Жетістік – баршылық, мәселе ескерусіз қалмайды
Қарағандыдағы «Трилистник» және «Панель-центр» ықшам аудандарындағы проблемалы үйлер құрылысы аяқталуға жақын. Пәтерлер кілті желтоқсанның ортасында тапсырылады. Келесі жылы Жаңаарқа, Осакаров аудандары мен Шахтинск қаласында газ желісін тарту жұмыстары басталады. «АрселорМиттал Теміртау» шахталарын аудит күтіп тұр. Осы және өзге де мәселелер туралы облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК кеше Елордада өткен баспасөз мәслихатында кеңейте әңгімеледі.
Алдымен әкім аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.
– Соңғы айда облыс бойынша ковид ауруы 2,3 есе азайды. Соған байланысты ауруханалардағы инфекциялық орындардың жүктемесі 35%-дан 22,9%-ға дейін қысқарды. Дегенмен, біз кез келген жағдайға дайынбыз. Резервте 44 стационар мен 8 мыңнан астам медицина қызметкері бар. Бұл ретте жоспарлы медициналық көмекті толық көлемде көрсету сақталып отыр. Коронавирусқа қарсы жаппай иммундау жалғасуда. Облыста вакциналық препараттар жеткілікті. 29 қарашадағы жағдай бойынша өңірде иммундаумен қамту 64,8%- ды құрады. Сонымен қатар, екі аптадан бері жасөспірімдер мен жүкті әйелдерді, бала емізетін әйелдерді Файзер вакцинасымен егу жүргізіліп жатыр. 2892 адам вакцина алды, – деді Жеңіс Махмұдұлы.
Сонымен қатар, аймақ басшысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы сөз қозғады. Биылғы 10 ай қорытындысы экономиканың барлық негізгі салалары бойынша өсімді көрсетті. Өнеркәсіп өндірісі 0,1%-ға өсіп, 3,4 трлн. теңгеге жетті. Оның ішінде, қара металлургияда – 12,4%, жеңіл өнеркәсіпте –11,9%, фармацевтикада – 5,8 есе өсім бар. Тұрғын үй құрылысы рекордтық межені бағындырды. 662 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артық. 2600-ден астам отбасы мемлекеттік арендалық және кредиттік тұрғын үй алады. Оның 621-і – көпбалалы отбасы. Кейінгі уақытта түрлі себептермен іркілген құрылыстар да аяқталмақ.
– Проблемалы құрылыстар қатарына қосылған «Трилистник» және «Панель-центр» ықшамаудандарындағы үйлер құрылысы тәмамдалады. Алдағы желтоқсан айының ортасында пәтерлер кілтін тұрғындарға тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді әкім. «Абай» шахтасындағы апаттан кейін тілшілер тарапынан көмір өнеркәсібіндегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты сауал жиі қойылатыны күтілген-ді. Экология саласы да қалам ұстаған қауымды алаңдатты. Үкіметтік комиссия апатқа жұмыс берушіні кінәлі деп танығаны белгілі. Ал, Келісу комиссиясының шешіміне сәйкес, «АрселорМиттал Теміртау» келесі жылдың 1 ақпанына дейін 8 шахтадағы өндірістік процеске жұмылдырылған активке аудит жүргізуі тиіс.
– Аудит нәтижесіне сәйкес қызмет ету мерзімі өткен жабдық есептен шығарылады. Қазіргі таңда салалық министрлік пен компания арасында инвестициялық келісім жасалуда. Келісім шеңберінде алдағы 5 жылда компания 3 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға міндеттеледі. Инвестицияның 35 пайызы көмір департаментіне – жабдықтарды жаңартуға бағытталады, – деді әкім.
Жезқазған, Теміртау және Балқаш қалаларында экологиялық мәселе өткір тұр. Бұл қалаларда «Қазақмыс» пен «АрселорМиттал Теміртау» компанияларының зауыттары орналасқан. Бүгінде қос алпауытпен қоршаған ортаға шығаратын қалдықтарды азайту бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл ретте газдандыруға жіті көңіл бөлініп отыр. Яғни, өндірістік процесте көмір орнына көгілдір отынды қолдану қажет. «АрселорМиттал Теміртау» 2025 жылға дейін өндірістің бір бөлігін газға қоспақ. Жылына 300-600 миллион текше метр көлемінде газ сатып алады. Яғни, атмосфераға шығатын қалдық 30 пайызға кемиді. Ал, жалпы, газ желісі Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларында 3 мың үйге тартылды. Тариф бекітілді. Бір текше метрі 40,8 теңге тұрады. Бүгін Қарағанды мен Теміртауда, апта соңына дейін Жезқазғанда газ берілмек. Саранда газ желісі құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін тәмамдау жоспарда. Келесі жылы наурызда Жаңаарқа, Осакаров аудан дары мен Шахтинск қаласында желі құрылысы басталады. Моноқалалар тұрмысы да брифингте көтерілді. Әкім моноқалалар әл-ауқатын арттырудың бірден-бір жолы – шағын және орта бизнесті дамыту екенін айтты.
