Жас полицейлер ант қабылдады

Қарағандылық жас полицейлер қызметін адал әрі абыроймен атқаруға, ел азаматтарының құқығы мен бостандықтарын қалтқысыз қорғауға салтанатты түрде ант берді.

Сонымен қатар, 10 полиция қызметкеріне алғашқы арнаулы атақтар табысталды.

Ресми жиынға полиция департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері мен жалпы білім беретін мектептердің кадет сыныптарының оқушылары қатысты.

Жиынды Қарағанды облысы ПД бастығының бірінші орынбасары, полковник Құрманғали Ысмағұлов ашты.

Ол жас әріптестерін құттықтап, Отанға адал қызмет етіп, үлгі тұтар тәртіп сақшылары болатынына сенім

білдірді.

  • Полициядағы қызмет – бұл заңға және адамдарға деген терең құрметке негізделген, үлкен шыдамдылық пен азаматтық борышты, адалдық пен әділдікті талап ететін қиын жұмыс. Сіздердің борыштарыңыз – қоғам тарапынан көрсетілетін құрметке сай қызметтік міндеттерді абыроймен орындау және Қазақстан Республикасының азаматы мен патриоты деген құрметті атаққа ие болу, – деді өз құттықтауында.

Сонымен қатар, жас қызметкерлерді Қарағанды облыстық Ішкі істер органдары және Ұлттық Ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Жұман Нұрпейісов те құттықтап, ант қабылдау – әрбір полиция қызметкері үшін өміріндегі ерекше сәт екендігін атап өтіп, жастардың азаматтық борышын абыроймен атқаруларына тілектестік білдірді.

Салтанатты шара соңында жедел қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздарының көрнекі жаттығулары көрсетіліп, полиция қызметкерлері мен арнайы техникалар шеруі ұйымдастырылды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.