Әжелер институты жанданады
Отбасында әженің алар орны бөлек. Тәрбиенің көзі танылған тұлғаға жүктелген жауапкершілік те зор. №12 жалпы білім беретін мектепте қалалық деңгейде ұйымдастырылған «Әжелер өнері – ұрпаққа аманат» шарасы әжелер институтын қуаттай түсті. Әжелер немерелерімен ұлтымыздың жүн сабау, киіз басу, сырмақ тігу, жіп иіру, құрақ құрау, шаш өріп, шашбау тағу секілді көріністерді сахналап, көрермендерді тәнті етті.
Әжелердің көпшілігі түрлі салада еңбек етеді. Барлығы белгілі бір кәсіптің иесі. Тағылымды шара барысында олар қызметпен бірге ұрпақ тәрбиесін де ұтымды ұштастырғандықтарын танытты.
Ертегі оқуды насихаттаған Толғанай әже мен немересі Мұхаммедәли арасындағы көрініс көңілдің керегесін кеңейтті. Сондай-ақ, Бақыт әже немересі Ханшайыммен, Алмагүл әже немересі Әділмен, Қарлығаш әже немересі Маралмен, Ырсалды әже немересі Әзизамен, Ақбота әже немересі Сезіммен ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, бүгінгі қоғамдағы отбасылық құндылықты сақтауда әжелердің ықпалын жеткізді.
Әжелер белсенділік танытып, бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
– Шараның мақсаты – әжелердің ұлағатты ғибратын әрі өнерлерін балаларға жеткізу. Әжелер сөзінен тәлім-тәрбие, өнеге алуға баулу, салмақты ой айтуға, инабаттылыққа, көрегендікке тәрбиелеу. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қайта жаңғыртып, еске түсіру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, – дейді ұйымдастырушылар.
Гүлжанат ҚАРШЫҒИНА,
№12 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі
Балқаш