Жаяу. Алыс емес тауым да…
Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі өлкетану бөлімінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Алаш көсемі Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ – 155, қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры Әлімхан ЕРМЕКОВТІҢ – 130, Алашорда үкіметінің мүшесі, қазақтың тұңғыш құқық магистрі Жақып Ақбаевтың 145 жылдық мерейтойы аясында ауқымды жобаны бастаған журналист, продюссер Асхат ҚАЖЫТАЙМЕН «Қазақстанды жаяу аралаймын» атты кездесу кеші өтті.
Кеш қонақтары – кітапхананың демеушісі, ҚР Білім меценаты, «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының иегері Бекзат Алтынбеков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Руслан Нұрбай, Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Әлия Бекмолдина, Жезқазған қаласы №8 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бахтылы Бекбергенова, ақын, сал-сері Саят Тұяқбай қатысты.
Қазақстанның ішкі туризмін насихаттауда «Жаяу» танымдық туризм жобасымен бастама жасап, жастарға үлгі боларлық іс тындырып жүрген, алдына мақсат қоя білудің озық үлгісін көрсетіп, жаяу жүрудің қиыншылығын жеңе біліп, Орталық Қазақстандағы ең биік нүкте Ақсораңға шығып, Ұлт ұясы Ұлытауға табан тіреген талапшыл жас Асхат Қажытайға Бекзат Қомарұлы ағалық ақ тілегін білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Басқа да қонақтар ыстық лебіздерін білдіріп, ақын Саят Тұяқбай әннен шашу шашты. Кездесу кеші онлайн болса да жинақы әрі тартымды өтті.
Өз кезегінде Асхат жоба барысындағы алған әсері һәм көңілге түйген көрікті ойларын ортаға салып, қойылған сұрақтарға тұщымды жауап берді.
Алдағы уақытта спортты жанына серік еткен рухы биік, мақсаты айқын Асхат Қажытай тағы да осындай киелі өлкелерге жаяулап сапарға шығуды жоспарлап отыр.
Жәлел ШАЛҚАР.