Медицина

Желшешек және оның алдын алу

Қарағанды облысында биылғы жылдың 9 айы аралығында желшешектің өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 41%-ға төмендеуі байқалады. Желшешек – балалар арасында ең көп таралатын аурулардың бірі. Науқастардың жалпы санының негізгі үлесін 14 жасқа дейінгі балалар (84%) құрайды. Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына баратын  балалар жиі ауырады – 33%, оқушылар – 28%,  студенттер – 3,2%, басқа контингенттер – 9,4 %. Аурудың жоғары көрсеткіші күзгі-қысқы кезеңде байқалады.

Сурет: farmani.ru

Желшешек – қызба, интоксикация және везикулезді бөртпелермен сипатталатын жіті инфекциялық ауру. Ауру, ең алдымен, дене температурасының 37,5 ℃-тан 39℃ дейін күрт жоғарылауымен, бас ауруымен көрінеді. Желшешектің тән белгілері – бөртпе және қышыну. Қызылша, қызамық, скарлатина бөртпелерінен айырмашылығы, желшешек бөртпесі тек теріде және шырышты қабаттарда ғана емес, бас терісінде де пайда болады. Дене температурасы әдетте 3-5 күнде қалыпқа келеді, ал қыртыстар 7-14 күннен кейін кетеді. Науқастың сауығуы бөртпе шыққаннан 10 күннен соң басталады. Желшешектен айыққаннан кейін иммунитет қалыптасады, инфекцияның қайталануы өте сирек кездеседі.

Инфекцияның таралу көзі науқас адам болып табылады, сондықтан ауру кезінде науқас пен сау адамдар арасындағы байланысты шектеу өте маңызды. Желшешекпен ауыратын науқастар тері бөртпелерінің алғашқы белгілерінен 20-24 сағат бұрын ғана және соңғы везикула (көпіршік) пайда болғаннан кейін 5 күнге дейін жұқпалы болып саналады. Инкубациялық кезең 10-нан 21 күнге дейін созылады. Инфекция ауа тамшылары арқылы, жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде беріледі, қоздырғыш көп мөлшерде бөлініп, айтарлықтай қашықтыққа таралады. Вирустың жүктілік кезінде анадан ұрыққа берілуі де мүмкін.

Желшешектің ең қауіпті асқынуларына ішкі органдар мен мидың зақымдануы – пневмония, энцефалит, гепатит жатады.

Егер отбасында біреу ауырып қалса, онда міндетті түрде дәрігерді шақыру керек.  Ең бастысы – ауруды уақытында тану және асқынулардың алдын алу екенін әрқашан білу және есте сақтау маңызды.

Аурудың алдын алу мақсатында:

– науқаспен байланысты шектеу;

– науқасқа жеке ыдыс-аяқ, төсек-орын, гигиеналық керек-жарақтар бөлу;

– науқастың киімдері мен төсек-орындарын бөлек жуу;

– қайталама инфекцияның қосылуын болдырмау үшін науқастың қолын, киімін және төсек-орындарын таза ұстау;

– үй-жайларды жиі ылғалды тазалау және желдету, себебі желшешек вирусы сыртқы ортада тұрақсыз;

– кварцты қолдану қажет.

Гүлжан БАЙГУТАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button