АймақТеміртау

Жарты ғасырдан кейінгі жаңғырту

Кейінгі кезде Теміртау қаласында әлеуметтік дамыту жөнінде көптеген ірі жобалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Солардың бірқатарымен осында өткен баспасөз турында танысып, олардың қалай жүзеге асырылып жатқанын көзімізбен көріп, қанықтық.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Атап айтқанда, қаланың бас­ты көлік күретамырының бірі болып саналатын Металлургтер даңғылын жаңғырту жұмыстары биылғы сәуір айынан басталып та кетіпті.

Бұл атауды 1971 жылы иеленген даңғылда содан бергі жарты ғасырдан астам уақытта не инженерлік коммуникациялары (5 түрлі) жөндеу көрмей, не кешенді абаттандырылмапты да.

Сол үшін де Теміртау қаласының әкімдігі 2021 жылы осы даңғылдың бойымен өтетін 3-жылу магистралі бөлігін күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге кіріседі. Сонымен, бір мезгілде даңғылдың өзіне күрделі жөндеу жүргізіп, абаттандыру жобасы 2022 жылдың қыркүйегінде әкімдік сайтына орналастырылып, жұртшылық талқысына салынған. Осыдан кейін қалалық мәслихат депутаттарының, қоғамдық кеңес пен жергілікті полиция өкілдерінің, жобалаушылардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, жобаға енгізілген екен. Ал, 2023 жылы ол мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржыландыру көзі іздестіріледі. Өйткені, аталмыш жобаның құны – 10 миллиард теңге.

– Жергілікті бюджеттен мұндай қомақты қаражатты бірден бөлу мүмкін емес, – дейді бұл жөнінде Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков, – Сондықтан қаржыландыру мәселесі біртіндеп шешілмек. Әзірге біздің бөлген 2,5 миллиард теңге қаржымызды мердігерлер игере бастады. Одан әрі облыс басшылығынан көмек сұрағалы отырмыз.

Металлургтер даңғылын жаң­ғыртудың екі жылға есептелген жобасын жүзеге асыру жұмыс­тарының бас мердігері – «Көкшетау автожол» ЖШС, ал, қосалқы мердігері «Қарағандыавтожол» ЖШС болып бекітілген көрінеді. Осы қосалқы мердігер компания­ның бас директоры Жандос Уабовтың айтуынша, бұлар даңғыл асфальт жолының бірінші қабатын төсеуді аяқтап қалыпты.

Әрі қарай 3 шақырым даңғыл жолының төсемі түгелдей ауыстырылып, үстіне қиыршық тас-мас­тикалық асфальтбетон қабаты салынатын болады. Содан кейін олар даңғыл бойымен өтетін инженерлік коммуникацияларды жаңғырту мен жұрт серуендейтін аймақты абаттандыруға көшеді. Сондай-ақ, осындағы субұрқақтар, спорт алаңдары да жөнделеді. Биыл жолдың сол жағын жөндеу көзделсе, оң жағы келесі жылға ауысады.

Қала әкімі неліктен мұндай шешім қабылдағанын түсіндірді.Себебі, жолдың астында тозу дәрежесі әртүрлі 5 инженерлік желі бар көрінеді. Сол жағында сантехника мен жылу желілері ептеп қалыпты жағдайда болса, екінші жағында жылу, кәріз және электр желілерін өте ескіргендіктен, оларды ауыстыру көп уақыт пен шығынды қажет етеді. Мерзімі бойынша барлық жұмыс­тар бір-бірімен синхрондалған.

Тағы үш жоба бойынша биыл қаланың жылу жүйелерін де жаңғырту көзделіп отыр. Осы мақсатта Теміртаудағы 400 шақырым жылу құбырларының 48 шақырымы толығымен ауыстырылмақ. Бұл жұмыстың көлемі өткен жылдың жазындағыға қарағанда, бір жарым есе көп. Мердігерлер қазірде Абай, Республика, Амангелді даңғылдары мен көшелеріндегі жылу магистральдарын жаңғыртып, айырбастау үстінде. Мұндай ауқымды жөндеу бұл тұстарда ондаған жылдар бойы болмаған.

Сол мердігер ұйымдардың бірінің басшысы Николай Волошин:

– Кеңес заманында жөндеу тиіп-қашып жасалынатын. Ал, қазір біздің материалдарымыздың бәрі жаңа және құбырларымыз нағыз болаттан. Олар кем дегенде 15 жылға шыдас береді, – дейді.

Сонымен қатар қаланың орталық бөлігінде жер үсті құбырынан бас тарту туралы шешім қабылданып, олар жер астына түсірілуде. Енді, ол жерлерде серуендеу аумақтары пайда болып, көгалдандырылып­,­ сәулеттенеді.

Жалпы, Теміртау қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол, тұрғын үй құрылысы салаларында барлығы 90-ға жуық инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Осы жолы біздің көргеніміз солардың бір парасы ғана.

Яғни, осы жобалар жүзеге асырылғаннан кейін қаланың коммуналдық саласында да бас қатырар проблемалар азаятын түрі бар. Әрі Теміртау күннен-күнге өсіп, қанат жайып келеді. Мұнда әлі талай өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер бой көтеріп, сән түземек. Бүгіннің өзінде қала халқының саны 186 мыңнан асып барады. Ендеше, қала билігінің міндеті де тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту болып қала бермек. Сондықтан да, осынау құрышшылар шаһарының шырайын арттыру жолындағы жобаларды жүзеге асыру жалғаса түседі.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button