Жаңалықтар

Жасампаз жылдардың шежіресі

       Әрбір адамның өмірге деген көзқарасы, идеалдары мен құндылықтар жүйесі бар. Ұлы идеялардан туындаған ғаламат ойлар – ұлттық тарих пен мемлекет мүддесінің шынайы бейнесінің жазылуына себеп. Елбасының сарабдал саясаты нәтижесінде, Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы стратегиясының басым бағыттарында, алдымен, халықтың ішкі бірлігі мен бірегейлігін қалыптастырып, дербес елдік пен мемлекеттілікті сақтау идеясы басты құндылық болып, әрқайсымыздың жүрегімізге берік орнады.

2017 жылы, барша Қазақстан халқының ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанада Қазақстан Республикасының Президенті, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінің жарық көруі қоғамға рухани сілкініс әкелді. Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы – тұтас бір дәуірдің тарихын қамтыған құнды деректерге толы еңбек. Онда егемендік алған жас мемлекеттің 1991 жылдан бергі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуы тарихтың даму заңдылығы үдерісімен публицистикалық жанр әдісінде қалың оқырман қауымға жеңіл баяндалады. Тіпті, әр жылдардағы мемлекет дамуының статистикалық есептері, стратегиялық жоспарлары мен еліміздің тағдыршешті әрбір шешімі, жетістігі мен жеңісі кітапта түгел қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ елінің Тәуелсіздік жылдарындағы тарихы жазылған салмақты энциклопедиялық шежіресі саналады.

Сондықтан да, бұл кітап бүгінгі күнде ғылыми-зерттеу институттары мен сарапшылық орталықтарда және ЖОО-ларда кең ауқымды талқылауларға өзек болып, қоғамның зор қызығушылығын тудырып отыр. «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі туралы пікір білдіріп, мақалалар жариялаған авторлардың барлығы кітаптың іргелі энциклопедиялық еңбек екенін, онда еліміздің жаңа тәуелсіз даму дәуірінде жүріп өткен жолының нақты тарихи деректер мен фактілерге сүйеніп, шынайы баяндалғаны туралы өздерінің бағаларын беруде.

Осы орайда, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының профессор-оқытушы құрамының ұйымдастыруымен: «Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі кітабы – Тәуелсіздік энциклопедиясы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараға Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Думан Малаев, Қарағанды қаласы білім мекемелерінің басшылары Сән Ізтілеуова, Сәуле Ізтілеуова, Жанар Сәлімбаева және облыс, қала мектептерінің тарихшы мұғалімдері қатысып, өз тараптарынан қосқан келелі ой-пікірлерін ортаға салып, дөңгелек үстел жұмысының ойдағыдай өтуіне үлес қосты.

Ғылыми танымдық салмағы мен тәрбиелік маңызы зор жиынның модераторлық тізгінін алған кафедра меңгерушісі тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жамбыл Жұмабеков: «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы тарихи публицистика жанрында жазылған, ол еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады. Еңбекте 1990-шы жылдан бергі мемлекет дамуының тұтас бір кезеңінен бергі егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасуы мен 26 жылдық Тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады. «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы шын мәнінде, мемлекетіміздің бүгінгі дамуын жан-жақты қамти отырып, өзекті мәселелерге ғылыми тұжырымдар жасалған Қазақстанның қазіргі заман тарихы», – деді.

Профессор Валерия Викторовна «Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы – Қазақстан Республикасының энциклопедиясы» тақырыбында жасаған баяндамасында 1990 жылдардың басында, егемендіктің алғашқы жылдарындағы орын алған әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарды еңсеруде дер кезінде шешімін тауып отырған Елбасының ерен еңбегіне тоқталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы органының Қазақстан қоғамының ішкі тұрақтылығы мен халықтың бірлігін нығайтудағы атқарып жатқан жұмысының жолға қойылып, бүгін ішкі саясаттағы жемісті қызметінің жолға қойылуына да Елбасының көреген саясатының жемісі екенін баса айтып, ғылыми дәлелдерімен негіздеп отырды. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрделілігіне қарамастан жарқын болашақ жолындағы прагматикалық болжауларға сүйенген Елбасының 1995 жылы Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы Жарлығы ғасырдың стратегиялық шешімі болып табылатынын баяндады.

