Білім

Жастықтың оты жалындап…

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде руханият бәйтерегі, қазақ әдебиетінің шырағын жаққан тарихи тұлға Бейімбет Майлиннің 130 жылдық мерейтойына арналған әдеби-танымдық кеш өтті. Шараның өтуіне «Жастар әлемі» журналы жанынан ашылған «Үкілі үміт» клубы мұрындық болды. Озық ойлы өрендерді бір арнаға тоғыстырған «Үкілі үмітте» жүрген алғыр жастар алғашқы шараны қаламгер Би-аға мұрасын дәріптеуден бастауды ұйғарыпты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Кешті психолог-педагог, ақын Салтанат Смағұлтегі жүргізді. Университет ғалымдары, оқытушылар, әдебиетке жақын қауым Бейімбет Майлин шығармаларын талдады.

Қаламы ұшқыр журналист Әлімжан Жақан «Би-ағаның биігі» баяндамасында жазушының шығармашылық әлеміне бойлап, әдебиетке қосқан үлесін жеткізді. Мысал әңгіме жазып, балалар тақырыбына қалам тербеп жүрген тіл жанашыры Жұпар Жақан майталман жазушының «Шағын жанр шебері» болғанын, ширек ғасыр ішінде поэзия мен прозаға, драмалық шығармаларды өндірте жазған, ұлттық қалыпты көркем суреттеген классик қаламгер болғанын нақты мысалдар келтіре отырып баяндады.

«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарағанды облыстық филиалының басшысы Индира Жанұзаққызы «Майлиннің қаламы халықтың мүддесін жырлады» тақырыбында, қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы Аида Қайырбекова «Бейімбет Майлин романдарындағы заман шындығы» тақырыбында баяндама жасап, жазушының тарихи шындықты су­рет­тейтін шеберлігін жаңа қыры­нан танытты.

Жас таланттар Би-аға рухына арнау оқып, күмбірлете күй тартты. «Шұғаның белгісі» повесі желісінде сурет салды. «Түйебай» әңгімесін сахналап, кешке көрік қосты.

– Б.Майлиннің Түйебай шы­ғар­масы XX ғасыр басындағы оқу жүйесін, қоғамды нақты әрі батыл жеткізеді. Шығарманың мақсаты – оқырманға сол кездегі жағдайды көрсету. Бірі – ол шығарманы дос­тық жайлы десе, бірі – әлеуметтік теңсіздік, ал, бірі – оқу жүйесінің жағдайы деп білер. Бірақ, бұл жауаптардың бәрі дұрыс. Сондықтан да, ғасырлар тоғысында жазылған әрбір ұлттық шығарманы оқу – бізге міндет, – деп атап өтті биология-география факультетінің ІІ курс студенті, «Үкілі үміт» клубының мүшесі Нұрғасыр Теміржан.

Ұлы мұратқа қол созған, биікке ұмтылған «Үкілі үміт» жастарына жүрекжарды жылы лебіздер айтылды. Алғыр жастар ұлағатты ұстаз Жаңбырбай Ахметұлының батасын аманат ретінде қабылдады.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button