Қарқаралы

Жастармен ашық әңгіме

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Еріктілер жылында атқарылуы тиіс шаралардың негізгі бағыттарын айқындағаны белгілі. «Еріктілердің бойындағы қайрат, жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауылаймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайтынына сенемін. Бұл – ең алдымен өркениетті елдің және зор жауапкершіліктің белгісі», – деді Президент. Еріктілер жылының науқандық шара емес, қоғамға адал қызмет екендігін баса айтты. Осыған орай, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ерікті деген кім? Атқаратын іс-шаралары» тақырыбында бейресми білім беру семинары өтті.


Шараны орталық директоры Асылан Рахымбергенов ашып, шараның мәнмазмұнын түсіндірді.
2017 жылдан бастап аудан көлемінде жұмыс жасап келе жатқан «JasStar» волонтерлік желісінің 20 бөлімшесінде 500-ге жуық жас бар. Қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүрген белсенді жастар қоғамдық шаралардан тыс қалған емес. Қарттарға қол ұшын беріп, мерекелерімен құттықтау, сый-сияпат жасауды игі дәстүрге айналдырған.
Қатарлары күн санап толығып келе жатқан волонтерлермен болған семинарға аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Нұржан Қайырбеков қатысты. Ол қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, жемқорлыққа жол бермеу, халықтың полицияға деген сенімін ақтау секілді іс-шараларды бірлесе отырып атқаруға мүдделі екендігін жеткізді. Аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бас маманы Бекзат Рахымжанов та тосын жайттар орын алған жағдайда волонтерлердің көмегіне жүгінетіндіктерін айтты.
– Семинар тренингтің негізгі мақсаты – «JasStar» волонтерлік желісінің, сонымен қатар, аудандағы волонтерлердің жұмысын жүйелендіру бойынша топтық жұмыстар, жоба жазу, сараптама және үлгі жасау болатын. Тренингке қатысқан 40-тан астам волонтер жеткілікті дәрежеде білім алды, әрі сертификаттарға ие болды, – дейді аудандағы «JasStar» волонтерлік желісінің жетекшісі Дәурен Рахымбек.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button