Жас өнертапқыштар Қарағандыда кездесті
Робот жасаудың флагманы атанфдәстүрлі «Roboland – 2017» фестивалі өтті. Бұл фестиваль – оқушылардың техникалық салаға қызығушылығын арттырып, зияткерлік білімін шыңдауға мүмкіндік береді. Қазақстанның жас өнертапқыштарының фестиваліне Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ қатысты.
Атап өткен жөн, Қарағанды облысы – мектептерге робототехниканы енгізуде республика көлемінде көшбасшы.Үш жыл бұрын облыста робототехника бойынша 17 зертхана болса, қазіргі таңда олардың саны – 90-ға жуық. Оған қоса, биыл облыс мектептері 250 зертханамен, 3Д принтерлермен, жаңа бағдарлама әзірлемелермен, «Лего» және «Ардуино» роботтар сериясымен жабдықталды. Әрине, бұл оқушылардың ғылым мен инженерлік іске деген қызығушылықтарын арттыруға серпіліс берді. Нәтижесінде, облыстың командасы робототехникадан Томск қаласында өткен жарыста бас жүлде мен бірінші орын, ал, республикалық «КazRobotiсs» олимпиадасында бірінші орын алды. Елімізде білім берудің стратегиялы бағыттарының бірі – бірыңғай ақпараттық басқару жүйесін енгізуде екенін, сондай-ақ, облыс осы үрдістің флагманы болып табылатынын атап өткен министр Қазақстанның жас зерттеушілеріне сәттілік тілеп, халықаралық фестивальді ашты. Облыстық білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов қонақтарды фестивальдің өту ретімен таныстырып, әрбір робот құрастырушы жас зерттеушілердің жобасына жеке тоқталды.
Валерий ЛЕБЕДЕВ, «Kazdidac» қауымдастығының басқарма төрағасы, фестивальді ұйымдастырушы:
– Биылғы фестивальге 24 аталым бойынша жалпы білім беретін мектептерден, жалпы, шетелдіктерден 392 команда, 800-ге жуық оқушы келді. Сонымен қатар, ғылымға ден қойған оқушылар үшін семинар, шеберлік-сыныптары, таныстырылымдар, робототехника өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Қазылар алқасы құрамында Гонконг университетінің «Білім берудегі ақпараттық технологиялар» басқарма директоры Даниел Черчилль (Қытай), Информатика және басқару жүйесі кафедрасының доценті, «RoboEd» ЖШС өкілі Сергей Чепинский (Санкт-Петербург), Санкт-Петербург ақпараттық технология, механика және оптика бағытындағы мемлекеттік университетінің оқытушысы, халықаралық дәрежедегі қазы Александр Капитонов болды. Сондай-ақ, Санкт-Петербург ақпараттық технология, механика және оптика бағытындағы мемлекеттік университетінің оқытушысы, робототехника курсы авторы Дмитрий Добриборщ және аталған университет оқытушысы Кирилл Артемов, «КазРоботикс» Қазақстандық білім беретін және спорттық роботты техника федерациясы» РҚҚ президенті Айжан Жакеева сайысқа төрелік етті.
Фестивальге қатысушы №1 Білім-инновация лицейінің 9-сынып оқушысы Әлихан Әбдікеш – 500 және 300 метр биіктікке ұшатын арнайы құрылғыны таныстырды. Құрылғы қыздыру арқылы іске қосылып, өздігінен ұшып, жерде орын алған оқиғалар, өткен шараларды тікелей эфирге түсіреді. «Лицейде фильмдерді, өткен іс-шараларды түсіреміз. Арнайы бағдарламасы да бар. Ол ұшу арқылы түсіре береді, сіз камерадан тікелей бақылап отырасыз. Ұшқан кезде спорт режимі арқылы биіктікке жылдам көтеріледі. Жел соқса да орнынан қозғалмайды, аспанда өздігінен тұрады.Түсіру камерасы – 12 Мп», – дейді.
Халықаралық фестивальге №1 Білім-инновация лицейінің оқушылары секілді қазақстандықтармен қатар Ресей елінің командалары да (Челябы, Самара облысы) өз жобаларын ұсынды. Пікірталас алаңында ұстаздар робототехника курсын білім жүйесіне енгізу сұрақтарын талқылады.
Сайысқа облыс атынан қатысқан 179 команда 56 жүлделі орынды иеленіп, бірінші орынға шықты. Екінші орындарға Астана (27 команда – 59 адам), Ақмола (22команда – 48 адам), Батыс Қазақстан (4 команда – 9 адам) облысынан келген командалар ие болды. Маңғыстау облысының командалары үшінші орынға (17 команда – 79 адам) тұрақтады. Челябы облысынан келген жеті команда жүлделі екі орынды қанжығаға байлады.
Жүздеген жалпы білім беретін мектеп, қосымша білім беру ұйымдары, колледждер, мамандандырылған мектеп-лицейлері, Назарбаев зияткерлік мектебі, сонымен бірге, жекеменшік робототехникалық клуб оқушылары фестивальден табылды.
Бұл фестивальдің жалпы отандық және аймақтық робототехника бойынша білім беруді дамытудың барометрі болғанын атап өткен жөн.Техникалық шығармашылыққа, робот құрастыруға қызығушылық танытатын қала қонақтары үшін де мереке болды.
Аяулым СОВЕТ