Білім

Жасанды интеллект және әдебиет

Қазіргі білім беру жүйесінде әдебиетті оқыту тек мәтінді меңгертумен шектелмейді. Ол – оқушының ойлау қабілетін дамытуға, рухани дүниесін байытуға бағытталған күрделі үдеріс. Әсіресе жоғары сыныптарда, соның ішінде, орыс сыныптарында қазақ әдебиетін оқытуда бұл міндет тіптен өзекті. Осы тұста жасанды интеллект пен цифр­лық платформалар көркем мәтінді оқушыға жақындатудың тиімді құралына айналып отыр.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Сабақ барысында Magic School, Canva, D-ID, Rocket AI сияқты платформаларды қолдану әдеби шығарманы «тірі мәтінге» айналдырып, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырады. Мәселен, 10-сыныпта Қайнар Олжайдың «Жер мен аспан арасындағы дастан» шығармасын оқыту кезінде визуалды және дыбыстық құралдар кеңінен пайдаланылды. Canva платформасында дайындалған символдық бейнелер мен поэтикалық үзінділер оқушыларды шығарманың философиялық мазмұнына жетелесе, D-ID арқылы мәтіннің дыбысталып берілуі поэзияны сезіну деңгейін күшейтті.

Ал, Magic School көмегімен ұсынылған тапсырмалар оқушыларды терең ойлауға, көркем образдарды талдауға және шығарманы бүгінгі өмірмен байланыстыруға мүмкіндік берді. Оқушылар топтық жұмыс барысында инфографика, постер, шығармашылық жобалар әзірлеп, өз көзқарастарын дәлелдеуге тырысты.
Осындай тәсіл 9-сыныпта Қасым Аманжоловтың «Жас дәурен» өлеңін оқытуда да тиімді нәтиже көрсетті. Rocket AI арқылы дайындалған аудио нұсқа мен Canva-дағы бейнематериалдар өлеңнің эмоциялық қуатын ашуға сеп болды. Нәтижесінде оқушылар лирикалық кейіпкердің ішкі жан дүниесін терең түсініп, өз ойларын еркін жеткізе алды.

Тәжірибе көрсеткендей, жасанды интеллект қолданылған сабақтарда оқушылар тек білім алып қана қоймай, шығармашылық тұрғыдан дамиды, көркем мәтінге жеке көзқарас қалыптастырады. Дегенмен, цифрлық құралдар мұғалімді алмастырмайды. Керісінше, ұстаздың әдістемелік шеберлігі мен бағыт-бағдарын толықтыратын көмекші құрал ретінде қыз­мет етеді.

Жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды тиімді пайдалану – қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың сапасын арттыратын заманауи тәсіл. Мұндай сабақтар оқушылардың сыни ойлауын дамытып, ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын күшейтеді.

Толқын ҚАДЫРОВА

Басқа материалдар

Back to top button