Әдебиет

Жапандағы жалғыздық (Тұрсын Жұмаш өлеңдеріндегі экзистенциалистік поэтика)

Өмірден ерте озып кеткенімен, артына өшпес мұра қалдыра алған ақындардың бірі – Тұрсын Жұмаш. Өкініштісі, ақын өзінің жыр жинағының да шыққанын көре алмай кетті. Қазіргі біздің қолымыздағы «Періште» жинағы талай ойларға жетелеп, оның поэзиясының қандай биікте болғанын дәлелдей түседі. Бір мақала көлемінде Тұрсын Жұмаштай ақынның қазақ поэзиясындағы ізденісі мен өзіндік қолтаңбасын тұтастай ашып беру мүмкін еместігі түсінікті. Дегенмен де сыршыл ақынның кей қырларын сөз ете отырып, оның поэзиясының эстетикалық құндылық өлшемін бағамдап көруге тырысамыз.

Қоғам дамуына қарай қазақ классикалық әдебиетінің жаңашылдығы мен эстетикалық байлығы ашылып келеді. Біз Тұрсын Жұмаш өлеңдерін саралай отырып, сол жаңашылдықтың қай бағытта жүзеге асқанын тани аламыз. Ақынның табиғат образын жасауда пейзаж, табиғат картинасын ерекше бір сарынмен жеткізетіні, дүниеге философиялық тұрғыдан қарым-қатынас жасайтыны турасында таңғалыс сарынындағы пікірлер көп болғанымен, нақты теориялық талдаулар жоқтың қасы. Ақынның ерекше тоқталған мәселесі – адам, оның мына жалғандағы шексіз жалғыздығы мен қорғансыздығы, ақ пен қараның ежелден келе жатқан ымырасыздығы, туған жері – Балқантауы, тағы басқалары. Осы тұрғыдан оның поэзиясындағы стильдік-бейнелілік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан талдап көрсету міндет. Тұрсын Жұмаш шығармашылығы жайлы әр кездерде С.Ақсұңқарұлы, Е.Раушанов, А.Сәулебектегі, Ә.Құтжанұлы пікірлері жарыққа шықты. Қазіргі таңда сол пікірлерді жаңа заман талаптарына сәйкес жетілдіру қажет.

«Жүрегімді аялайды ерке өлең,

Қимайтынын білдіреді Ол ертеден,

Қайран Өлең, аппақ қанат құс болып

Жылайсың ба, өліп қалсам, ерте мен?

Дарынсыздан мені бөліп алшы анық,

Өмір қызық болғанымен қаншалық.

Өліп кетсем, ұшып келіп қайтадан –

Кетесің бе, кеудеме Сен жан салып»

 немесе:

«Қырандар ғана ұшатын биік бар,

 Қарғалар ұшады төменде.

 Таңдайда – шөл, кеудемде – күйік бар

Әйтпесе, нем бар өлеңде?» – деп өзі жырлағандай, ақын өлеңге деген құштарлығын бір сәтке де солғындатқан жоқ.

Адам табиғатының трагедиялылығы, бұл өмірдегі таусылып бітпес «күйбең» қарекеті жайлы, әлемнің, болмыстың қатыгездігі, оның адам тіршілігімен үйлесе бермейтін қайшылығы жайлы ойлар Тұрсын ақынның поэзиясындағы экзистенциалистік пікірлердің көрінісі ретінде танылады.

Экзистенциалистер концепциясы әлем және жалғыздық ұғымынан өрбиді. Алайда, олардың тұжырым- дарында адамның ортамен, басқа адамдармен байланысы тіпті қарастырылмайды деу қисынсыз. Әлемдік философиядағы бұл бағыттың ірі өкілдері – М.Хайдеггер, К.Ясперс, Ж.Сартрлерді ортақтастырып тұра- тын басты белгі – адам болмысына Мен және Басқалар ұғымы тұрғысынан келуі. Олар үшін қоғамдық қатынастар сияқты қозғалыс түрлері абстракция, негізгі шындық – субьективтілік.

