Жас мамандар баспаналы болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуындағы ең маңызды он бағытты атап өткен болатын. Ең бірінші мәселе – халықтың табысын арттыру. Екіншісі – сыбайлас жемқорлықты жою. Ал, үшіншісі – тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету. Бұның ішінде жас мамандардың да мәселесі көтерілген болатын. Бүгінде мемлекет тарапынан медицина саласының қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Наурыз мейрамы күні қарсаңында облыс емханалары мен ауруханаларындағы жас мамандарға Бұқар жырау ауданы, Доскей ауылынан 40 пәтердің кілті табысталды. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын салтанатты шараға арнайы қатысып, жас мамандарды құттықтады.
Жас мамандарға арналған бағдарлама аясында өңірде 600-ден астам сала қызметкерлері баспаналы болған. Бұл – соңғы бес жылдықтың көрсеткіші. Биыл денсаулық сақтау басқармасы жыл соңына дейін тағы 100 отбасын баспанамен қамтуды жоспарлап отырғандығын баса айтты. Облыс емханалары мен ауруханаларында істейтін жас мамандар мен медбикелер осы бағдарлама аясында баспаналы болады. Осы жолы пәтер кілтін алған жас мамандардың басым бөлігі – № 4 емхана, көпсалалы балалар ауруханасы мен көпсалалы №1 аурухана дәрігерлері.
– Мереке қарсаңында үлкен қуаныш болып жатыр. Кез-келген отбасы, оның ішінде жастар үшін баспананың орны ерекше. «Ай-һай менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп өскен қазақтың баласымыз ғой. Қуаныш құтты болсын! Жалпы, мемлекет тарапынан медицина саласының дамуына үлкен басымдық берілуде. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса ең алдымен дәрігерге жүгінеміз. Ажалдан арашалап қалатын, үзілген үмітті қайта жалғайтын – дәрігерлер қауымы. Сіздерге деген құрметіміз шексіз, – деді Ерлан Бейсембайұлы.
Бейбітшілік көшесінің бойында бес қабатты екі үй қатар орналасқан. Оның біреуі денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне болса, екіншісі білім саласының мамандарына арналған. Қараусыз қалған үй демесеңіз, іргетасы – берік, қабырғалар – түзу. Арнайы жүргізілген тексеру жұмыстарынан кейін «жарамды» деп танылған. Кейін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тендер ойнатылып, «ГрадСтройСервис» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Бұл мердігер компания қос үйден бөлек, ауылдағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Былтыр қыркүйекке дейін аяқтап, қолданысқа беріпті.
– Қараусыз қалған үйге толық күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, орталық жылу және электр желісін тарттық. Су құбырын жүргізіп, үй ішіне су кіргіздік. Үйдің сыртын қаптап, шатырын қайта жасадық. Жөндеу жұмыстары барысында ешқандай қиындық туған жоқ.
Білім саласында қызмет істейтін мамандарға берілетін үйдің жөндеу жұмыстары да толық аяқталды. Тек, шамалы сыртқы жұмыстары ғана қалып тұр. Алдағы 15 күнде аяқталады, – дейді «ГрадСтройСервис» ЖШС өкілі Берікжан Төлегенов.
Пәтер кілтін алғандардың қатарында №4 емхананың ІІ санатты жалпы практикалық дәрігері Шахрух Туламетов та бар. Өзі Түркістан облысының тумасы екен. Оқуын тәмамдаған соң арман қуып Қарағандыда қалыпты.
– Осы салада қызмет істеп жүргеніме жеті жылдың жүзі болды. 2009 жылы Қарағанды Мемлекеттік медициналық университетінене оқуға түсіп, осы жақта қалдым. Осыдан бес жыл бұрын отау құрдым. Қазір екі балам бар. Бұған дейін үй жалдадық. Бүгін мереке қарсаңында баспаналы болып, қуанышымыз еселеніп жатыр. Пәтерге толық жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жиһаздары да бар. Біз секілді жас мамандарға бұл да бір үлкен көмек, – Шахрух Туламетов
Пәтер кілтін алушылардың ішіндегі тәжірибесі жағынан ең жасы – Жандос Кәріқұл. Бүгінде №4 емхананың жалпы практикалық дәрігері. Үй кезегіне де көп тұрмағанын айтады ол.
– Жастарды қолдау мақсатында құрылған бағдарламалар қатары арта берсін дегім келеді. Себебі, қолына қатырма қағазын алып, жұмысқа енді кірген жас үшін қиындық көп. Мен де оқуымды бітіре салып, №4 емханаға жұмысқа тұрдым. Отбасыммен екі жыл үй жалдадық. Кейін осы бағдарламаны естіп, кезекке тұрдым. Міне, баспана кезегінде алты ай тұрып, баспаналы болып жатырмыз, – деп қуанышымен бөлісті Жандос Қуанышұлы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz