Руханият

Жас дарындар бақ сынады

Қарағанды жоғарғы гумманитарлық колледжінде ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Серік Ақсұңқарұлының облыстық оқулары өтті. Байқау жыл сайын ақынның туған күні қарсаңында ұйымдас­тырылып келеді. Биыл 13-ші рет.

Сурет ұйымдастырушылардан

Байқау 3 аталым бойынша өтті. Біріншісі: «Аруы адамзаттың – өлең деген!». Мұнда қатысушы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Қазылар алқасы үміткердің тіл тазалығына, мәнеріне баға берді. Екіншісі: «Мен – һас сақтың қара өлеңі…». Бұл аталымда жас ақындар бағын сынады. Олар еркін тақырыпта 3 өлеңін қазылар алқасынан ұсынды. Мықтының мықтысын анықтау үшін аудиторияда қосымша тақырыптарға өлеңдер жазуға тапсырма да берілді. Үшіншісі: «Жүрекке жақын әндер». Бұл аталымда жас әншілер Серік Ақсұңқарұлының сөзіне жазылған әндерді орындады.

Биылғы байқау өзгелерінен ерекшеленді. Мәселен, гумманитарлықтар техникалық бағытта білім алып жатқандардан бөлек бақ сынады. Қатысушылардың жалпы саны 42-ге жетті. Әр аталымда 3 жүлделі орын берілді. Ал, жүлдеге ілікпегендерге арнайы сертификаттар табысталды.

Серік Ақсұңқарұлы атындағы оқулар 13 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Ұйымдастырушылар байқауды республикалық деңгейге шығаруды көздеп жүр. Себебі, қатысушылардың саны жыл санап артып келеді екен.

– Бұл оқулардың 10 жылдан астам тарихы бар. Бүгінде ұйымдастыруды облыстық білім басқармасының жоспарына сәйкес облыстық әдістемелік кеңес қолға алған. Кейінгі бірнеше жылда байқаудың беделі де, деңгейі де жоғарылады. Бұған өте қуаныштымыз! Келешекте республикалық дәрежеге шығаруды көздеп жүрміз. Әр өңірдің мықтылары бағы мен бабын сынаса деген тілек бар. Серік Ақсұңқарұлының өлеңдерін екінің бірі түсіне бермейді. Өлеңдері – өте мазмұнды, мағыналы. Кейде екі-үш рет қайталап оқуға тура келеді. Бүгінгі байқауға келгендердің қарасы қалың екен. Соны көріп көңіліміз жадырап тұр. Серік Ақсұңқарұлының өлеңдері жас ұрпақтың тәрбиесіне ауадай қажет. Өйткені, ақынның шығармашылығында ұлттық рух бар, – деді колледж директоры Есжан Әміров.

Гуманитарлық бағыттағы «Аруы адамзаттың – өлең деген!» аталымында I-орынды Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Алданыш Мақыжан, II-орынды Ә.Мусин атындағы Балқаш гумани­тарлық-техникалық колледжінің студенті Аяжан Қусылбекова, III-орынды Балқаш қаласының медициналық колледжінен келген Сабина Сарманова иеленді. Ал, техникалық бағыт бойынша көш басынан Ж.Букенов атындағы Қарағанды банк колледжінің студенті Ақпейіл Саябек көрінді. II-орынды Теміртау жоғары политехникалық колледжінің студенті Балнұр Наурызбаева еншіледі. III-орынды Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенті Аяулым Болатбекқызы иеленді.

Гумманитарлық бағыттағы «Мен – һас сақтың қара өлеңі…» аталымында I-орын Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Ислам Еркебұланға, II-орын Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Аружан Амантайға, III-орын Қарағанды «Болашақ» жоғарғы колледжінің студенті Рамазан Мейрашқа бұйырды. Ал, техникалық бағытта Теміртау жоғары политехникалық колледжінің студенті Асхат Серіков, Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің студенті Рәзия Әбдуәли, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің түлегі Расул Тұран үздік атанды.

Гумманитарлық бағыттағы «Жүрекке жақын әндер» номинациясында Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Бекжан Сейдіғазы, Шет тілдер колледжінің студенті Арайлым Тұрсынбаева, Теміртау жоғары медициналық колледжінің студенті Нұрсила Қадырова қара үзді. Техникалық бағытта Теміртау кәсіптік-техникалық колледжінің студенті Азамат Толухавалұлы, Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті Нұркелді Нұрғазы, Қарағанды техника-құрылыс колледжінің студенті Әйгерім Нұржанова үздік атанды.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button