Осындайлық ой-тұжырымдардың негізгі құяр арналарының бірі – адам өзінің әлемдік жалғыздығын түйсіну арқылы қоғамнан, сондағы қалыптасқан қатынастар мен нормалардан жатсынуы. Экзистенциалистік таным мен олардың ұстанған концепцияларын, теориялық қырларын қарастырған еңбектердің түгелі дерлік келіскен тоқтам бар. Ол – экзистенциализмнің мәдени құлдырау, рухани дағдарыс кезінде күш алатыны. Экзистенциалистік ой-пікірдің ХХ ғасырда бой көтеруіне бірінші дүниежүзілік соғыстың әсері және адамзат баласының бір-біріне жойқын майдан ашқан екінші дүниежүзілік соғыстың уақытында әсері күшейгені осыдан болса керек.

Яғни, экзистенциалистік ой ағымы қоғамдық құрылыстағы және әлемдік деңгейдегі қайшылықтар тереңдегенде, санадағы қақтығыстар кезеңінде адам өзінің фәнидегі жалғыздығын барынша түсінеді деген пікірді ұстанады. Жалғыздық қасіреті ақынның «Мұңды сөз» өлеңінде былай өріледі:

«Кетіп барам Балқантауға асығып,

Құт-ұяңнан құпиямды жасырып.

Ұнатамын, тауда жалғыз жүргенді,

Жүрегімнің ауырғаны басылып.

Жақсы көрем, таңның тыныш атқанын,

Өлеңім ғой таудан іздеп тапқаным.

О, Жаратқан, сезбейді ғой дейсің бе,

Өмірімнің өтіп бара жатқанын…

Ойлағаным ойдағыдай бола ма,

Мен болмасам, есен-аман бол, Аға.

Қу жалғанның ала кіріп жарығын –

Құран оқып шығасыз ба, молама?»

Немесе «Өкпелетіп қояды» деген өлеңінде:

«Жалғыздық алғанда қыспағына

Өлең жазғым келмеді қыста мына…

Бозторғайым бар еді оятатын,

Шыр-шыр етіп ол дағы ұшпады да.

Әйтеуір өзгелерден басқалаумын,

Өлең жазбай бола ма тас қалауым?

Ауылда жалғызсырап жүргенім рас,

Өкпелетіп қояды басқа қауым…

Менің жалғыз жүргенім досқа ауыр ма,

Ол да айналып барады тас бауырға,

Басқа әлемге қайтеді кетіп қалсам,

Ешкім қайтып келмейтін басқа ауылға…»

Бұл жолдардың ақын үшін тұжырымдамалық маңызы бар. Қаламгер философиясында адам тағдырын- дағы қарама-қайшылық өмір қарама-қайшылығынан туындап жатады.

Адамның адамдығы оның қоғамдағы орнымен, әлеуметтік белсенділігімен емес, рухани дүниесімен ғана өлшенеді. Онсыз мынау өмір абсурдқа айналады. Адамды туа сала күтіп тұрған қым-қуыт тіршілік, қашып құтыла алмайтын қорғансыз күй кешу, болашаққа деген сенімнің жоғалғанынан туындайтын онтологиялық проблема ақынның туындыларындағы негізгі өзекке айналады.

Т.Жұмаштың лирикалық кейіпкері өз айналасымен үндестік таппаған, жатсынған адам. Жатсыну сияқты философиялық категория – экзистенциализмнің күрделі концепцияларының бірі. Жатсыну мәселесі қазақ әдебиеттану ғылымында аз зерттелген. Философияның да ғылыми мәселесі ретінде жатсыну көп жылдар бойы маркстік-лениндік ілімге қарсы қойылып, тек бір жақты түсініктердің ауқымында қалып қойды. Бүгінгі дәуірде, әлемдік мәдениеттердің интеграциясы күшейген шақта, рухани ықпалдардың төркінін танып, өрісін барлау ғылым алдындағы маңызды істердің бірі екені анық.

Жалғыздық қасіреті, адам болмысындағы жатсыну – әлемдегі жазушылар мен ғалымдардың кейінгі уақытта назарын аударып келе жатқан ауқымды мәселе. Біздің ғылымда бұл проблема көп уақыт дұрыс бағаланбай келген кезең – жалпы дүниетанымдық мәселеге тек материалистік тұрғыдан келу үстем болып тұрған кеңестік дәуірге дөп келеді.

