АймақБұқар жырау

Жеңістің жемісті жолы

Айлап жалақы алмаған 1997 жыл «Орталық Қазақстан» газеті редакциясы ұжымының есінде болар. Сол қиын кезеңде көмек сұрап барғанымызда, қол ұшын созған Бұқар жырау ауданының басшы азаматтарын қалай ұмытарсың! Екі ауыз сөзге келмей, 10 тоннадан астығын артып берген олар «Көктал» кеңшарының директоры, марқұм Сарқан Зейнешев, қазір арамызда жүрген XXI партсъезд атындағы кеңшардың директоры Рамазан Ахметов, Қылыш Бабаев атындағы кеңшардың директоры Жеңіс Шәдетов еді. Міне, солардың бірі Жеңіс ағамыз осы биылғы 27 шілдеде 80 жасқа толғалы отыр.

 

«Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» дегендей, бүгінде ауыл-аймағының абыз ақсақалы атанған Жеңіс Жұмашұлы Шәдетовтің өнегелі өмірі мен жемісті жолы жайлы болмақ әңгімеміз. Оқыған-тоқығаны, көрген-білгені көп онымен сұхбаттасып, сырласудың өзі бір ғанибет. Қашан келсек те, қолынан қаламы түспей, бірдеңе жазып отырғаны. Кезінде ол біздің газетімізде өсіп-өнген өңірі, көзкөргендері мен замандастары туралы мақалаларын көптеп жариялап, кейін оларды топтастырып, «Бұқар баба елінде» атты кітабын шығарғанын да білеміз. Енді, өзі бала күнінен көріп, әңгімесін тыңдап өскен ауыл ақсақалдары жөнінде естелік жазуға кірісіпті.

– Зейнолла Қабдоловша айт­қанда, мұны сен жазбасаң, мен жазбасам, кейінгі ұрпақ қайдан біледі?, – дейді Жекең. «Ауылыңда қартың бар болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген осы да…

…Ол 1943 жылдың 27 шілдесінде қазір өзі тұрып жатқан Үміткер ауылында дүниеге келген. Соғыстан броньмен қалдырылып, «Үміткер» колхозының басқарма төрағасы қызметіндегі әкесі Жұмаш пен шешесі Қапса оның есімін қырғын соғыста еліміздің мерейі үстем болсын деген ниетпен Жеңіс деп қойыпты. Өзінен кейін туып, өткен жылы дүние салған тете інісі Кеңес атын алып, алдындағы апаларынан Сәлима ерте көз жұмса, Кәримасының көзі тірі, 90 жасқа таяп қалған.

Әкесі Жұмаш ауданның «Жаңақала», «Жастілек», «Құрама», осы «Үміткер» колхоздарын басқарып, 1946 жылы «Үлгі» колхозының басқарма төрағалығына сайланады. Бала Жеңістің бүкіл балалық шағы осында өтті. Ақ тақырда асық атып, жазда Өткелсіз өзенінің суына шомылып, бүлдірген, қарақат теріп, қыста Сарытөбеден шанамен сырғанап, мезгіл де зымырап өте шыққан.

Сол тұста қазақша орта мектеп тек Үлгіде ғана болып, маңайдағы ауылдардың балалары осы жердегі интернатта жатып оқитын. Жеңіс те сол мектепте оқып, 1962 жылы соны бітірген 3 оқушы бірдей – өзі және Кенжебек Рүстембеков, Мәтібай Жамбеков күміс медаль алады. Соңғы екеуі ғылым жолына түсіп, ғылым докторлары, профессор атанса, бұл мал маманы болуды таңдады. Жалпы, бұл мектеп түлектері арасынан академик Арықтай Қайыпов, тағы да 3 ғылым докторы, 5 ғылым кандидаты, 5 журналист, әр сала мамандары көптеп шыққан. Сондықтан да, Жекең бір кездері өзіне сабақ берген ұстаздары Қалиолла Рүстембеков, Мақ Қарасартова, Мұрат Көккөзов, Үміт Әйнекбаева, тағы басқаларын ілтипатпен еске алады.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің 2023 жылғы 22 шілдедегі  №80 (23 256) нөмірінен оқи аласыздар.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button