Жастардың жігерін жаныды
Жастарды Отан қорғау қызметіне, яғни, әскер қатарына шақыру науқаны кезінде жүргізілетін қоғамдық сипаттағы жұмыстардың маңызы ересен. Сәтбаев қаласында осы бағыттағы шаралардың ұтымдылығы жыл санап ширай түсуде. Мақсатты әрекеттерді ілкімді іске асыруға әскерге шақыру жөніндегі қалалық комиссияның жоспарлы жұмысы берік негіз қалап отыр.
Жуырда құрамында қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Руслан Шакерханов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі әлеуметтік нысандарды қадағалау бөлімінің басшысы Тоғызбай Тәжбенов және прокуратура, ішкі істер бөлімі, медицина мекемелері мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері бар комиссия мүшелері әскерге шақырылушы жастармен, сондай-ақ, олардың ата-аналарымен кездесу өткізді.
Әңгіме барысында Тәуелсіз елдің Қарулы күштері қатарында қызмет етудің ерекшеліктері мен қажеттілігі хақында егжей-тегжейлі сөз қозғалды. Отан алдындағы қастерлі парыздан бас тарту жағдайларына қатысты қолданыстағы заңнама аясында қарастырылған жазалау тәртіптері туралы түсініктеме берілді.
Комиссия мүшелері әскерге шақырушылар мен олардың ата-аналарын қызықтыратын алуан түрлі сауалдарға тұщымды жауаптар қайтарды. Өз кезегінде ата-аналар қауымы жылыжүзді жүздесуге шақырып, мәселеге қатысты толыққанды мәліметтер бергені және жастардың жігерін жанығаны үшін ұйымдастырушы тарапқа ризашылықтарын білдірді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
СӘТБАЕВ қаласы.