Бас тақырыпМәселе

Қарағанды облысында көше жарақаттарының саны жиілеп тұр

Аймақ дәрігерлері дабыл қағады. Себеп – көшеде жарақат алғандар қатары көбейгендігі. Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана ахуалдық орталығының жетекшісі Ерік Шонбаевтың айтуынша, 6-9 шілде күндері 1 647 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның 127-сі орташа және ауыр деңгейдегі жарақатпен ауруханаға жатқызылған. Жапа шеккендердің 554-і – 17 жасқа дейінгі балалар. Түрлі жарақат салдарынан қайтыс болғандар да бар.

Жазатайым оқиға

Кеше арнайы өткізілген брифингте маман көше жарақаттарының саны көбейіп келе жатқандығын айтты. Келтірілген статистика жаға ұстатады. Салдары – ауыр.

– Төрт күн демалыста 10 адам қайтыс болды, екеуі – бала. Бірі терезеден құлады, екіншісі, жол-көлік оқиғасы кезінде көз жұмды. Осы он адамның алтауы ауруханаға жетпей көз жұмды. Өте ауыр жарақат алған 17 адам реанимацияға жатқызылды. 7 шілде күні 441 адам, 10 шілдеде 486 адам жарақаттанды, – дейді Ерік Шонбаев.

Дәрігер мұндай «көрсеткішті» жаз мезгіліндегі адамдардың белсенділігімен байланыстырады.

– Адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық белсенділігі артады. Далаға шығады, демалысқа, туыстарына барады. Нәтижесінде жол-көлік оқиғалары, суға кеткендер, жарақат алғандар көбейеді. Осы жолы да Абай қаласы маңында бір адам суға кетті. Тұрғындар мен қала қонақтарынан демалуға шыққанда, суға түскенде, жол жүргенде қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз, – деді ол.

Ахуал орталығының жетекшісі жолкөлік оқиғалары кезінде қауіпсіздік белбеуін тағу өлім-жітімді 70 пайызға дейін төмендететіндігін атап өтті.

– Бұл – зерттелген статистика. Біз ғана емес, барлық құтқару қызметтері жүргізген зерттеулер осыны көрсетеді. Көлік жасаушылар да мұны растайды. Қазіргі уақытта алдыңғы орындықтағы жолаушылардың көбісі қауіпсіздік белбеуін тағатын болды. Бірақ, көліктің артқы орындығында отыр ған адамдардың 99 пайызы оны тақпайды. Жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда олар əдетте алдыға қарай ытқып шығады. Өздері ғана жарақат алып қоймай, алдындағы адамның да жағдайын қиындатуы мүмкін. Сондықтан, жүргізуші жолаушыларының белдік тағуын қадағалау керек, – деп ескертті дəрігер.

Осы уақытқа дейін самокатқа байланысты жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ. Бірақ, самокаттан құлап, жарақаттанғандар бар екен. Сонымен бірге, мотоцикл, мопед теуіп жарақаттанғандар да аз емес.

– Мұның бір себебі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін керек-жарақты елең қылмауы. Тізеге, шынтаққа тағатын, басқа киетін арнайы заттар бала өмірі мен денсаулығынан қымбат емес шығар. Ата-анасы мұны бақылауға алып, қадағалауы керек. Ең жақсы ем – алдын алу, – деді Е.Шонбаев.

Жазатайым оқиға

Көмекке мұқтаждар көбейген, демалыс күндері дəрігерлер де қауырт жұмыс істеді. Науқас қай ауруханаға жеткізілсе, Х.Мақажанов атындағы клиниканың, облыстық балалар клиникалық ауруханасының мамандары сонда барып, көмек көрсеткен.

– Жарақат жағдайында негізгі салмақ біздің клиникаға түседі. Себебі, Х.Мақажанов атындағы клиника жарақатты емдеуге бағдарланған. Одан бөлек, жарақат алған науқастар Теміртау, Балқаш қаласының қалалық ауруханалары мен Қарағандыдағы №1 көпбейінді ауруханаға жеткізіледі. Оларда травматологиялық бөлім бар, – дейді дəрігер.

Жалпы, көше жарақаттарының статистикасы былтырдан бері өсіп келеді екен.

– 2017 жылдан бері 2020 жылдарға дейін жарақаттану деңгейі төмен болған. Ковид кезіндегі шектеуде ол, тіпті, төмендеді. 15 мыңға дейін азайды. Былтырдан бастап, қайта көбейді. Жаз мезгілінде жарақат артады. Өндірістік, спорттық жарақат, суицид сондай көп емес, – деп түсіндірді дəрігер.

Оның айтуынша, тұрмыстық жарақатты көбінесе үлкен кісілер алады.

Сонымен қатар, Ерік Шонбаев жолға шыққан малдың себебінен орын алатын жол-көлік оқиғалары туралы да пікірін білдірді.

 – Молодежный кентінде орын алған оқиға барлық аудандарда бар мəселе. Ботақара кентінің тұсында, Жаңаарқа ауданына барар жолда да жиі кездеседі. Бұл – мал бағушылардың жауапкершілігі кемдігінен. Барлық жол-көлік оқиғасы, кез келген жарақат алған адам туралы ақпарат полиция қызметкерлеріне жіберіледі, – дейді Ерік Шонбаев

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button