Жарқын жобаның жолы ашылды
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Жұмысшы мамандықтары жылының» салтанатты ашылуы өтті. Көпшілік университет базасында ашылған «Жұмысшы мамандықтары орталығымен» танысты. Университет ұжымы жастарды еліміз үшін стратегиялық маңызы бар кәсіптерді таңдауға ынталандырды.
– Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Орталық Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін инновациялық инженерлік білім берудің, ғылыми зерттеулердің және кәсіпкерліктің жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Басты басымдық мамандарды даярлау және цифрлық технологияларды өндіріске енгізуге негізделген, – деп атап өтті Ә.Сағынов атындағы университет ректоры Сәуле Сағынтаева.
Шара барысында колледж студенттерінің инженерлік шешімдері мен шығармашылық көзқарасын көрсететін макеттер мен жобалар ұсынылды.
– Орталық «Машина жасау» және «Кәсіби білім беру» бойынша жұмысшы мамандықтарын игеруге мүмкіндік береді. Бастапқы жұмысшы мамандықты және станоктарда металл өңдеудің инновациялық технологияларын, темір ұстасын дайындауға арналған лазерлік станокпен қамтамасыз етілген. Осы жерде «Машина жасау» мамандығының оқытушылары мен магистранттары ғылыми жобалар бойынша сынақтарға арналған бөлшектер мен үлгілер жасайды. Студенттер бағдарламалық басқаруы бар станоктар операторы, металл жонушы, фрезерлеуші, бұрғылаушы, өндірістік құрылғының жөндеуші ұстасы, аспапшы-слесарь мамандықтарын игереді, – деді «Технологиялық жабдықтар, машина жасау және стандарттау» кафедрасының оқытушысы Арман Матешов.
Студенттер орталықта кранмен жұмыс істеп, дәнекерлеуде шеберліктерін көрсетті. ҚарТУ-дың Инновациялық технологиялар колледжі ұйымдастырған шараға облыстағы білім ошақтарының 9 және 11 сынып оқушылары да қатысты.
– Мен балалық шағымнан техникаға қызығамын. Оны бұзуды білсем де, жинау қиынға соғатын. Анам ҚарТУ-ға түсуге кеңес берді. Оқу үлгерімім жақсы болғандықтан, жақында Белорусь еліне барып, іс-тәжірибеден өтемін. Оқу бітірген соң конструктор, технолог, жобалаушы немесе дәнекерлеуші болуға мүмкіндігім бар. Бізге, сондай-ақ, екінші курсты аяқтаған соң екінші дәрежелі дәнекерлеуші құжаты берілген.
Қазіргі таңда университеттегі оқуымды «Qarmet» зауыты төлеп отыр. Зауыт мамандары оқу үлгеріміме қарап, 4 жылғы білім алуымды өздері қадағалап отыруға ұсыныс білдірді. Келісім бойынша университеттен кейін Теміртаудағы металлургиялық зауытта жұмыс істеймін, – дейді «Машина жасау» мамандығының ІІІ курс студенті Марк Юшенко.
Мамандар «Машина жасау технологиясы» кафедрасы жоғарғы білікті мамандарды дайындап, машина жасау кешенiнiң дамуына үлес қосуы арқылы еліміздің әлемдік бірлестікте сенімді орын алуын қамтамасыз ететінін атады.
– «Технологиялық жабдықтар, машина жасау және стандарттау» кафедрасы ұйымдастыру жұмысындағы шығармашылық белсендiлiкті арттыратын ғылыми-педагогикалық жұмыстарды қолданады. Кафедра заманауи тәжірибелік және зертханалық базамен жабдықталған және де оны жетiлдiру бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Тек ҚарТУ төңірегінде ғана емес, республикасындағы көшбасшы кафедралардың бірі.
Кафедра түлектері тау-кен жабдықтауын жобалау және эксплуатациялау бойынша білім алады. Детальдарды жобалауда қолданылатын есептеулерді жүргізіп үйренеді, техникалық құжаттар мен жобалық-конструкторлық жұмыстардың стандарттарымен танысады, – дейді «Технологиялық жабдықтар, машина жасау және стандарттау» кафедрасының оқытушысы Гүлерке Тәттімбекқызы.
Сондай-ақ, «Жұмысшы мамандықтары жылының» салтанатты ашылу шарасында ғылым, білім және өндірісті ықпалдастыра отырып, кадр даярлау сапасын арттыру жайлы ұсыныстар айтылды. Ғалымдар өңірдің ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту және түлектердің заманауи экономиканың талаптарына сай болуын талқылады.
– Бізде көлік техникасына арналған шағын кешен бар. Онда студенттер практикалық сабақ өтеді. Автокөлікте арнайы стендтер бар. Осында студенттер өздерінің ғылыми-зертханалық жұмыстарын орындайды. Кафедрада білім алған студенттер техникалық білімді алып, көлік жүйесінде немесе қызмет көрсету саласында логист мамандығын игереді, – деді «Көлік техникасы және логистикалық жүйелер» кафедрасының меңгерушісі Нұрсұлтан Жаркенов.
Қонақтар колледж студенттерінің макеттерімен және жобаларымен танысты.
Салтанатты шара колледж студенттерінің білім мен еңбек мамандықтарының бірлігін, сондай-ақ, жастарға берілетін мүмкіндіктерді бейнелейтін флешмобымен аяқталды.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан