Жастар – ел ертеңі
Қазіргідей күрделі кезеңде жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру – аса маңызды. Осы мақсатта Қарағанды университеті жанынан ашылған «Жастар орталығы» коворкинг залында жас белсенділер мен студенттер университет басшысы Нұрлан ДУЛАТБЕКОВПЕН кездесу өткізді.
Аталған шара барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін көпшілікке кеңінен түсіндіріп, осы бағытта еркін түрде пікір алмасу өтті. Сондай-ақ, сын сағаттарында арандатушылықтан алшақ болып, ауызбіршілікте өмір сүруіміз керектігін айтты. Қай кезде болмасын студенттерге барынша қолдау көрсететін ізгі ниетін білдіріп, қысқы демалыс кезінде «Студенттер үйінде» қалып, белсенділік танытқан студенттерге еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты алғашқы көмек ретінде азық-түлік қоржындарын табыстады.
– Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан да, біз оларға қолдау көрсетуді дәстүрлі түрде жалғастыра береміз. Жастар бастысы, сабақтарын жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып, еліміздің ертеңі үшін аянбай қызмет ететін білікті әрі бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуы қажет. Шындығында, олардың сапалы білім алуына барлық жағдайды жасап жатырмыз. Университетіміздің намысын ел көлемінде және шет елдерде де лайықты қорғап жүрген білім алушыларымызбен мақтанамыз. Мынадай күрделі кезеңде олардың бос уақытын тиімді пайдаланып, азғырушыларға ермей, аман-есен жүру біз үшін – аса маңызды, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Сонымен қатар, студенттер үшін 12-24 қаңтар аралығында «Аюлы» спорт кешені, «Университет моншасы», «Университет мұз айдыны» тегін қызмет ететінін мәлімдеді. Жиынға қатысқан студенттер Нұрлан Орынбасарұлына шексіз алғысын жаудырып, естелікке суретке түсті.
– Біз университет басшылығының қамқорлығын үнемі сезінеміз. Бар жағдайымыз жасалған. Бос кезімізде кітап оқып, спортпен айналысып, еріктілер штабы қатарында жүріп те қоғамдық жұмыстарға атсалысамыз. Жаман әдеттерге үйір болмай, соңымыздан ерген іні-қарындастарымызға үлгіөнеге көрсету – парызымыз. Аға буынның осындай қамқорлығы бізді ынталандыра түседі, – дейді ҚарУ-дың IV курс студенті Бектас Жұман.
Осындай өзара ынтымақтастық пен түсіністік бар жерде, даму мен ілгерілеу және береке-бірлік болары сөзсіз.
Жәлел ШАЛҚАР.