Жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады
Құрметті жерлестер!
Құрметті Қайрат Кемалұлының отбасы, туған-туыстары!

Асыл жан, белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері Қайрат Кемалұлы ортамыздан алыстап, бақиға аттанып отыр. Бұл – баршамызға ортақ қайғы.
Дара дарын иесі 1978 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетін драма актері мамандығы бойынша тәмамдағаннан бастап М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театры, Ақмола қазақ музыкалық-драма театры және өзіміздің Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры сынды іргелі өнер шаңырақтарында көп жылдар бойы жемісті еңбек еткенін өнерсүйер қауым жақсы біледі.
Оның актерлік шеберлігі мен тума таланты мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Қайрат Кемалұлы театр мен кинода жүзден астам рөлдерді сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Оның шынайылықпен сомдаған әрбір рөлі қазақ театр және кино өнерінің алтын қорына қосылған құнды мұра болып қала бермек.
Қайрат Кемалұлы тек талантты актер ғана емес, ақжарқын, адал мінезді, адамгершілігі мол азамат, әріптестері мен кейінгі буын өкілдері үшін үлгі тұтар тұлға еді. Оның жарқын бейнесі әріптестері мен өнерсүйер қауымның жүрегінде мәңгі сақталады.
Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, әріптестеріне және барша өнерсүйер қауымға қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз, сабыр тілейміз!
Иман байлығын берсін!
Е.БӨЛЕКПАЕВ, Н.КОБЖАНОВ,
А.ТАЙЖАНОВ, Е.АЛПЫСОВ,
Б.АСАНОВ, Ә.ӘЛДЕНЕЙ,
О.ТАУРБЕКОВ, Е.ҒАЛИЕВ,
Н.БИКЕНОВ, Ғ.ӨТЕЛБАЙҰЛЫ,
Б.АЛТЫНБЕКОВ, Р.ОМАРБЕКОВА