ЖАСЫЛ МҮЙІСТЕГІ КИЕЛІ МЕКЕН
Жергілікті халық қала тұрған өңірді «Қоржынтүбек» деп атайды. Көк теңізге етене еніп жатқан жасыл мүйіс шындығында адамзат тірлігі үшін өте бір қолайлы, жайлы орын. Жаз айында көл жақтан леки соққан самал жел ыстық қапырықты көтеріп жібереді. Сөйтіп, қала ішін самал жел аралап жүре береді, тынысың кеңейеді, еңсең көтеріледі. Жергілікті тұрғындар шағын қаланы жақсы көреді, олар «жасыл мүйістегі жайлы қала» деп орынды мақтан етеді.
Тәуелсіздік алған жылдан бері қаланың тұрақты тұрғынына айналған жанның бірі – Бекзат Мұқсиынұлы Сәрсенбеков. Ол үш мәрте қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Қазір қалалық мәслихаттың хатшысы.Ол беделді қызметті осымен екі сайлау бойы атқарып отыр. Аңғал-саңғал, иесіз қалған ғимараттар, тұрғын үй, кетеуі кеткен жол, тұрмыстағы сұрқай көріністер Бекзат Мұқсиынұлының көз алдында. Кешегі мен бүгінгіні салыстыра әңгіме айтады.
– Приозерск қаласы кеңес кезінде жабық қала болғаны баршамызға аян. Аяғыңды аңдып басасың, кез келген адам мұнда бас сұға алмайды. Тіпті, аңыз қалаға айналды десек артық емес. Жас күнімізде үлкендер «Сарышыған полигонынан пәлен ракета ұшырылыпты, пәлен ракета сынақтан өткізіліпті. Ірі-ірі әскери оқу-жаттығу өткізіліпті» деп айтатын. Қалаға келген соң соны көзіміз көрді алайда, Ресей әскерлерінің өз Отанына көтеріле көшуі қалаға әжептеуір олқылық әкелді. Тамаша-тамаша ғимараттар бос қалды. Тұрғын үйлер де солай. Күтімі жоқ, жылуы жоқ тұрғын үйдің, ғимараттың келбеті бірден кете бастады. Соңғы жылдары халық саны айтарлықтай өсті.Соның ішінде қазақ әскерилерінің қоныстануы да қаланың қайтадан жандануына әжептеуір септігін тигізіп отыр. Көптеген мемлекеттік мекемелер жаңадан ашылды. Мектептер күрделі жөндеуден өтті. Жаңадан спорт алаңдары салынды. Кәсіпкерлікке кеңінен жол ашылды. Осы 25 жылдың ішінде қала қазақи рухта түледі. Ал, Кеңес кезінде мұнда қазақы рухтың исі де сезілмейтін. Тәуелсіздік жемісі деген осы болар. Жоспар көп, қала ішінің жолын жөндеуден өткізудеміз. Балалар ойнайтын алаң жаңартылуда. Қаланың тазалығы ұдайы назарда ұсталады. Соңғы жылдары көптеген тұрғын үй қайра жөндеуден өткізіліп, халықтың қажетіне жаратылуда. Алдағы кезеңде тағы да көп пәтерлік тұрғын үй жөндеуден өткізіледі. Оның үстіне жаңа тұрғын үй құрылысын салуды жоспарлап қойдық. Денсаулық сақтау мекемесі жақсы ғимаратқа ие болды. Міне, о
сының бәрі қала тұрғындары үшін жасалып жатқан игі іс болып табылады. Депутаттар корпусы халықтың мұң-мұқтажын назарда ұстайды. Олардың талап-тілегін орындауға жеткілікті түрде көңіл бөліп отырады.Сөйтіп, қала әкімдігімен бірлесе жұмыс жасап, Елбасының жергілікті тапсырмаларын орындауға қолдан келген бар мүмкіндікті жасау үстіндеміз.
