Бас тақырып

Жастарға қолдау қандай?

Әлеуеті зор, іскерлік кезеңдегі жастардың проблемасы – қашан да күн тәртібінен түспеуі тиіс мәселе. Ойлы жастың ерік-жігерін дұрыс жолға бағыттап, ертеңгі күні елдің әлеуетін көтеретін алпауыт күшке айналдыру үшін елімізде атқарылып жатқан шаруалар да аз емес.

«Қазақтың ренессанс дәуірі яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді. Біз, аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы дәріптеуіміз керек. Жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Оларды осындай теріс әдеттерден қашық болуға үйретуіміз керек» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзгерісті мадақ үшін емес, өзі үшін жасау керектігін үндеген болатын. Облыста жастар саясаты қалай жүзеге асырылуда? Мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі? Жастардың белсенділігі қандай? Бұл сұрақтарға Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында құзырлы орган өкілдері жауап берді.

Облыс халқының төрттен бірінен астамы – 35 жасқа дейінгі жастар. Оның ішінде, қала жастарының саны – 251 427 болса, ауыл жастары – 73 774.

– Жастық шақ – бұл әр адамның өміріндегі әдемі кезең ғана емес, сонымен бірге ерекше ақыл-ой жағдайы. Бұл – батыл үміттерді іздеу, ашу және іске асыру уақыты. Дәл бүгінгі оқушылар, студенттер, жас жұмысшылар, кәсіпкерлер, ғалымдар – Қазақстанның даму жолдарын анықтайды. Жастардың жан-жақты дамуы мен қалыптасуына қажетті жағдайлар мен кепілдіктер жасау үшін түрлі бағыттарда мақсатты жұмыс ұйымдастырылды, – дейді облыстың жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ұлан Омаров.

Облыста жастарды өңір экономикасының дамуына белсенді тарту, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, жастардың әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсетуде ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, Ұлан Тұрарұлы биыл 2023 жылы жастар саясатын қаржыландыру көлемі 2457 млн. теңге болғанын айтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға жоғары.

Әлбетте, жастар саясатын іске асыруға Жастар ресурстық орталығының қызметі ықпал ететіні сөзсіз. Мұндай орталықтар облыста – 14. Биылдың өзінде 193 799 адамды қамтитын 2386 шара өткен. Олар заңгер мен психологтың көмегі, жұмыспен қамту жөніндегі бағдарламаларға түсіндірме, кәсіпкерлік мәселелері сияқты жұмыстарды қамтиды.

Ұлан Тұрарұлы жоғарыда аталған ауқымды шараларға қарамастан, проблемалық мәселелер бар екенін жоққа шығармайды. Олардың ең бастысы – жұмыссыздық және NEET жастар.

– 2023 жылғы 2 тоқсанның қорытындысы бойынша NEET жастардың үлесі – 10,8%. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6%-ға жоғары. Ал, жастардың жұмыссыздық деңгейі – 3,4%, – дейді Ұлан Омаров.

Облыста NEET жастардың үлесін және жұмыссыздықты азайту мақсатында атқарылған шараларға да тоқталды Ұлан Тұрарұлы. Мәселен, өтініш білдірген 11 141 жастың 7238-і жұмысқа орналастырылып, Жастар практикасына 294 адам жіберілген.

Одан бөлек, облыстағы кәсіпорындарға да тұрақты жұмысқа орналастыру белсенді жүруде. Мәселен, «Saran» индустриялық аймағының кәсіпорындары, атап айтқанда, «KamaTyresKZ» ЖШС, «QazTehnа» ЖШС-не жұмысқа орналастыру мақсатында жұмыс берушілер жоғары оқу орындары мен колледж түлектерімен тиісті мамандықтар бойынша кездесулер ұйымдастырған. Тіпті, жастардың қызығушылығын ояту мақсатында Айдос Әрінов, Бақтияр Омарханов тәрізді танымал блогерлер де тартылған.

Жыл сайын жастардың бизнес жобаларын қолдауға мақсатты гранттар бөлінетінін де айту керек. Ұлан Тұрарұлы 645,6 млн. теңге сомасына 143 микрокредит, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы жастар үшін 53 грант берілгенін айтады. Одан бөлек, «Дипломмен ауылға!» жобасы аясында ауылдық жерге жұмысқа келген әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешеннің дипломды жас мамандары, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметкерлері көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға несие алады.

– «Дипломмен ауылға!» жобасы бойынша 2023 жылға 201 әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандарына, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне тұрғын үй сатып алуға 1 040,2 млн. теңге сомасында қаржы бөлінді. 335 маманға 115,6 млн.теңге көтерме жәрдемақы қарастырылды. Сондай-ақ, 151 маман 52,1 млн. теңгеге көтерме жәрдемақы алды, – дейді Ұлан Омаров.

Жастар саясаты мәселесіндегі маңызды бағыт – жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін сақтау мақсатында осы санаттағы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің кешенді жоспарына сәйкес 2023-2027 жылдарға 470 пәтер бөлу жоспарланған.

– 2022 жылдан жас мамандарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарлама іске асырылуда. Бағдарлама пилоттық режимде облыс орталығында қолға алынады. Барлығы 7 әлеуметтік маңызды санат бойынша 92 несие бөлінді. 2023 жылы республикада алғаш рет осы бағдарламаға моноқалалар қатысады. Жалпы бюджет 2,75 млрд. теңге, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Облыста 4,5 мың жасты қамтитын 73 еріктілер ұйымдары мен тобы жұмыс істейтіні де айтылды баспасөз мәслихатында. Бұл туралы облыстың Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Алена Фрибус мәлімдеді. Оның айтуынша, еріктілікті қолдау мақсатында жеделхат-бот құрылған. Онда қазір 450 ерікті мен 68 ұйым тіркелді.

– Өткен жылы облыстың еріктілер ұйымдары арасында грант алуға конкурс ұйымдастырған болатынбыз. Жалпы қор – 2,5 млн. теңге. Биыл жобаны іске асыруға 5 млн. теңге бөлінді. Жалпы, облыс бойынша 2023 жылы волонтерлік қызметті қаржыландыруға 36,7 млн. теңге бөлінді, – дейді Алена Алексеевна.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button