Медицина

Жаппай иммундау жалғасуда

Қызылшамен ауырғандардың дені – Қарағанды мен Балқаш қаласының тұрғындары. Апта басындағы деректерге сүйенсек, қызылшамен ауырған 511 адам тіркелді. Оның бəрін зертхана растады. Ауру жұқтырғандардың 71%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Бүгінгі таңда 52 мептепке дейінгі ұйымда қызылшамен ауырған 103 жəне 65 жалпы білім беретін мектепте оқушылар арасында 124 жағдай тіркелді.

Облыстық санитариялық-эпиедмиологиялық бақылау департаменті басшысы Юрий Залыгиннің айтуынша, қызылшамен оған қарсы вакцина алмаған тұрғындар ауырып жатыр. Олардың үлес салмағы – 86%. Оның жартысынан көбі – 1-4 жас аралығындағы балалар.

– Қызылша жедел инфекциялық вирустық ауру екенін тағы да еске саламыз. Қызылшаны кез келген жаста жұқтыруға болады. Əлсіз балаларда қызылша өте ауыр өтеді жəне өлімге əкеп соғуы мүмкін. Оны ауырған науқас жұқтырады. Вирус ауада немесе кез келген нəрсенің бетінде екі сағатқа дейін белсенді. Осыған байланысты ол – өте жұқпалы. Науқас онымен тығыз байланыста болған, бірақ вакцина алмаған он адамның тоғызына жұқтыруы мүмкін, – деді Юрий Залыгин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, аурудың алдын алудың жалғыз əдісі – вакцинация. Елімізде қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация 1 жасқа дейін жəне 6 жастағы балаларға жүргізіледі. Қазіргі уақытта қызылша əлемнің бірқатар елдерінде өршіп тұр. Бұл профилактикалық егулермен қамтуды арттыру қажеттілігін көрсетеді. Сондықтан, инфекцияның одан əрі таралуын азайту үшін қызылшаға қарсы вакцинацияны жаппай қосымша иммундау науқанымен бірге жүргізу өте маңызды. Осыған байланысты, 6 қарашадан бастап, 6 айдан 11 айға дейінгі жəне 5 желтоқсаннан бастап, 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды қосымша жаппай иммундау жүріп жатыр.

– 5 желтоқсандағы жағдай бойынша облыста қызылшаға қарсы вакцинаны 10 516 адам алды, оның ішінде, 7 943 бала. Вакцинаға байланысты реакциялар тіркелген жоқ. Қолданыстағы вакцина, қызылша, қызамық жəне паротитке қарсы аралас вакцина (ҚҚП). Бұл вакцина əлемнің 70- тен астам елінде, соның ішінде, Еуропада қолданылады, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған жəне мемлекеттік тіркеуден өткен. Біздің елімізде бұл вакцина 10 жылдан астам уақыт қолданылып келеді. Бұған дейін қосымша иммундау науқанын жүргізу кезінде де осы вакцина қолданылды. Соның арқасында республика аумағында, облыс көлемінде қызылшаның өршуі азайған болатын, – деді Юрий Залыгин.

– Вакцинациядан бас тарту сізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – дейді департамент басшысы. – Өйткені, мұндай шешім балаңыздың денсаулығына, тіпті, өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Жұқпалы ауруларға қарсы уақытылы егу арқылы сіз өзіңізді жəне жақындарыңызды қорғайсыз.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button