Мәслихат хатшысы Бекзат Мұқсиынұлы өз ойын осылай түйіндеп қойды. Қала ішін аралап, көңіл толар істі байқадық. Сонау тәуелсіздік алған жылдардағы қала көрінісі біздің де көз алдымызда, жабық қаланы көруге асық болғанбыз. Жып-жинақы қаланың тоза бастағаны бірден аңғарылды. Міне, енді өз көзімізге өзіміз сенбедік. Көп өзгеріс бар.
Қала әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және жол көлігі бөлімінің басшысы Темірхан Айдарханұлы да қаладағы оң өзгерістерді қысқаша айтып өтті.
Кейінгі он жылдың көлемінде қыруар жұмыс атқарылды. Соның ішінде 2011 жылғы жылу қазандықтарының істен шығып, қалада суық су, жылу берілмей қалғандығы әр тұрғынның есінде болар. Бұл күнде жылу қазандықтары модернизациядан өткізілді. Арнайы кешенді жоспар жасалды. Қазір 11 үйдің жылу құбыры толығымен ауыстырылды. Тұрғын үйлердің кәріз құбырлары, шатырлары қайра жөндеуден өткізілді. Жаңалыққа ұмтылудың еш әбестігі жоқ. Біздің қалада да есептегіш құралдар орнатылды. Жылу құбырларын мұқият орау жүзеге асырылды. Еске түсірсек, 2014 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша №2 су қоймасы толық жөндеуден өткізілді. Сөйтіп, заманауи су тазартқыш құралы орнатылды. Жыл сайын облыстық, республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Орайы келгенде айта кеткен жөн. Жылу қазандықтарын жаңарту, ағымдағы жөндеуден өткізу, жылу құбырларын ауыстыру рет-ретімен жалғаса береді. Қазандықтардың техникалық жағадайы қалыпты жағдайда болса, алаңдауға негіз жоқ. Қазандыққа қажетті мазутты жеткілікті түрде жеткізіп алдық. Жылдан-жылға қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын арттыруға байланысты қаржы бөлініп келеді. Келесі жылы пайдалануға берілетін көп қабатты тұрғын үй жас мамандарға, дәрігерлерге, үйсіз жүрген жандарға бөлінеді. Спорт, өнер мектебі күрделі жөндеуден өткізілді. Балабақша жаңадан салынып, пайдалануға берілді.
Қаланың білім бөлімін Гуля Кеңесқызы Қасымова басқарады екен.
– Кеңес үкіметі кезіндегі көрініс, одан кейінгі жағдайлар көз алдымда, – дейді Гуля Кеңесқызы – күллі білім бөлімі Ресей мемлекетіне бағынышты болды ғой. Өз қолымыз өз аузымызға жеткен соң, 1998 жылы ең алғаш рет қазақ мектебін аштық. Ең басында 12 баладан құрылған сынып ашылды. Сол құрылған сынып қазір 1755 оқушысы бар үлкен қазақ мектебіне айналды. Мұнда сабақ таза қазақ тілінде оқытылады. Сондай-ақ, аралас мектеп те бар. Мына мәселені баса айтқым келеді. Келесі жылы қалалық бюджеттен бірнеше кешенді компьютер сатып алуға қаржы бөлінеді. Қалада бірде-бір қазақ тілді балабақша болмаған. Уақыт өте келе 2005 жылы «Айналайын» балабақшасын аштық. Одан кейін 2008 жылы 140 орындық «Балбөбек» балабақшасы бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Бірнеше шағын орталық ашылып, сәбилердің күміс күлкісіне бөленді. Ал, өткен жылы 200 орындық балабақша ашылып, кезек санын біршама азайттық.