Расымен де, Тәуелсіздік күні қарсаңында жарық көрген Елбасы кітабының Қазақстан тарихы ғылымы үшін дереккөз ретінде құндылығы мен маңызы зор саналады.

Ғылым жолындағы ұстазым, «Күлтегін» сыйлығының иегері, профессор Сатай Сыздықовтың: «Еңбекте Қазақстанның даму үлгісінің эволюциялық тарихына негізделген тәуелсіздік шежіресі жазылады», – деген ғылыми пікірі орынды-ақ. Себебі, Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы тарихқа, саясатқа, мемлекет дамуына байланысты жазылған тарихи тұжырымдарынан біз ұлттық тарихты зерделеудің теориялық-методологиялық әдісін қалыптастыруымыз керек. Бұл еңбекті орта білім беру жүйесіндегі мектептердегі оқушыларға түсіндіруде белгілі бір әдістемелік және әдіснамалық негіздерге сүйеніп, білім алушылардың жүрегіне жол табуға болады.

Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруға ұмтылған халқымыздың энциклопедиялық тарихи шежіресі. Еңбектің 4 ірі бөліміндегі 32 параграф пен 260 тақырып – тұтас дәуірдің тарихын қамтыған құнды шығарма. Осы еңбектегі аталған 260 тақырыпты университет, колледж, мектептердегі білім алушыларға Қазақстан тарихы пәнінен эссе, шығарма, ғылыми жоба, курстық және диплом жұмыстарын жазу барысында кеңінен қолдануға болады.

№36 мектептің директоры Сәуле Ізтілеуова Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы тақырыптар бойынша Қарағанды қаласы мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларына шығарма, эссе жұмыстарын жазғызудың жолдарын көрсетті. Ата-аналар комитетімен бірлесіп «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі бойынша тәрбие сағаттарын өткізудің нәтижесі жастардың бойындағы патриоттық рухты нығайтатынын жеткізді. № 53 мектеп-лицейінің басшысы Сән Ізтілеуова Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын жан-жақты насихаттау жастардың бойындағы рухани-зияткерлік әлеуетін дамытатынын және еңбектегі баяндалған тарихи фактілердің Қазақстан тарихы пәнін жүргізуде көмегі зор болатынын айтты. №44 негізгі мектептің басшысы Жанар Сәлімбева: «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы бүгінгі күндегі білім беру мазмұнын жаңғырту барысында маңызды рөл атқарады, себебі, еңбектегі тарихи мағлұматтар оқушыларға Қазақстан тарихының даму үдерістерін түсінуге, ой талқысынан өткізуге мүмкіндік береді», – деп кітап құндылығының жоғары екенін айтты.

Дөңгелек үстел жұмысында құнды пікірлерін ортаға салған өзге де қатысушылардың сөйлеген сөздерінде Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы баяндалған оқиғалардың Қазақстан халқы үшін дәуірлік оқиғалармен өрілген Тәуелсіздіктің, ширек ғасырдан астам уақыт ішіндегі жасампаздық пен келісімнің жылнамасы, бұл белестің басты жетістігі – еліміздің бүгіні мен болашағының берік іргетасы қаланғанын жеткізді.

Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының құндылықтарын насихаттауға арналған іс-шараның қорытындысында елімізді қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында жаңғырта отырып, әлемдегі барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарынан болашақта орын алатынына қалтқысыз сендік. Себебі, оған «Мәңгілік ел» идеясы құндылықтарының аманатына адалдық танытып отырған Қазақстан халқының рухани және зияткерлік әлеуетінің орны мен жасампаздығы негіз болады.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының аға оқытушысы,

PhD докторанты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button