Жасөспірімдер вакцинациясы басталды
Қарағандылық жасөспірімдер Pfizer вакцинасының алғашқы дозасын алды. Кеше облыс орталығында ұйымдастырылған үш егу пунктінде жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакциналау басталды. №3 емханада, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы және Майқұдықтағы №1 көпбейінді ауруханаға облыстың басқа қалалары мен аудандарындағы егу орталықтары қосылатын болады.
Pfizer-ді алғашқылардың бірі болып алған Елизавета Айгозинаның жасы 17-де. №3 емханадағы вакцинация орталығына анасы – Марина Елтековамен келіпті.
– Өзіме де, өзгеге де қауіп төндіргім келмейді. Мен ауырған жоқпын, бірақ, ауырған туыстарымды көрдім. Вакцина алғысы келетін көптеген таныстарым бар. Алайда, олардың ата-анасы «бұл қауіпті» деп рұқсат етпейді. Бетперде тағудан құтылғымыз келсе, вакцина алу керек, – дейді Елизавета. Анасы болса, баласының ниетін қолдағанын жеткізді.
– Вакцинация – әлемдік практика. Бала оқиды, бәлкім Еуропаға баратын шығар. Мұнда ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын, – деді М.Елтекова.
Коронавирус инфекциясынан қорғанудың тиімді жолы вакцинация екенін №3 емхана директоры Сәния Боранқұлова да атап өтті.
– Бүгінде облыс халқының 70%-ы вакцина алды. Бүгін коронавируспен күрестің жаңа кезеңі басталады. Біз 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді, аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерді вакциналауды бастадық. Оларды қорғайтын Pfizer компаниясының Камернати (Comirnaty) вакцинасы. Қарағанды облысына 40 мыңнан астам доза жеткізілді. Одан бұрын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ алған екі үлкен және екі шағын арнайы тоңазытқыш келді. Бұл вакцина -60 -90 С° температурада сақталу керектігін білесіздер, – деді С.Боранқұлова.
Емхана басшысының айтуынша, оқушылар мен олардың ата-аналарының арасында ақпараттық түсіндірме жұмыстары белсенді жүргізуде.
– Қазір біз 16 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакциналап жатырмыз. Егер салдыратындар болса, 12-ден 16 жасқа дейін де сала береміз. Біз оған дайынбыз. Вакцинаның суық тізбегі толығымен сақталады. Орталық вакцинация қоймасынан әкелінген вакцина осында -8 -12 С° температурада сақталады. Осы күйінде оны бір ай сақтауға болады, – деп түсіндірді Сәния Нұртасқызы.
Сонымен қатар, вакцинация мектептерде де жасалатын болады. Емханаға қарайтын 12 білім беру ошағында арнайы оқытылған медбике отырады, вакцинаны жеткізу мен сақтау талаптары сақталады.
– Ата-аналар қалауы бойынша баласына емханада немесе мектептің өзінде екпе жасата алады. Оған қатысуына да болады. Ата-аналардың келісім беруі міндетті. Әлбетте, қазір көпшілік ата-анада қорқыныш бар. Алғашқы болып бастау қашанда қиын. Бірақ, уақыт өте келе біздің ата-аналарымыз ақылға жеңдіріп, екпе салғызуға рұқсат етеді деп сенемін. Ата-аналардың қорқынышы мен уайымын басуға жұмыс істейтін дәрігерлер де, психологтар да бар. Қазір біз ата-аналары келісім берген оқушылардың тізімін жасап жатырмыз. Барлық оқушының 10%-ның ата-анасы келісім берді. Бұл – жақсы көрсеткіш, – деді Сәния Боранқұлова. Бұдан бөлек, жүкті әйелдер мен бала емізетін жас аналардың вакцина алу мүмкіндігі туралы айтылды. Емхана бойынша қазіргі таңда 750 аяғы ауыр және 1500 бала емізетін ана есепте. Сәния Нұртасқызының айтуынша, вакцинаны жүктілік мерзімі 16-37 апта болатын әйелдерге және босанғанына 42 күн өткен жас аналарға салуға болады.
– Жүктіліктің мұндай мерзімі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бекітілген. 16 аптаға дейін ұрық дамиды, ал, 37 аптадан кейін дүниеге келуге дайындала бастайды. Осы екі аралық ішінде вакцина жасау тиімді болады, – деді директор. 3 айлық баласымен келген Ләззат Тілегенова дәрігерлердің тексеруінен өтіп, вакцина салдырып шықты.
– Мен – екі баланың анасымын, – дейді күту бөлмесінде отырған ана.
– Балам өскен сайын далаға, көпшілікке жиі шығатын болдық. Осыған байланысты вакцина алуды қажет деп шештім. Әрине, қорқыныш бар. Бірақ, COVID-19 жұқтырып, ауыру қаупі одан зор. Себебі, мен вирус жұқтырып, ауырған адамдарды көрдім және оның салдары қалай болатынын білемін. Акушер дәрігер Pfizer келді дегенде, көп ойланған жоқпын. Вакцинаның айтарлықтай кері әсері жоқ екенін алдында оқығанмын. Оның үстіне тегін салынады, – деді Ләззат Тілегенова.
Вакцинаның бір ампуласы 6 адамға есептелген. Сондықтан, алғашқы күні мұнда 6 жасөспірім мен 6 жас ана вакцина алды. Енді, вакцинацияға жазылып, жоспар бойынша жасалатын болады. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша облыста 12-17 жас аралығындағы 199 313 жасөспірім бар екен.
Жансая ОМАРБЕК.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.