– Білім беру саласы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуына бірден-бір дәнекер, бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Шындығында «шынықсаң шымыр боласың» деген. Оның үстіне өнер мен спортты бөліп қарауға және болмайды. Бізде «Достық» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы жұмыс жасайды. Арнайы қаржы бөлініп, 2014 жылы күрделі жөндеуден өткіздік. Жып-жинақы, әдемі заманауи оқу орны осылай дүниеге келді. Мұнда көптеген спорттық және шығармашылық үйірмелер жұмыс жасайды. Бұған 880 бала қамтылып отыр. Бассейн, спорт залы тұрақты жұмыс істейді. Музыка мектебі бар. Жаңадан биологиялық бағытта үйірме аштық. Оқушылар бұған да қызығушылық танытуда. Келешекте осы өңірді туристік елді мекенге айналдыру ойда бар. Мұның алғы шарттары жасалуда. Мектеп ішілік сауықтыру лагерлері жаз бойы жұмыс жасайды. Сондай-ақ, «Достық» орталығында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға негізделген іс-шаралар ұйымдастырылады. «Кітап – білім бұлағы», сондықтан оқушыларды қажетті кітап, құрал-жабдықтармен жеткілікті түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалған. Спорт секцияларына қатысу – тегін. Тәуелсіздік жылдары біздің қалаға шет елдегі ағайындарымыз көптеп келді, енді олар осы қаланың тұрақты, ежелгі тұрғындары болып қалыптасып үлгерді. Мұғалімдердің басым бөлігі шет елден оралған ағайындардың отбасы мүшелері.
– Өзіңіз осы қалада қашаннан бері тұрасыз?
– Мен де Тәуелсіздік алғаннан кейін қаланың тұрақты тұрғыны бола бастадым. Яғни, 1993 жылы осында көшіп келдік. Сол кездегі қаланың сыйқы көз алдымда. Өсу, өркендеуі, абаттануы, біздің балаларымыздың болашағы үшін жайлы елді мекенге айналуы жанымды жадыратады. Бұл біздің қаламыз, болашақтың қаласы. Мектепте оқып жатқан ел келешегінің шағын Отаны болып табылады, – дейді сөз арасында Гуля Кеңесқызы.
Көтеріңкі көңіл-күймен қаладағы №1 жалпы орта білім беретін мектепке ат басын бұрдық. Жып-жылы білім ұясы шын мәнісінде оқушылардың сәулетті де қимас білім ордасы екенін бірден аңғартады. Мектеп директоры Панар Жұмаханова жылы шыраймен қарсы алып, мән-жаймен таныстырып жатыр. Білім ордасы еңселі екен.
– Мектеп құрылысы 1980 жылы салынған. Үш қабатты типтік түрде кірпіштен қаланған, – дейді Панар Айдарханқызы, – мұнда сабақ екі ауысымда жүргізіледі. Мектебіміз интерактивті тақта, жаңа модульді технология жабдығымен қамтамасыз етілген. Бұл жұмысты одан әрі жетілдіре түсеміз. Қазіргі таңда мектепте 1017 оқушы білім алуда. Мектеп алды даярлық, бастауыш буын,орта буын, жоғары буын өз ретімен орналастырылған. Деңгейлік бағдарламалар курсын аяқтаған мұғалімдердің сапалық құрамы да көңіл қуантады. Соның нәтижесінде оқушылардың білім сапасының көрсеткіштері де жоғарылай түсті. Пән олимпиадаларының көрсеткіші сапалы білімнің нәтижесі деп білеміз. Бүгінгі дарын иесі – ертеңгі егеменді еліміздің тірегі. Біздер қалалық және облыстық пән олимпиадасының жеңімпаздары Жұлдыз Молдағалиева, Гүлжайна Жақсыбаева, Жансая Жұпарбаева, Бигелді Орынбасаров, Жасұлан Раджаппай сияқты оқушыларымызды мақтан етеміз. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жобалар байқауының жүлдегерлері Әлия Қосыбаева, Жәнел Хажина, Бейбарыс Серікұлы сияқты шәкірттеріміз болашағынан көп үміт күттіреді. Сөз жоқ, бүгінгі жас маман – ертеңгі білікті ұстаз. Біздегі «Жас маман» мектебіне жоғары деңгейлі, бірінші санатты тарих пәнінің мұғалімі Г.