Ресми

Жастарға қолдау жан-жақты

Jas Fund Қарағанды облысы жастарының зияткерлік және шығармашылық бастамаларын қаржылай қолдау қоры өтінімдер қабылдауды бастады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте талантты жастарға қаржылай қолдау көрсету ережелері туралы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұржан Ілияш пен Pixel жобалық кеңсесінің басшысы, Jas Fund дарынды жастарды қаржылай қолдау қоры жобасының менеджері Абай Амантай айтып берді.

Сурет lovepik.com

Ақшалай көмек республикалық және халықаралық деңгейдегі конкурстарға, олимпиадаларға, көрмелерге және басқа да іс-шараларға қатысу үшін, сондай-ақ, жастарға арналған шығармашылық, зияткерлік немесе қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға бөлінеді.

– Біз шығармашылық және зияткерлік іс-шараларға, өткен жылдан бастап спорттық іс-шараларға қатысуға өтінімдер қабылдаймыз, – деді Абай Амантай. – Жылына 100-ден астам өтініш келіп түседі. Барлық өтінімдерді арнайы комиссия қарайды. Дауыс беру арқылы қайсысы мақұлданатыны шешіледі. Қаржылық қолдау сомасы 100 АЕК дейін болуы мүмкін. Яғни, бұл биыл 369 200 теңге. Қаржылық көмекке өтінім берген үміткерлердің жасы – 14-тен 34 жасқа дейін болуы керек.

Оның айтуынша, өтініш беру үшін жеке куәлікті ұсыну жеткілікті. Қатысушы ұсынған жобасының тұжырымдамасын және алынған ақшалай көмек қайда жұмсайтыны туралы жоспарды ұсынады.

– Жоба жастар аудитория­сына бағдарлануы тиіс. Негізгі талап – осы. Өтінімдер jasfund2024@gmail.com электрондық поштасы арқылы қабылданады, – деді ол.

Спикер биыл жалпы қор 10 млн. теңге екенін де айтып өтті. Жалпы, жоба аймақта 2021 жылдан бастау алған. Үш жыл ішінде 14 млн. теңгеден астам сомаға 50 өтініш қолдау тапқан.

Нұржан Ағыбайұлы аймақ жастарының волонтер ретіндегі еңбегін атап өтті.

– «Біз бармыз», «Жастар рухы», «VolteQ» сынды волентерлық ұйымдар өте белсенді. Биыл орын алған табиғи апаттар кезінде ерік-жігер көрсетті. Еріктілерді қолдау жобасы бар. Еңбегімен көзге түскендерді марапаттаймыз, – деді ол.

«Жасыл ел» еңбек жасақтары қатарына биыл 4820 адам қатысуға ниет білдірген. Бұл – басқарма басшысының айтуынша, қаражат табу әрі еңбекке баулудың жақсы мүмкіндігі.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button