Басты тақырыпСәтбаев

Жеке кәсіпорын жетістігі

      Жақында Сәтбаев қаласының жұртшылығы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кәсіпорындары үшін қосалқы бөлшектер өндірумен шұғылданатын «Гелисханова Л.М.» жеке кәсіпорнының тың бастамасы – «Тау-кен және байыту қондырғыларына қажетті қосалқы бөлшектер шығару жөніндегі жаңа желілер» жобасының іске қосылу рәсіміне куә болды. Тұсаукесерге қала әкімі Асқар ЫДЫРЫСОВ пен «Қазақмыс» компаниясының салалық бағыттағы құрылымдарының басшылары қатысты.

Қойылар талап деңгейі тым жоғары кәсіппен айналысатын цех Қарағанды облысы әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығы арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес, алғаш рет 2011 жылдың соңына таман құрылған болатын. Содан бері шығыршықтар, шығыршықты тіректер, анкерлі бұрандалар секілді өндірісте үлкен сұранысқа ие 600-ден астам өнім түрлерін өндіруге машықтандық. Бүгін тұсауы кесіліп отырған жалпы құны 250 млн. теңгені құрайтын жаңа жоба кез келген құрылымдағы және күрделі металл бұйымдарын сапа талғамына сәйкес шығаруға мүмкіндік береді. Жаңадан шығарылатын өнімдер қатарында пневмоцилиндрлер мен дірілдегіш блоктар бар. Соның нәтижесінде жалпы өндірілетін өнім түрлерінің аталым тізбегі анағұрлым арта түсіп, кәсіп­орын қызметінің ауқымы айтарлықтай көлемде кеңейетін болады дейді, – жеке кәсіпорын директоры Лариса Гелисханова.

     Әлеуметтік маңызы аса әлеуетті тағы бір бастаманы сәтімен іске асырған кәсіпкердің айтуынша, ірі өндірістік корпорациямен ынтымақтастықтың нығая түсуі тапсырыс алу көлемін 10 есеге дейін ұлғайтуға негіз қалаған. Соның нәтижесінде шығыршықты тіректерді шығару жөніндегі жоба 2013 жылы аймақтың индустриялық-инновациялық даму картасына енгізілген екен.

    Жобалық қуаты жылына 500 тоннадан аса өнім өндіруге арналған жаңа жоба тұрақты жұмыс орындарының санын 25-тен 35-ке дейін жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.

    Сөз орай келгенде, «Гелисханова Л.М.» ЖК Жезқазған-Ұлытау аймағындағы қосалқы бөлшектердің жоғарыдағы аталымдарын өндіретін жалқы кәсіпорын екендігін айта кеткен жөн.

    Іс тетігін тапқан ұйымшыл ұжым «Қазақстанның үздік тауары» байқауы мен «Қазақстандықты жасаймыз!» форумына жыл сайын дәстүрлі түрде қатысып келеді. «Қазақмыс» тобының үздік әріптесі ретінде бірнеше мәрте арнайы дипломдармен марапатталған. Кәсіпорын – Жезқазған аймағы кәсіпкерлері мен өнеркәсіпшілері қауымдастығының белсенді мүшесі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

СӘТБАЕВ қаласы.

Суретті түсірген І.БЕЛГІБАЙ­ҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button