Жемқорлықпен күрес – қарқынды

    Жуырда Қарағанды облысының Мемлекеттік кірістер департаментінде ішкі қауіпсіздік басқармасы ішкі тергеу бөлімінің басшысы Қазбек ҚЫЗЫРОВТЫҢ қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Биыл облыстың Мемлекеттік кірістер департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және анықтау жұмысын жандандыру, сонымен қатар, департаменттің жеке құрамы арасында сыбайлас жемқорлыққа жол беруге төзбеушілік принципін енгізу мәселесі бойынша түрлі ұйымдастыру-тәжірибелік шараларын қабылдады.

Сыбайлас жемқорлыққа жетелейтін қылмыс пен заң бұзушылықтың алдын алудың басты құралы – департаменттің жеке құрамы арасындағы сыбайлас жемқорлықты анықтап, жолын кесу. Осы жылы департаменттің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі бірыңғай тізілімінде 14 сотқа дейінгі тергеу ісі тіркелсе, соның 9-ы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс.

Аталған 14 қылмыстық істің төртеуі – ҚР Қылмыстық кодексінің 361-ші бабы, 2 іс – пара алу фактісі, 2 іс – ҚР Қылмыстық кодексінің 215-ші бабы бойынша қозғалды. Пара алудан бөлек, қызмет бабын пайдалану фактілері де орын алуда. Сондықтан, департамент тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты дөңгелек үстелдер, түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіледі. Алайда, өткен жылмен салыстырғанда биыл департамент қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық пен пара алуға қатысты заң бұзушылықтары төмендегені байқалады, – деді Қазбек Қызыров.

Департаменттің ішкі қауіпсіздік бөлімшесі бюджетке төленетін салықтан және өзге де міндетті төлемдерден бұлтарған азаматша Ж.Ташкенбаеваның істі қараған қызметкерді пара алуға итермелеген әрекетінің алдын алды. Айыпталушы тұлға департаменттің экономикалық тергеулер қызметінің маманына заңсыз 27000 АҚШ долларын ұсынған қылмысы үстінде ұсталды. Сот шешімі бойынша Ж.Ташкенбаева жалпы режимдегі түзету колониясында жазасын өтеу үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның тарапына қатысты сыбайлас жемқорлықтың орын алғанын дер кезінде хабардар еткен департаменттің экономикалық тергеулер қызметінің маманы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер Комитетінің төрағасының атынан ақшалай сыйақы иеленді.

Өткізіліп жатқан сараптама жұмыстары мен жедел іздестіру шараларының қорытындысы бойынша, биыл 6 маусымда Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасының және Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаментінің мамандарымен бірлесе жүргізілген жасырын тергеу жұмыстары негізінде, қызметінің мүддесіне қарамастан, өзі және өзгелердің пайдасына орай, қызмет бабын пайдалана отырып, «Береке – 2010» ЖШС-нің жалған кәсіпкерлік қызметін жасырған Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы С.Ыдрысовтың заңсыз әрекеттері әшкереленді. Сол күні С.Ыдрысов ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128-ші бабына сәйкес қамауға алынып, Қарағанды қаласының уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Аталған сотқа дейінгі тергеу нәтижелерінен бөлек, С.Ыдрысовтың тарапынан өзге де жалған кәсіпкерлікті жасыру фактілері анықталды. Бүгінгі күні барлық қылмыстық істер бір өндіріске біріктіріліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.