Қыдырбаева жетекшілік етеді. Осы арада біраздан бері еңбек ететін ұстаздардың озат тәжірибесі ортаға салынады,тәлімгерлік ретінде үлгі-өнеге ретінде ұсынылады. Әрбір басқосуда тәжірибелі ұстаздар жетістікке жетудің жолдарын, қыр-сырымен бөліседі. Жас маманның көкейіндегі әр сауалға жауап беріп, шәкірттерді білім нәрімен сусындатудағы оңтайлы шешімдерді ұсына алады. Біздің мектепте кітап қоры 25817 дана, мұның ішінде оқулық қоры, көркем әдебиет, әдістемелік құралдар бар. Мектептің материалдық техникалық базасына келсек, қазіргі таңда 41 кабинет заман үлгісіне сай жабдықталған. 197 компьютер оқушыларға қызмет етеді. Интернет жүйесі қосылған. Білім сапары – ұзақ жол. Шәкірттерді Отандық рухта тәрбиелеп, сапалы білім беріп, егемен елдің еңсесін көтере беруге өз үлесімізді қосып келеміз.
♦ ♦ ♦
Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету уақыт талабы. Жұмыссыздықтың алдын алу, әлеуметтік теңсіздікке жол бермеу ел дамуының бірден-бір кепілі.Осыған орай Приозерск қаласының жұмыспен қамту орталығында да игілікті істер атқарылуда. Мұнда шағын кәсіпкерлікті қолдап, оларды оқыту, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу, жастар тәжірибесі, кәсіби қайта даярлықтан өткізу сияқты бағыт жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстардың өзі көңіл қуантады. Осы бағдарламаға қатысу үшін 101 жұмыссыз өтініш білдіріп, қатысушылар тізіміне қосылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрақты жұмысқа тұрып, нәпақасын тауып жүргендер де баршылық.Мұнымен қоса уақытша жұмыс орындарына жіберілгендер де кездеседі. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен әртүрлі мамандық иелері, әртүрлі жастағы адамдар қамтылған. Мұндайда инфрақұрылымды және тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты дамытудың есебінен жұмыспен қамтудың маңызы зор. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы объектілерін, әлеуметтік маңызы бар ғимараттарды күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша бірнеше азамат жұмыспен қамтамасыз етілген. Қазандықтарды ағымдағы жөндеуден өткізу, ондағы найзағайдан қорғау және өртке қарсы қауіпсіздік жабдықтарын жөндеуге бөлінген қаржы толықтай игерілді. Жұмыс беруші «Гранд-Құрылыс» және «Қарағанды – Котломаш» ЖШС-лері болып табылады. Бұл екі жобаның жөндеу жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес толық аяқталған. Жөндеу барысында жұмыспен қамту орталығы арқылы бірнеше адам орналасып, нәпақасын тапты. Кәсіпкерлік бастаманы үнемі қолдап отыру қала экономикасының дамуына ықпал етеді. Шағын несие алу, мал шаруашылығын дамыту сияқты бастамалар туындауда. Биылғы жылдың өзінде жұмыспен қамту орталығында шағын несие бойынша 42 үміткер кеңес алып, оның ішінде 19 бағдарлама құжаттары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ға жолданды. Осы қор арқылы шағын кәсіпкерлікке қол жеткізгендер де баршылық. Мәселен, жеке кәсіпкер Н.Ахметбеков құрылыс және сауда үйін ашуға 3 миллион теңге қаржы алды. Оның әріптестері Ш.Лұқпанова, А.Бәкірова да өз кәсібін ашуға мүмкіндік алып отыр.
– Жылма-жыл тұрғындарды жұмыспен қамту дұрыс жолға қойылып келеді,- дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Дүрия Сүлейменқызы Бижанова.