– Шағын және орта бизнес саласына облыстың әрбір үшінші тұрғынының қатысы бар. Он ай ішінде жұмыс істеп тұрған нысан саны 5,3 пайызға өсіп, 93 814-ті құрады. Мемлекеттік бағдарлама аясында 3,7 мың жобаға 116,4 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Жыл соңына дейін тағы 700 жобаға қаржы бөлуді қарастырып отырмыз. Кәсіпкерлікті дамытудағы моноқалалар үлесі 30 пайыздан асады. Бұл қалалардағы кәсіпкерлердің қаржыландыруға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін «Атамекен Қарағанды» ұйымын іске қостық. Бұл бағытта бюджеттік және қалақұраушы кәсіпорындар қаржысын тартып отырмыз. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 1,8 млрд. теңге, «Казцинк» компаниясы арқылы 200 млн. теңге қаржы бөлінді, – деді Жеңіс Махмұдұлы.
Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, моноқалалардың экономикасын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп отырғандығына да тоқталды. Облыста өңдеу өнеркәсібіне қатысты бірнеше ірі жоба іске асырылуда.
– Саран қаласындағы бұрынғы РТИ зауытының алаңында Индустриялық аймақ құрылды. Қазір «Ютонг» маркалы автобустар шығаратын зауыт жұмыс істейді. Ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірге «KamaTyresKZ» автомобиль шиналарын шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде. Зауыт келесі жылдың қараша айында іске қосылады. Биылғы жылғы 20 қазанда Президенттің қатысуымен Жәйрем кен-байыту комбинатының жаңа полиметалл фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорында жылына 5 миллион тоннаға жуық кен өңделеді. Жаңа фабрика моноқалаға келешекте 100 жылға дейінгі жұмыс перспективасын қамтамасыз етеді, – деді әкім.
Мемлекет басшысының моноқалалардағы шағын және орта бизнесті 5 пайыздық жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы өңірлердің дамуына қосымша серпін берді. – Мемлекет қамқорлығы арқасында Балқаш және Жезқазған аймағында туризмді дамытуға мүмкіндік алдық. Балқашта инженерлік коммуникация тартылып, қызмет көрсету инфрақұрылымы салынып жатыр. Ұлытау ауданында Жошы хан кесенесі жанында кешен мен сапаржай құрылысы аяқталды, – деді әкім.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасының аймақтағы аяқ алысы назардан тыс қалмады. Жоба шеңберінде соңғы үш жылда 38 ауылдық елді мекеннің жолы жөнделді. Сонымен қатар, облыста бір жарым мың шақырым автожол жөндеуден өтті. – Республикалық маңызы бар 674 шақырым жолды және жергілікті желінің 800 шақырымнан астамын реконструкциялау жалғасуда. Жалпы ұзындығы 513 шақырым болатын Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал жаңа жолымен жүру қамтамасыз етілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, келесі жылға толық аяқтау жоспарланған. Келесі жылы Жезқазған – Қызылорда автожолының Қарағанды облысы учаскесінде жол-құрылыс жұмыстары басталуы тиіс. Сапалы жол Жезқазған мен Сәтбаевтың сауда-көлік байланысын күшейтуге, сондай-ақ, жүк транзитін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Жеңіс Қасымбек. Журналистерді спорттың дамуы да қызықтырды. Балалар спортын дамыту қарқынына қатысты сауал жолданды.
– Облыста балалардың спорт мектептеріне тегін кіруіне 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қаржы спорттың 17 түрлі секциясына бес мыңнан астам жас қарағандылықтарды тартуға мүмкіндік берді. Дене шынықтыру мен спорттың қолжетімділігі жаңа спорт алаңдарын салу есебінен қамтамасыз етіледі. Биыл облыста 13 ірі спорт нысаны салынуда. Төртеуі аяқталу сатысында. Олар – Ұлытау ауданының Қарсақпай ауылындағы кешен, Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентіндегі бассейн, Нұра ауданының Нұра кентіндегі кешені және Қарағандыдағы Қ.Байшолақов атындағы спорт кешені, – деді әкім.
Бұдан өзге, қоғамдық көлік, жол сапасы, жылыту маусымы, әлеуметтік салаға қатысты мәселелер әңгімеге өзек болды. Бұл сауалдардың барлығы әкім тарапынан тиісті жауабын алды.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.