«Жауыртау» жастарды шақырады!
Әсем табиғаттың аясында демалып, пайдалы ақпаратпен сусындағыңыз келе ме? Онда Теміртау қаласында өтетін «Жауыртаудағы кездесу» атты жастардың облыстық инновациялық форум-фестиваліне қатысыңыз. Бұл кездесуге Қарағанды облысындағы 16-20 жас аралығындағы белсенді де талантты жастардың бәрі келе алады.
Форум-фестивальдің көздегені не?
Тамыз айының он жетісі күні Теміртаудағы Балалар мен жасөспірімдер театрында форум-фестивалдің ашылу салтанаты өтті. Баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, өнерлі жастар дайындаған концерттік қойылым көрсетілді.
Бұл ауқымды шара Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларының аясында ұйымдастырылуда. Жаңа технологияны дамыту мен өндірістік әлеуетті арттыру – заман талабы. Бүгінгі жастардың білімі мен біліктілігі соған сай болуы тиіс. Әрі туған жерді қастерлеп, топырақтың қасиетін тани білуі қажет.
– Теміртаудың іргесіндегі ең үлкен тау – Жауыртау. Оның мәні мен маңызын, тарихын жерлесіміз, ақын Қасым Ботанов өз поэмасында атап көрсеткен болатын. Біз осы таудың бөктеріне жастарды жинап, пайдалы ақпарат ұсынумен қатар, олардың бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырмақпыз, – деді Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов фестивальдің ашылу салтанатында.
«Жауыртаудағы кездесу» форум-фестивалі аймағымыздағы талантты, белсенді жастардың басын қосып, еркін пікір алмасуларына жол ашады. Арнайы шақыртылған спикерлер бірнеше тақырыптың аясында баяндама жасап, білім береді. Мұның барлығы, жастардың бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырумен қатар, танымал тұлғаларға қарап бой түзеп, елге қызмет етуге үндейді.
«Жауыртаудағы кездесу» форумфестивалінің негізгі шаралары 22 қыркүйек күні ашық аспан астында өтеді. Оған Қарағанды, Абай, Саран, Шахтинск қалаларынан және Бұқар жырау, Осакаров, Нұра аудандарынан барлығы 200 адам қатысады деп күтілуде.
Жауыртаудың бөктері неге таңдалды?
«Қарағанды – Астана» бағытындағы тас жолдың бойында орналасқан Жауыртаудың сұлулығына сүйісінбеген жан жоқ болар. Әйтсе де, олардың дені Теміртаудың тарихы осы таудың бөктерінен басталатынын біле бермейді.
Кеңестік дәуірде бекітілген ресми тарих бойынша Теміртау қаласының негізі орыс переселендері тұрған Самарканд поселкесінен басталадымыс. Сонда оларға дейін бұл жер бос жатқаны ма?
Жауыртау шатқалы арқаның аязы мен боранды күндерінде малды ауыл үшін таптырмас қыстау болған. Айнала қазақ ауылдары қоныстанды. Кейін табиғаты сұлу, топырағы құнарлы өңірге отаршылардың көзі түсіп, 1905 жылдың 15 маусымында ішкі Ресейден 40 отбасы қоныс аударды. Жергілікті қазақтар атажұртынан қуылып, жер атауы Самарканд болып өзгерді.
Кеңес дәуірінде бұл жерде белгілі қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаев еңбек еткен. Ел арасында Жауыртаудың тарихы мен Теміртауды байланыстыратын аңыз бар. Сол аңыздың негізінде ақын Қасым Ботанов поэма жазған.
«Есте жоқ ескі заманда Жауыртаудың бөктерін ынтымағы жарасқан, бай ел жайлапты. Бұл елдің құты – тау шыңындағы темір болса керек. Жауыртау елінің байлығы мен ырысына қызыққан дұшпандар әлгі темірді қолға түсіру жолында жорыққа шығады. Қан судай ағып, қырғын соғыс басталады. Жауыртаулықтарға ырыс болған темір жау қолына түсер болған соң батырлардың бірі оны сол маңайға көміп тастайды. Артынша «Бұл қасиетті темірге қанқұмарлардың қолы жетпесін, Жауыртаудың тасын терімен жуған жанға ғана табылсын. Еңбекші елге ғана ырысы болсын» деп дұға жасайды. Сол дұға орындалды. Металлургтердің табанды еңбегінің арқасында Теміртау мыңдаған халық үшін құт мекенге айналды», – дейді ақын Қасым Ботанов.
Кездесу жастарға не береді?
Форум-фестивальдің бір ерекшелігі – ашық аспан астында өтуінде. Жауыртаудың бөктеріне жеті шатыр мен екі киіз үй тігілмек. Жастар табиғат аясында демалып, өзекті тақырыптардың төңірегінде пікір алмаса алады. Ақпарат ағыны, робототехника, инновация және техникалық шығармашылық, бизнес негіздері, еріктілер қозғалысы, жастар шығармашылығы тәрізді бірнеше секцияға бөлініп, өздерін қызықтырған салалар бойынша теориялық һәм практикалық білім алады. Әр секцияның тізгінін сол саланы жетік меңгерген, айтары мен үйретері бар спикер ұстайды. Мұндай ашық пікірталастар жастардың заман көшінен тыс қалмай, өркениетті қоғамға ұмтылуларына, туған жерлерін қастерлеп, танымал тұлғаларға еліктеп өсулеріне жол ашады.
Теориялық дәрістен бөлек жастар «Не? Қайда? Қашан?», «Ақылды мен тапқыр» тәрізді интелектуалдық ойындар ойнап, спорттық сайыстарға қатысады. Сонымен бірге, танымал сортшылармен жүздеседі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастармен кездесуге ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, белгілі боксшы Серік Сәпиев келеді деп күтілуде.
Бұл фестиваль жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ. Сондықтан да қорытынды кеште қатысушылар келер жылы ұсынылатын тақырыптарды талқылап, өздерінің ұсыныс-тілектерін жеткізеді. Араларынан ең үздік қатысушыны анықтайды. Форум қатысушыларының барлығы естелік сыйлықпен марапатталмақ.
«Жауыртаудағы кездесу» форум-фестивалі жастар арасындағы танымал қазақстандық эстрада жұлдызының қатысуымен өтетін галаконцертпен жабылады.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»