Бас тақырып

Жеңісті жақындатқандар

Биыл Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына – 80 жыл. Қарағанды облысынан мыңдаған жауынгер соғысқа аттанып, көбісі ерлікпен қаза тапты. Қазір аймағымызда сол сұрапыл соғыстың санаулы ардагері қалды. Айтулы мереке қарсаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ел азаматтарымен бірге облыс орталығындағы «Ариста» салтанат сарайында соғыс және тыл ардагерлерін құттықтады. Кеш қонақтарын Талғат Бигельдинов атындағы Қарағанды республикалық әскери мектептің тәрбиеленушілері құрметпен күтіп алды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Алдымен, аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, жерлес ардагерлеріміздің жанкешті ерлігінің ұрпақтан-ұрпаққа өшпес өнеге болып қала беретінін айрықша атап айтты.

Биыл – Жеңіске 80 жыл. Өңірімізде еске алу шаралары, концерттер, ардагерлермен кездесулер, ерлік сабақтары өтуде. 100 жылдық мерейтойын атап өткен Қали Аманбаев, Камали Дүйсембеков, Григорий Степенко және Мария Шинкевич сынды батырларымызбен мақтанамыз. Олардың тағдыры – тірі тарих, борышқа адалдық пен Отанға деген сүйіспеншіліктің символы. Сіздердің өмір және еңбек жолдарыңыз – жастарға тамаша үлгі. Барлығыңызға мықты денсаулық, ұзақ өмір және отбасыларыңызға амандық пен жақсылық тілеймін! – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне, қаһармандығы мен жанқиярлық еңбегіне терең құрмет пен тағзым ретінде Қазақстан Республикасының Президенті «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» атты мерейтойлық медальді тағайындаған еді.

Осындай медальді Ұлы Отан соғысының ардагерлері Сұңғат Сәттіғұлов пен Григорий Степенкоға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Николай Куриленко мен Анна Котоваға облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов табыс етті.

Сонымен қатар, еңбек ардагері, Ленинград блокадасынынан аман қалғандар және концлагерь тұтқындарына мерекелік медаль табысталды.

– Ардақты ардагерлер! Жеңістің 80 жылдық мерейтойы құтты болсын! Қазіргі бейбіт күніміз сол сұрапыл соғыстағы Сіздердің жанқиярлық ерліктеріңіздің арқасы. Ерліктеріңіз бен еңбек жолдарыңыз жастарға, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – деп атап өтті Нұркен Кобжанов.

Ал, Виктор Абраменков соғыс басталғанда 6 жаста болғанын айтады.

– Зеңбіректердің үні өшкеніне 80 жыл болса да, ұшқан снаряд дыбысынан әлі күнге шошып оянамын. Соғыс басталғанда алты жаста едім. Соғыс кезінде партизандар белсенділік танытқан Смоленск облысында тұрдым. Сұмдыққа толы төрт жылда фашистердің ауылдарды күлге айналдырғанын, ауылдық кеңес төрағасын дарға асып өлтіргенін көзіммен көрдім. Бомбадан қашқан қарапайым тұрғындар мен 6 жастағы бала әлі күнге түсіме кіреді. Бір жерге тығылып, аман қалғым келеді. Жеңісті жариялағанда, анамның жылағаны есімде. Отбасымызда майданға кеткендердің көбі қайтыс болды. Енді соғыс болмасын. Барлығың татулық пен достықта өмір сүріңдер, – дейді еңбек ардагері Виктор Семенович.

Концлагерь тұтқынында болған, қайсар ерік-жігер мен батылдықтың символы – Пелагея Парахневич те мерекемен құттықтап, өз естелігімен бөлісті.

Бүгінде Қарағанды облысында сегіз соғыс ардагері, 2634 тыл еңбеккері, 116 қайтыс болған ардагерлердің жесірі мен жары, 29 концлагерь тұтқыны және Ленинград қоршауынан аман қалған он адам бар.
Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, олардың әлі күнге қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде атсалысатынын мақтанышпен жеткізді.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button