Жауапкершілік жетелеген жайсаң жан
Қарағанды облысы Шет ауданының жері талай маңызды тұлғаны дүниеге әкелген. Туған елінің гүлденуі үшін адал еңбек етіп, нар жүгін көтерген нағыз бураша бұрқыраған аптал азамат Өмірсерік Башенов ағамыз – алыста жүрсе де амандығын тілеп, жақында болса шұрқыраса табысып, емін-еркін әңгімелесіп, шеріңді тарқататындардың бірі. Алматы шаһарында қызмет еткен уақытында айбатты да батыр ағамыз Б.Момышұлы, ақын Ғ.Қайырбеков сынды асыл ақсақалдарымыздың ортасын көріп, куәсі болған Өмірсерік бауырымыздың айтары көп екеніне шүбәміз болмас.

Өмірдің бейнеті мен зейнетін қызу шабытпен, түзу бағытымен, алған бетінен айнымай, ауыспалы кезеңдерде ауытқымай, адаспай, ел келешегіне сарабдал оймен қарап, заман ағысын қатесіз аңдай білді.
Ауыл балаларына мектеп қабырғасында оқып жүргенде елге танымал, заңгер, ғалым, 40 жыл құқық қорғау мекемесінде жауапты қызмет атқарған Ыдрыс Медеуов, қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы академик Шәрбан Батталқызы үлгі болған еді.
Алматы педагогикалық институтына түсіп, ойдағыдай тарих факультетін аяқтап, дипломын алды. Институтты бітірген соң, Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінде, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі шаруашылық басқармасында, Қазақстан КП Орталық Комитетінің шаруашылық бөлімінде, Қазақ КСР мемлекеттік құрылыс комитетінде, Қазақстан Театр қайраткерлері одағында, Қазақ КСР Ғылым академиясында, Қазақстанның шетелдермен достық және мәдени байланыс қоғамында, Қазақстан актер үйінің тұңғыш директоры, Алматы-Болашақ баспаханасында жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, бүгінде еңбек демалысына шыққан.
Қиын кезде, ауыр істен де тайынбай арлы болуды биік санап, өмірге келгеннен кейін адамша өмір сүру парыз. Ондай адамдар ақкөңілімен айналасына шуақ шашып, әрбір әрекетінде үлкен бір сыр жатқандай тереңдікпен жастарға үлгі бола білген, өнегелі еңбекпен жетістікке жеткен, маңдай терімен құрметке бөленген, халқы бағалаған Еңбек Ерлері Бегім Беркімбаев, Әбу Қайқыбасов, Имаш Қуанышбаев жастарға тағанды тәлім болған. Сонымен қатар, туған ауылдың мектеп түлектерін СССР Халық депутаты Азипжан Жанасбаев, Нұрлан Әбдіров, Нұрғалым Әбдіров, Мейрам Шайкенов, Қоңыр Мұқатайқызын жерлестері әр уақытта мақтан тұтады.
Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Өзінің балдәурен кезін өткізген, әліппені танып, білім алған алтын ұя мектебін аңсаған азамат, ауылдың барлық тіршілігі, хал-жағдайынан құлағдар болып тұру перзенттік парыз деп саналады. Мектепте алғаш әліппені үйреткен Ақпар Закировты, Өмірзақ Алтайбеков, Өмірбек Айнеков, Марат Алтынбеков, Амантай Ибраев, Төкен Илясов, Тұрсынбек Исатайұлы, Нескен Жақыпбаева, Мәрзия Жанасбаева, Зура Мұталипова, Қанай Сәлімқызы, Орал, Бәткен Тілеубердиналар, Роза Шутенова сынды қадірлі ұстаздарын, әр жылдары білім ордасын басқарған С.Адамин, А.Арыстанбеков, К.Асубаева, М.Әбдіров, М.Богер, Н.Досымханов, Г.Жанасбаева, С.Жүнісова, Л. Курлаеваларды сағынышпен еске алады.
Өңірден шыққан КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі Әбдіхамит Сембаев, академиктер Жамбыл Ақылбаев, Баян Рақышев, Яхия Әубәкіров, сатирик Жүсіп Алтайбаевтың жетістікке жету жолдары білім мен біліктілігінде болғаны жастардың көңіліне қонымды.
Бал дәурен балалық шақты бірге өткізген, он жыл бірге оқыған сыныптастары Мейрам, Бақтыбай, Барлық, Ғалкеш, Ғалия, Кәрібай, Күләш, Нұрғазы, Райса, Сәулегүл, Серғали, Тұрар, Гайша, Загира т.б. деген сағынышы мол жастық шақ бүгінде естен кетпес.
Тамыры терең ұлттық тарихымыздан басталатын ата-баба аманаты ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу. Серікбек-Айнұр мен Ғалым-Гүлмира есімді ұрпақ тәрбиелеп, немере сүйген ата. Ұлдары жоғары білімді , әр салада қызмет атқаруда. «Өзің, сөзің, ниетің таза, іс-әрекетті тазалыққа бағышта», – дейді Өмекең. Өмірінде жауапкершілік жетелеген жайсаң жан, тамыры терең, берер сабағы мен мол тағдыр кешкен, аянбай еңбек еткен, жора-жолдас жүрегіне жол тапқан Өмірсерікке мерейтойында ұзақ та бақытты ғұмыр тілейміз!
Мейірман Елубайұлы Жашкеев
Еңбек ардагері