Жастық жігермен – биік межелерге
Сейсенбі күні Қарағанды қаласында жастар жобаларының аймақтық форумы өтті. Жас дарындардың басын қосқан форумда 71 жоба ұсынылды.
Биыл Қарағанды, Павлодар, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында пилоттық режимде Жастар корпусын дамыту жобасы іске қосылды. Бұл – ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен бастамасы. Жоба жастарды қоғамға және тиімді жұмыспен қамтуға қажетті өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту арқылы қоғамдық пайдалы қызметтерге жұмылдыруға бағытталған.
Жобаға қатысушылар конкурстық іріктеу нәтижесінде анықталды. Қарағанды облысында 18 және 29 жас аралығындағы жастардан 557 өтінім келіп түскен. Байқаудың жеңімпаздары оқу гранттарын, шәкіртақылар және жолдамаларға ие болды. Нәтижесінде, бүгінгі таңда облысымызда 71 жастар жобасы жүзеге асырылуда. Жобаларда 241 адам қамтылуда.
Қарағанды облысында гранттық қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 70,5 млн. теңгені құрады.
– Бұл жоба шеңберінде бізде жергілікті жастарды оқытатын өзіміздің менторлар-жетекшілер мектебі құрылды, – дейді Үйлестіру агенттігінің Жастар корпусын дамыту жобасының қоғаммен байланыс бойынша маманы А.Әбіл. – Келесі жылы жоба жалғасын табады. Оған ауылдық жерлердің және шалғайдағы ауылдардың жастары қатысуға мүмкіндік алады. Олар үшін біз арнайы түрде жергілікті жерлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізетін боламыз.
Форумға қатысушылар 1 млн. теңге көлемінде өз жобаларын жүзеге асыруға гранттар алды. Сонымен қатар, оларға оқудан өтуге және ай сайынғы әлеуметтік шәкіртақы алуға (ЖОО және колледж түлектеріне – 61 мың теңге, студенттер мен мектеп түлектеріне – 26 мың теңге) мүмкіндік берілді.
Қарағанды облысының қатысушылары үшін әлеуметтік шәкіртақылар бойынша жоспарланған төлемдердің жалпы сомасы шамамен 4,3 млн. теңгені құрады.
Жобаның мақсаты – жастарды, ерекше осал топтарды қауымдастық өміріне жұмылдыру, сонымен қатар өмірлік маңызды дағдыларды, қауымдастық игілігіне бағытталатын қоғамдық пайдалы іс-әрекеттер дағдысын оқыту бағдарламаларын дамыту болып табылады.
Форум шеңберінде жобаға қатысушылар өз жұмыстарының нәтижелерін ұсынды.
– Біз өз жобамызды тамызда бастадық. Ол бес ай бойы жалғасып келеді, – дейді Наталья Максименко. – Біздің негізгі мақсатымыз – жалғызбасты қарияларға көмек көрсету. Біз Осакаровкада орналасқан «Мейірімділік үйіне» барып, онда не жетіспейтінін біліп қайттық. 40 дана төсек-орын тыстарын тіктік. Алдағы уақытта перделер тігуді жоспарлап отырмыз. Бұл жобаға жетімдер үйлерінің тәрбиеленушілері қатысады. Біздің аталарымыз бен әжелеріміз болған жоқ. Сондықтан, біз еш жақындары жоқ жалғызбасты қарияларға көмектесуді ұйғардық. Біздің тобымызда бес адам бар. Барлығымыз шәкіртақы аламыз. 1 млн. теңге грантты ұтып алған соң, ол ақшаға тігін машинасын, маталар сатып алдық. Жоба аяқталған соң да жұмысымызды жалғастырамыз деп ойлаймын.
Қарағанды облысында жобалардың басым бөлігі білім саласына қатысты болды (23 пайыз). Мәдениет пен демалысты дамытуға бағытталған (18 пайыз) және туризм мен спортқа бағытталған (16 пайыз) жобалар болды.
Көптеген жобаларда мақсатты аудитория аз қамтылған отбасылары, қариялар, жетімдер үйлерінің тәрбиеленушілері және мүмкіндігі шектеулі адамдардан құралды.
Он жоба елді мекендердің жер қойнауын пайдалану және абаттандыру проблемаларына бағытталды. Экологиялық зерттеулерден бастап, ауыз су проблемасы немесе шағын аудандағы қауіпсіздікке дейін қарастырылды.
Нұрқанат ҚАНАФИН
Қарағанды қаласы.