Руханият

Жас жігерді жаныған рух

Жас жыршылар Абылай ханның сенімді баһадүрлерінің бірі Ша­нышқалы Бердіқожаның рухын жаңғыртты. Қатысушылар ақын, Мем­лекеттік сыйлықтың иегері Не­сіпбек Айтұлының «Бердіқожа батыр» поэмасын жатқа оқыды. Жыршылар сайысы облыстық дең­гейде болғанымен, Жезқазған, Ақтөбе, Астана, Қызылордадан үміткерлер келген. Сайысты Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының облыстық филиалы және «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебі мен «Бердіқожа батыр» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Жыршылар сайысы үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Алғашқысы қазақтың соңғы ханы Кенесарының 220 жылдығында өткен. Үміткерлер Доскей Әлімбаев пен Нысанбай жыраудың Кенесары хан туралы дастандарын жатқа оқыған. Екіншісі халық ақыны Жәкен Байтуовтың «Бөрі батыр» дастаны жанданған. Биыл Бердіқожа батыр ұрпақтарының демеушілігімен Достық үйінде өтті. Қазылар алқасының құрамында болған талантты айтыскер ақын Дидар Қамиев жыршылар сайысына қатысушылардың саны жылдан жылға артып келе жатқанын мақтанышпен айтты.

– Бүгінгі технологиялар мен ақпарат заманында балалардың көлемді жырларды жаттауы қиынға соғады. Жас ұрпақтың асыл мұраға деген қызығушылығы төмен деп қам жейтін едік. Бірақ, үш жыл қатарынан ұйымдастырылған сайыстарға қарап отырып, көңіліміз жұбанып отыр. Ғаламтордағы түрлі контенттерден, ойындардан бас тартып, жырға ден қойғандары қуантады. Сондай еңбектенген балаларды ынталандыру – маңызды мәселе. Осы тұста батырдың ұрпақтарына зор алғысымызды білдіреміз, – деді Дидар Қамиев.

Сайыстың шымылдығын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов құттықтау сөзбен ашып берді.

– Ата-бабаларымыз жас ұрпақты осы батырлар жырымен тәрбиелеген. Батыр­лар жыры – баланың ер азамат, тұлға, батыр болып өсуіне зор ықпал ететіні белгілі. Сол себепті де, Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының облыстық филиалы және «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебі мен «Бердіқожа батыр» қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған сайыстың тәрбиелік мәні зор деп есептеймін. Ұлттық тәрбие мектебі одан әрі жандануына тілектеспін! – деді Нұрлан Бикенов.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Бердіқожа батыр туралы ғылыми еңбектердің авторы Берік Рахымов баяндама жасады. Ол батырдың қазақ тарихында алатын орны хақында айтты. Сонымен қатар, өзекті мәселені де көтерді.

– XVII ғасыр – батырлар ғасыры. Бұл кезеңде «Қазақ халқы жер бетінде қалады, не жойылады» деген сұрақ тұрды. Цин мен Ресей империясының ортасында қалдық. Жоңғарларды қосыңыз бұл қатарға. Жағдай өте ауыр болған. Сол тағдырымыз жар шетіне таяған жылдарда бір өзі он жауынгерге татитын шері жүрек батырлар тарих алаңына шықты. Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Айдабол Олжабай, Жасыбай, Уақ, Баян және Шанышқалы Бердіқожа батырлар ұлттың аман қалуы жолында шешуші рөл атқарды десек, қателеспейміз. Бердіқожа батыр туралы бір ғана жыр сақталып қалған. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында жатыр. Жырда Қаздауысты Қазыбек би, Төле би, Әйтеке билер бар. Бердіқожа батырдың қоршауда қалған батырларды аман алып қалуы секілді түрлі ерліктері жырланады. Батырларды, олардың ел мұраты жолында жасаған ерліктерін дәріптеу арқылы жас ұрпақтың рухын көтеруге болады. Осы күнде неге сол баһадүрлердің есімдерін көшелерге бермеске? Осы мәселеге назар аудару – маңызды, – деді Берік Рахымов.

Қатысушылар сахна мәдениетіне де баса мән беріпті. Мәселен, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің студенті Толғанай Мейіржан батыр­дың сауытына арнайы тапсырыс беріпті. Қайқы қылышы белінде. Ол Несіпбек Айтұлының «Бердіқожа батыр» поэмасын жаттап алған.

– Жаттау қабілетім жақсы. Поэмаларды бұған дейін де жаттағанмын. «Бердіқожа батыр» поэмасын 10 күнде жадыма тоқып алдым. Бір күнде бір тараудан еңсеріп отырдым. Бастысы – ниет, – деді Толғанай Мейіржан.

Жаттап айтқандардан бөлек, поэманы домбырамен мақамға салып жырлағандарға да жеке жүлде тағайындалды. Сайыста жалпы саны 26 жүлдегер болды. Екі аталымның бас жүлде игерлеріне 500 мыңнан берілді. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы да бірнеше жүлде тағайындады.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button