Жастар тәлімгерінің жарқын жеңісі
Қарағанды медицина университеті клиникасының бас хирургі Нұрқаси Абатов “Еңбек жолы” республикалық байқауының «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
«Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық байқауының жеңімпазы, «Үздік хирург – 2010» номинациясы бойынша Қарағанды облысы әкімі сыйлығының лауреаты Нұрқаси Абатов – ұзақ жылдан бері эндоскопиялық хирургия, урология және кеуде хирургиясы саласында жемісті еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет бүйрекке, сондай-ақ сары ауру кезінде ұйқы безі мен өт жолдарына лапараскопиялық реконструктивті ота жасаған білікті маман ретінде де республикаға танымал.
100-ден астам ғылыми мақаланың авторы, 7 патент иегері Нұрқаси Төлепбергенұлы бүгінгі таңда Қарағанды медицина университетінде студенттер мен резидент дәрігерлерді оқытып, тәжірибесімен бөлісуде.
– Мен Нұрқаси ағаның алғашқы шәкірттерінің бірімін. Оның жетекшілігімен магистратура мен докторантураны бітірдім. Оның тәлімгерлігімен 4 докторлық және 8 магистрлік жұмыстар қорғалды. Менің осындай тәлімгерім болғанына бақыттымын. Сонымен қатар ол резидент дәрігерлердің тәлімгері. Оқыту кезінде өз оқушыларын клиникалық процеске толығымен жұмылдырады, күн сайын өзі профессорлық аралау өткізеді. Пациенттерді аралау кезінде, операциялар барысында, операциялық үстелдегі клиникалық талдауларда білімімен бөліседі. Оның басшылығымен оқушылар операция жасайды. Тұрақты негізде көшпелі және стационарлық шеберлік сабақтар өткізеді. Жастар мен тәжірибелі дәрігерлерге одан үйренетін нәрсе көп, – дейді ҚМУ клиникасының хирургиялық бөлімінің меңгерушісі Руслан Бадыров.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