Руханият

Жеңімпазға жерлестер құрметі

Белгілі қаламгер, бард, қоғам қайраткері Қуаныш Мақсұтов «Поющий Иссык-куль-2024» Халықаралық фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Жеңімпаз Кеншілер сарайында байқаудан алған ерекше әсерімен бөлісті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Биыл фестиваль екінші рет өтті. АҚШ, Мальта, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қазақстан, Қыр­ғызстан елдерінен келген 48 қатысушы 5 аталым бойынша бақ сынады.

– Қазақ барды мен шансонының халықаралық аренадағы алғашқы жеңісіне бек қуаныштымын! Өнер додасында танымал ән авторлары мен орындаушылар, бардтар қазақ тілінде орындалған туындыларға ерекше қызығушылық танытты. Биыл «Ұлттық ән авторлары» жаңа аталымы енгізіліп, «Қотыр тай» әнін орындадым. Қазылар алқасында бардтық және авторлық әндерімен танымал Булат Окуджава, Александр Гордницкий секілді өнер адамдарымен қатар жүрген Анэс Зарифьян (Бішкек), Ресейдің танымал тележүргізушісі, продюсер, режиссер, әндер авторы және орындаушы Владимир Глазунов (Мәскеу) болды. Қазылар алқасы қатысушыларды алдын ала тыңдап, мықтыларын таңдады. Сондай-ақ, фестивальде жеке концерт беруге мүмкіндік туды, – деді ақын Қуаныш Мақсұтов.

Кездесуде ақындар айтыс­та­рындағы батыл да шыншыл қо­ғам­дық-саяси ойлары үшін «Қазақтың Сары тентегі» атанған Қуаныш Мәжікенұлының өнерін қарағандылықтар жоғары бағалап, қошемет көрсетті.

– Қазақтың «Сары тентегі» ретінде танылған ақын, бард Қуаныш Мақсұтов – өнерге, өлеңге, мәдениетке жанашыр жан. Өнерге адалдығы оны қайраткер етті,– деді Рымбала Кенжебалақызы.

Қуаныш Мәжікенұлы алғаш шертпе күйді дәріптеу бағытындағы жобаны қолға алып, дәстүрлі түрде өтетін шертпе күй фестивалін ұйымдастыруды, кеншілер астанасында шертпе күй шебері Тәттімбетке ескерткіш қоюды ұсынған болатын. Ақын осы ойымен күй өнерін сақтап, маман даярлау, әсіресе, нағыз күйшілерді қолдау жұмыстарын қолға алуды міндет тұтқан. Қазақы құндылықтарды құлдыратпаудың алдын алып жүрген қайраткердің алдағы жылдарға қойған жоспарлары да ерекше.

Фестивальде өнер көрсетіп, «Ұлттық әндер авторы» аталымы бойынша халықаралық фестивальдің дипломанты атанған қарағандылық Сұлупан Сұлтанова да ұлттық өнер жайлы ойларын ортаға салды.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button