Жеңісті жақындатқан жауынгер
1941 жылдың 22 маусымы адамзат жүрегіне өшпес жара салды. «Ұлы Отан соғысы» деген атпен тарихта қалған сол отты жылдар 1945 жылдың 9 мамырына дейін, яғни, 1418 күн мен түнге созылған. Қан кешкен, жан қиған бұл соғыстың азабын да, зардабын да бүкіл ел тартты. Бүгінде сол қасіретті де қасиетті кезеңнің Жеңіспен аяқталғанына тура 80 жыл толып отыр. Майдан мен тылда жанын аямаған, Отан үшін от кешкен жандардың қатары бүгінде сиреді. Бірақ, олардың ерлігі – елдің рухани мұрасына айналды. Сол жауынгерлердің бірі – қарағандылық батыр, соғыс және еңбек ардагері Әбілхан Аханов. Қарапайым қазақ ауылынан шығып, Брест қамалынан бастап Будапештке дейінгі соғыс даласын басып өткен Әбілхан атаның өмір жолы – бір ұлттың тағдырымен үндес, бір ұрпақтың ерлігімен тең. Оның әр қадамы – бүгінгі бейбіт аспанның табан ақысы, әр ісі – келешек ұрпаққа қалдырған өнеге мен өсиет.

Жеңіс күні – бүкіл ел үшін ғана емес, әр отбасы үшін қадірлі күн. Ұлы жеңіс – ұрпаққа үлгі, ерлікке тағзым, тарихқа құрмет. Ардақты атамыз Әбілхан Ахановтың өмір жолы мен ерлігі де ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауына айналған. Атамыз әрдайым «осы күнге тәубе, шүкіршілік» деп отыратын. Оның сөздері мен өнегесі әр баласының, немересінің жадында сақталған.
Әбілхан Аханов 1920 жылдың 22 сәуірінде Қарағанды облысының Нұра ауданындағы қазіргі Көбетей, бұрынғы Черниговка ауылында дүниеге келген. Қарапайым шаруа отбасынан шыққан ол еңбекке ерте араласты. 1939 жылдың мамырында әскер қатарына шақырылып, Ақмолада үш ай дайындық курсынан өтті. Сол жылы тамызда ол Брест қамалына аттанып, тарихта мәңгі қалған қаһарлы соғыстың алғашқы ауыртпалықтарын бастан кешірді.
1941 жылдың маусымынан бастап 1945 жылдың 5 мамырына дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан Әбілхан Аханов екінші Украин майданында 56-атқыштар полкінің, 387-атқыштар дивизиясының, 55-атқыштар полкінің құрамында әскери борышын өтеді. Варшава, Чехословакия, Румыния, Будапешт шайқастарында қаһармандықпен шайқасты. Оның әскери шені – сержант.
Архив құжаттарында полк командирлерінің мынадай естеліктері келтірілген: «Аханов жолдас Кубаньдегі шайқаста ерлік көрсетіп, 1943 жылы 12 тамызда Горно-Веселый қыстағы маңында тура көздеумен жаудың пулеметтерін жойып, жаяу әскердің шабуылына жол ашты. Осы ерлігі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
1944 жылы көктемде Найдорф және Авель ауылдары маңындағы ұрыстарда жаудың техникасы мен тірі күшін жойып, батырлық танытты. Солтүстік шығанағында жау катерін суға батырды, оқ ұяларын жойды. Бұл ерлігі үшін Үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.
Соғыс жылдарында атамыз көптеген жарақат алып, бірталай қиын сәттерді бастан кешірді. Соған қарамастан, елі үшін, жері үшін жанын аямады. Ерлігі мен еңбегі ескеріліп, ол бірнеше мәрте марапатталды. Екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің – 20 жылдығы», «КСРО Қарулы күштеріне – 50 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне – 60 жыл» медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін, 1946 жылы елге оралып, соғыстың салдарынан ойрандалып қалған Батыс аймақтарды қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Көбетей ауылындағы орталық колхозда басшылық қызмет атқарып, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосты. Еңбектегі ерен еңбегі мен жауапкершілігі үшін ол бірнеше рет Социалистік жарыс жеңімпазы атанып, төсбелгілермен марапатталды. 1957 жылы «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарын иеленді. 1970 жылы В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай арнайы мерекелік медальмен, 1980 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Ұрпаққа аманат болған бейбіт өмір, ашық аспан, егемендік пен тәуелсіздік – Әбілхан атамыз сынды жауынгерлердің қанымен, жанымен келген қасиетті мұра. Ол өмірінің соңына дейін ел үшін еңбек етіп, ерлік пен кісілікті қатар ұстанды. Мұндай адамдар тарихтың төрінен орын алуға әбден лайық.
Бақытты келешек үшін қанын да, жанын да аямаған атамыз және белгілі, белгісіз жауынгерлердің баршасы халқымыз үшін, бүгінгі келер заман үшін мәңгілік ашық аспан сыйлаған батырлар болып қала берері һақ.
Бүгінгі ұрпақтың бейбіт аспаны мен тыныш таңына кепіл болған ардагер атамыздың ерлігі — мәңгілік естелік, өшпес өнеге. Біз оның ұлы істеріне тағзым етіп, есімдерін ұлықтау арқылы келешекке рухани сабақ беретін боламыз.
Ризашылықпен еске алушылар: балалары, немерелері