Бас тақырып

Жарты ғасырдан кейінгі жаңару

Энергетика жүйесінің қазіргі күнгі ахуалы алаңдатып отырғаны жасырын емес. Су, жылу, кәріз жүйесі бір өңірде ғана емес, бүтін ел бойынша тозығы жетіп, «шаршап» тұр. Жаңғырту әрі жөндеу жұмыстары үздіксіз жыл сайын жүргізіліп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, жарты ғасырдан астам уақыт жөндеу көрмеген жүйені бірден жаңалап тастау да мүмкін емес. Алты ай қысы бар Арқада жөндеу жұмыстары қар кетісімен басталып, қар түскенге дейін толассыз жалғасады. Десек те, қысқа маусым қиындықтарды толығымен еңсеріп тастауға да күрмеу екені рас. Дәл бүгінгі күні Қарағандыда су құбыры – 61%-ға, кәріз жүйесі – 84%-ға тозғаны ешкімге құпия емес. Соның ішінде, кәріз құбыр желілерінің елу жылдан бері жөндеу көрмеген тұстары да бар. Ал, биыл ширек ғасырдан бері жөндеу көрмеген ұзындығы 25 шақырым болатын су құбыры мен кәріз жүйесі жаңартылуда.

Суреттерді түсірген автор

Бұған «Қарағанды Су» ЖШС алты миллиард теңге бөлген. Қыруар ақша бөлініп, талай жұмыстар атқарылса да, жоғарыдағы көрсеткіштің екі пайызы ғана орындалмақ. «Қарағанды Су» ЖШС балансындағы су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 1 119 шақырым. Бұған дейін 649,7 шақырымы ауыстырылған. Биыл 2024 жылға арналған инвестициялық бағдарламаның жоспарына сәйкес ұзындығы 25 шақырым болатын су құбыры ауыстырылуда. Ол үшін 2,3 млрд теңге қарастырылыпты. Мамандардың мәлімдеуінше, бұл бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын.

Жөндеу жұмыстары тұрғысын ауқымды әрі күрделі жобаның бірі – Крылов көшесі. Құрамында БАҚ өкілдері, өзге тиісті ұйымдардың мамандары бар топ жөндеу жұмыстарымен арнайы барып танысты.

Степная көшесінен басталып, С.Сейфуллин көшесіне дейінгі аралық бір шақырымнан асар-аспас. Бұл көшеден күні-түні көлік арылмайды. Мамандар су құбырын бұрынғысынша жерді қазып орнатпайды. Жаңа технологиямен төсеп жатыр.

– Қазіргі таңда бұл жердегі құбырлар – GNB, яғни, көлденең бағыттағы бұрғылау әдісімен жүргізілуде. Бұл – құбырларды төсеудің ең қауіпсіз әдістерінің бірі. Бұл әдісті қолданған кезде ландшафт беті өзгеріссіз қалады. Бұл көшенің құбырларының да ауыстырылмағанына талай жыл өткен. Қазір жер астында диаметрі 300 мм болатын болат құбыр жатыр. Енді біз сол болаттың орнына диаметрі 315 мм болатын полиэтилен құбырын орнатамыз. Себебі, Крылов көшесі магистраль. Бұл – мемлекеттік сараптамадан өткен жоба, – деді «Қарағанды Су» ЖШС директоры Ербол Төлеуов.

Яғни, су құбыры толық ауыстырылғанда Крылов, Қ.Аманжолов көшесінің бойындағы, Михайлов аталған қаланың бұл бөлігіндегі үйлер және жолдың қарсы бетіндегі жеке секторлар судан таршылық көрмейді. Жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін мәреге жетеді деген батыл жоспар бар.

Қарағандыдағы кәріз жүйесіне де жауапты осы компания. Оның баласындағы кәріз желілерінің жалпы ұзындығы – 737 шақырымды құрайды. Компанияның мәлімдеуінше, бұған дейін оның 125,5 шақырымы ауыстырылған екен. Биыл айдың соңына дейін 20,8 шақырымы жаңарады деп күтілуде. Ол үшін қомақты қаржы бөлінген. Атап айтқанда, осы жоғарыда айтылған шақырымға 3,7 млрд теңге жұмсалады.

Елу жылдан бері жөндеу көрмей, жүйесі тозған кәріз желісінің бір бөлігі Гастелло мен Сәтбаев көшелерінің бойында. Елу жыл бұрынғы шойын құбырлар қазіргі таңда полиэтилен құбырларға ауыстырылу үстінде. Бұл желінің ұзындығы бір шақырымнан асып жығылады. Мамандардың айтуынша, құбыр желілері әбден тозған. Тозғандығы сондай ауыстыру кезінде жарылып жатса керек. Кәріз де толып қалған екен.

Бұл жобаның құны – 126 млн теңгені құрайды екен. Мұнда да тұрғындар мен көлік жүргізушілерге қолайсыздық тудырмас үшін көлденең бұрғылау технологиясы қолданылуда.

– Бұл жерді де қазып, көлік жүргізушілердің берекесін алар қолайсыздық туындаған жоқ. Құбыр төсеу жұмыстары көлденең бағыттағы бұрғылау әдісімен жүргізіліп жатыр. Құжатқа қол қойылған бойда бірден жұмысқа кірісіп кеттік. Бұл жерде 20 құдық бар. Әуелі қажетті материалдарымызды жеткізіп алып, құдықты орнаттық. Құдық орнатылғаннан кейін GNB әдісімен 200 мм болатын полиэтилен құбырын жүргіздік. Жалпы, негізгі жұмыстар аяқталды. Қазір ішкі жұмыстар ғана қалып тұр.

1965-1970 жылдары салынған құбыр болғаннан кейін жөндеу жұмыстары барысында сынып жатыр. Әрі кәріз желісі де бітеліп, толып қалыпты, – деді «Ulytay Building» ЖШС атқарушы директоры Айрат Жанайдаров.

Сорғы станциялары да жөндеуден тыс қалмақ емес. Мәселен, қабырғасы қаланғанына биыл елу жыл толған №2 сорғы станциясы бар. Соңғы жиырма жылда бұл станция күрделі жөндеу көрмепті.

Ғимараттың тозығы жеткен. Бүгінде сол ғимаратты да жөндеу қолға алынған. Сырты тегістеліп, арнайы жабынмен қапталады. Төбесі де қалыпқа келтіріледі. Одан бөлек, ішіндегі қуатты сорғылар заман талабына да сай емес. Қазір сорғылардың бірнешеуіне ғана жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button