды терең өңдеу, «жасыл энергетика», ауыл шаруашылығын цифрландыру сынды салаларда ғылым мен өндіріс арасында тығыз байланыс орнату қажет.
Осы орайда Қарағанды Бөкетов университетінде қазіргі заман талабына сай жаңа ғылыми-зерттеу технопаркі 2023 жылдан бері ғалымдар мен білім алушылардың игілігіне берілген. Қазіргі «Жас ғалым» жобасынан бөлек, 35 жасқа дейінгі зерттеушілерге арналған микрогранттар, стартап-гранттар және шетелдік тағылымдама бағдарламаларын кеңейту қажет. Қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар шетелдік серіктестермен бірлескен жобалар жүргізіп, екіжақты зертханалар ашып, халықаралық консорциумдарға белсенді қатысуы қажет. Бұл – тәжірибе алмасу мен инновацияны енгізудің тиімді жолы.
– Президент ғылым дерексіз, яғни, абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс екенін де атады. Қалай ойлайсыз, ғаламдық масштабта ойлайтын тұлғаларға потенциал қайдан келеді?
– Ғаламдық масштабта ойлайтын тұлғалардың потенциалы білім мен тәрбие жүйесінен бастау алады. Басты ерекшелігі – олар әрқашан өзінен үлкен мақсатқа ұмтыла отырып, қоғамға, әлемге пайда әкелуді көздейді. Креативті, жаңашыл, ізденіс үстіндегі ортаның ішінде өскен адам үнемі ізденуге, ойлануға, ой бөлісуге дағдыланады. Осы кезеңде, университеттер мен ғылыми орталықтардың атмосферасы, жетекшілердің көзқарасы, пікір алмасу мәдениеті үлкен рөл атқаруы тиіс. Әлемдік деңгейде ойлайтын мамандар жиі шетелдік тағылымдамалардан өтеді, кең көкжиек қалыптастырады. Бұл олардың идеялық шекарасын кеңейтетіні сөзсіз.
– «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстанның брендіне айналды. 2024 жылы бағдарлама бойынша оқу үшін 555 стипендия бөлініпті. Бағдарлама арқасында креативті азаматтардың тұтас шоғыры қалыптасты деп айта аламыз ба?
– «Болашақ» бағдарламасы қоғамда креативті, жаңашыл ойлайтын азаматтардың тұтас шоғырының қалыптасуына ықпал етті. Алайда, олардың мемлекеттік жүйелерде және секторларда өз ойларын іске асыра алуы – бұл басқа маңыздылық. Бағдарлама шетелде білім алуға мүмкіндік беріп, жастардың көзқарасын кеңейтіп, озық тәжірибелерді елге алып келуге мүмкіндік жасады. Стратегиялық тұрғыда әр кезең сайын бағдарлама өзектілігін жоғалтпай, мемлекеттің дамуына қажетті салаларға бағытталғанын байқаймыз. 500-ден астам стипендияның бөлінуі еліміздің адами капиталына деген сенімін және ұзақ мерзімді көзқарасын көрсетеді.
– Джордж Вашингтон университетіндегі оқуыңызды жалғастырып жатырсыз. Осы орайда түлектерге кеңес ретінде АҚШ-тың ғылымы мен жалпы ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз?
– АҚШ-тың білім беру жүйесі мен ғылыми инфрақұрылымында әрбір студенттің жеке зерттеу бағытына үлкен мән беріледі. Университет кітапханалары тәулік бойы, яғни, 24/7 режимінде жұмыс істейді. Онда білім алушылардың өз бетімен дайындалғанын көріп, студенттік кезеңге қайта оралғың келеді. Оқу процесіне қажетті креативті digital студиялар, мамандандырылған бейнеконференцияға арналған кабинеттер, интерактивті тақталар мен түрлі электрондық құралдар – қалыпты жағдай ретінде қабылданады.
Білім беру жүйесінің басты ерекшелігі – академиялық еркіндік, ойлау еркіндігі мен креативтілікке басымдық берілуі. Сондай-ақ, дәріс беретін профессор-оқытушылар қауымының көбі – нақты салада практикалық тәжірибесі бар мамандар. Мұндай мамандардан білім алу – студенттер үшін ерекше мүмкіндік. Болашағына сенімді, мақсаткер жастар үшін Америкада білім алу – ағылшын тілін жетік меңгергендерге әлдеқайда жеңіл. Ең бастысы – сенім.
– АҚШ-та Евней Бөкетовке арналған конференцияның өтуіне мұрындық болғаныңызды әлеуметтік желіден көрдік. Шетел ғалымдарының академик Бөкетов мұрасына қызығушылығы қандай?
– Академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығына арналған «Вашингтондағы Бөкетов күні» ғылыми-танымдық іс-шарасына дейін оны танып, біле қоймаған Бизнес мектебі басшылығы мен профессорлар қауымы шынайы ықыласпен қолдау көрсетті. Мұндай маңызды шараны шет мемлекетте, әсіресе, АҚШ секілді алпауыт елде өткізу оңай емес екені белгілі.
Мамыр айының басында, қазақ ғылымының алыбы – Академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығы мен қазақ әдебиетінің абызы – Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына орай Вашингтон және оған жақын орналасқан штаттардағы қазақтардың қатысуымен мини-футболдан турнир өткізу жоспарда.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ
«Ortalyq Qazaqstan»