Білім

Жерасты жылыжайы – тың жоба

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ғылым саласын дамыту мəселесі бойынша «Бізге тың көзқарас пен жаңа тəсілдер керек, сондай-ақ, халықаралық тəжірибеге арқа сүйеуіміз қажет» деген болатын. Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарында шетелдік филиалдардың ашылуы, жас ғалымдарға грант, жалпы ғылымның дамуына көңіл бөлініп жатқаны – соның дəлелі. Жоғары білім саласы заман ағымына ілесіп, сапалы маман даярлауға дағдылануда. Мəселен, өңірдегі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіндегі жерасты жылыжайының салынуы – оқытушылар мен студенттер үшін тың жаңалық болып отыр. Тіпті, бұл Қарағанды қаласындағы алғашқы жерасты жылыжайы десе де болады.

Жерасты жылыжайы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің биология-география факультетінің аумағында салынып жатыр. Бұл жылыжай аталған жоғары оқу орнында даярланатын биолог, биотехнолог мамандары, магистрант, докторанттар үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

– Университет аумағында жылыжай салу идеясы осыдан 15 жыл бұрын айтылған. Ғалымдар ол кезде жер үстіндегі жылыжай салу мəселесін қарастырды. Бірақ, Қарағандының қысы қатты, жазы ыстықтығын ескере келе, жер астындағы жылыжай салуды мақсат еттік.

Бұл энергияны үнемдеуге жəне тұрақты температураны сақтауға мүмкіндік береді. Жерасты жылыжайлары Солтүстік Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Соның негізінде осыдан үш жыл бұрын Сəтбаев қаласында жеке кəсіпкер термос жылыжайын салған болатын.

Университет ғалымдары сонда барып, жылыжайдың жайымен танысып, тəжірибе алмасып қайтты, – деді университеттің биология-география факультетінің деканы Серікболат Талжанов.

Биыл сəуір айында басталған құрылыс нысаны қыркүйек айының алғашқы күндерінде толық салынып бітеді деп жоспарланған. Бас мердігер – «CK NEW CITY» ЖШС.

Қазіргі уақытта жалпы аумағы 250 шаршы метрді құрайтын жерасты жылыжайының құрылысы қызу жүріп жатыр. Ұзындығы – 45 метр, ені – 5 метр, тереңдігі – 6 метр. Жылыжай жер бетінен 80 см-ге шығып тұрады, қалған бөлігі жылуды жыл бойына бір қалыпты сақтап тұру үшін жер астына орналастырылады. Мұнда тұрақты температура – +20-25 градус.

Озық технологиямен салынып жатқан мұндай жылыжай Қарағанды облысы бойынша Сəтбаев қаласында ғана бар. Ал, Қарағандыда жерасты жылыжайы университетте оқу-өндірістік мақсатта алғаш рет салынуда.

Жерасты жылыжайы

Университет басшылығы осы жылыжайды салуға 200 млн. теңге қаржы бөлген.

– Термос жылыжайдың ішінде өсірілетін барлық гүл, ағаш сынды өсімдіктер Бөкетов университетінің оқу ғимараттарымен қатар Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс аумағын қамтуға күші жетеді, – дейді биология-география факультетінің деканы Серікболат Талжанов.

Оның айтуынша, бұған дейін далалық практикаға шыққан университет студенттеріне жерасты жылыжайы тəжірибе жасауға мүмкіндік береді.

Мұнда 2 секция болады. Олардың бірі студенттерді оқытуға жəне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған. Екінші бөлімде қажеттілік үшін өсімдіктер өсіріледі жəне тəлімбақ жасалады.

Термос жылыжай құрылысымен қатар, университеттің бас ғимараты мен №3 ғимараттың арасында абаттандыру жұмысы бірге жүргізіліп жатыр. Абаттандыру бойынша университет аумағына қылқан жапырақты жəне жалпақ жапырақты ағаштың 15 түрлі сұрпынан жалпы саны 735 ағаш отырғызылған. Өсімдіктерді автоматты суару жүйесі орнатылған.

Жерасты жылыжайы жыл бойы көкөніс өсіруге мүмкіндік беретін нысан ретінде əлем елдерінде кеңінен қолданылады. Қысы суық, климаты əр текті аймақтарды көкөніспен қамтуда зор мүмкіндік беретінін айтады мамандар. Ашық деректегі мəліметтерге сүйенсек, жерасты жылыжайларда термоске тəн жылу сақтау жүйе əрекет етеді. Қыста жəне жазда температура ауытқуы айтарлықтай емес, жыл бойына дерлік тұрақты.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button