– Жыл басынан бері әлеуметтік жұмыс орындарына 12 адам жіберіліп, нәпақасын таба бастады. Жұмыспен қамтудың бағдарламасы шеңберінде жастар тәжірибесін ұйымдастыруға жете көңіл бөлінуде. Алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау негізінде бірнеше жас қала мекемелеріне жіберіліп, еңбек етуде. Кәсіптік даярлау курстарына бірнеше адам тартылды. Сондай-ақ, он шақты адам қайта даярлау курсынан өтіп, жастарды кәсіби тұрғыда оқытуға мүмкіндік жасалынды. Кәсіби даярлықтан өткізу үшін арнайы оқу орындарымен келісім-шарт жасалған. Мәселен, «Қарағанды көлік – технологиялық колледжі», «Қарағанды техника-құрылыс колледжі», «Қарағанды коммерциялық колледжімен» өзара түсіністік жағдайда игілікті істерге қол жеткізе білдік. Осы оқу орындарында автокөліктерді жөндеу жөніндегі слесарь, электрик, іс қағаздарын жүргізу және мұрағаттау мамандықтары бойынша мамандық алған жастар өз ортамызға қайтып оралуда.
Приозерск қаласы әскери бағытқа негізделген. Сондықтан, қазақ әскерлерінің осында тұрақтануы да құптарлық шаруа.
– Мен еңбек ететін 44841 әскери бөлімі әуе қорғаныс күштеріне қарайды. Еңбек етіп келе жатқаныма 14 жыл болды. Сарбаздармен тәрбие, тарих әдебиет жөнінде әңгіме өткіземін. Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жасаймын, – дейді еңбек ардагері Мұхамедия Сақауов.
– Бұл әскери бөлім мұнда 1998 жылы көшіп келген. Алғашқыда қиындықтар болды. Өзімізде оқу-тәрбие, мамандандыру орталығы бар. Бірнеше әскери бөлімше үлкен бір гарнизонға қарайды. Әскери техникалар жаңартылған, дамыған. Өз ісінің білгірі – сарбаздар жетекшілері шет елде тәжірибе жинақтаған. Әскери тактикалық-техникалық дайындықтан өтіп, ысылған. Әлеуметтік жағдайы да жақсы сарбаздардың. Алайда, әскери ортада мемлекеттік тілді дамыту, қолданыс аясын кеңейту кемшін соғып жатыр.
Иә, солай…Қалада шағын кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Жасыл желегі жайқалып, гүлзарлар көз жауын алады. Нақ қала ортасында ұлы Абайдың ескерткіші көз тартып, рухыңды асқақтата түседі. Теп-тегіс жол, кең көше… Мың құбыла сәуле шашқан нұрлы шұғылалар іңір түсісімен қаланы ақ сәуле, алаңқайға бөлейді. Қала халқы 13200-ден астам. Қала әкімі Қайрат Қамзин бастаған қабілетті қыз-жігіттер Елбасы тапсырмасын орындауда бар мүмкіндігінше ықтиятты жұмыс жасап келеді.
♦ ♦ ♦
Көл жағасындағы жасыл мүйіс – жанға жайлы жақсы қоныс. Ол қала тұрғындары үшін қимас, киелі мекенге айналғалы қашан. Адамдар осынау сәулетті қаланы өз қолымен көркейтуде. Мұндай игілікті істің жүрекке тым жақын, тым ыстық болатыны сондықтан.
Ақжал толқын құмдауыт жағаны ұрғылайды, ақ бауыр шағалалар еркін қалықтайды. Күрең күз… Сары ала жапырақтар баяу қалықтап шашырай түсіп жатыр. Бейне бір сағыныш белгілеріндей.
Қаладан ұзап барамыз. Басың аман, іргең бүтін болсын, жасыл мекендегі қимас бауырлар!
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ
Приозерск қаласы.
Суретте: қала көріністері.