Кеңестік жүйедегі жеке адамның еркі мен бостандығының шектелуі қоғамның бүкіл саласында жатсынуды тереңдетіп жіберді. Сананың тұйықталуы, адамның адамдық түпкі негізден, яғни, өз-өзінен, өзінің ұлттық тегінен, тарихынан, әдет-ғұрпынан жатсынуына әкеп тіреді. Мұның бәрі қоғамдық қайшылықтардың барған үстіне ұлғая беруіне түрткі болды.

Міне, осы мәселелер әдебиетімізде қаншалықты көрініс тапты, адамның қоғамнан, оның түрлі салала- рынан ғана емес, адамның өз-өзінен, әлемнен, қоршаған болмыстан жатсынуы бүгінгі күнгі біздің ғылыми тұрғыдан зерттеуге бет алған нысандарымыз. Жоғарыда атап өткендей, жатсыну экзистенциалистік танымның күрделі ойларының бірі болғандықтан, біз бұл мәселені жалпы экзистенциалистік категорияларға сай қарастырамыз.

Міне, осы жерде жазушылардың дүниетанымдық концепциясы анық байқалады. Ақын адам тағдырының талайсыздығына назар аударады, адам баласының тіршілік тіректерінің тиянақсыздығын айтқысы келгендей. Мәселен, қаламгердің «Ұшып барам» өлеңін алып қарайық:

«Селт етпейді қу көңілім мұң басқан,

Жарық дүние – мөлдір шыны кір басқан…

Жымыңдаған бір жұлдызың болайын

Мені өзіңе алып кетші түнгі аспан.

Өткен өмір… есімде жоқ… тағы ұшып,

 Жылайыншы періштеме табысып.

О, Жер-ана, кешір мені, қыл-қыбыр

Болмады ғой жүрегіме жабысып…

Жүрегімді сақтау үшін қалпында,

Қызықпадым күміске де, алтынға.

Жолдан таймау қиын екен, соны ұғып –

Ұшып барам жылуы жоқ жарқылға…»

Тіпті, енді ол тіршіліктің өзінен жатсыну арқылы трагедиялық бейнеге айнала бастайды.

Біздің бағамдауымыз бойынша қанша дегенмен «пессимистік метафизика» деп қарастырылып келген экзистенциялық бағыттың адамзат ақыл-ойының адамды танудағы, оны жан-жақты барлаудағы логикалық бір белес екенін жоққа шығаруға болмайды.

Тұрсын кейіпкері – өз қоғамының дүлей тепкісіне ұшырап, дәуірі қалыптастырған мүдделермен өз көз- қарастарын қабыстыра алмаған жан. Оның ой-толғамдарының дені «аспанға ұшып кету» идеясына бағындырылатындығы да адамдардың қоғамдық-тарихи қатынастарының шектеулігіне келіспейтінінен. «Аспанды таңдау» идеясы психологиялық дәйектемесі келіскен, шығарманың логикалық дамуына сай жасалған шешім болып қала береді.

Адам бойындағы жалғыздық қасі- реті, ортамен үйлестік таба алмай күйкі тіршілік кешуі біз қарастырып отырған ақынның бүкіл шығармашылығынан байқалады. Ол адам проблемасына дендеп енуде, оны шешуге тырысуда тың жол іздегені айқын көрінеді.

Оның трагедиясы – шексіз жалғыздығында. Қоршаған ортасы оны субьект, өзінің жеке табиғатына тән адамгершілік қағидалары, ойлау ерекшелігі, өмірлік мұраттары бар индивид ретінде танымауында. Ақын заман ағысында жеке адамның өмірі, оның мәні жайлы ешкім бас қатырмайтынына, жеке тағдырдың түкке тұрғысыздығына көзі жеткен сайын өмір қайшылығын тереңірек сезеді.

Ақынның ширыққан толғанысы, жан айқайы осындай драматизмі мол монологқа жүктеледі. Автордың философиялық монологына ұласып кететін жоғарыда келтірілген өлең жолдары – қаһарманның тығырық- қа тірелген күйінің шарықтау шегі. Оның ішкі сөздерінің легі сезімдік- экспрессивтілікті көрсетіп қана қой- май, өзін-өзі мінездеуші қызметке ие болады, ақынның әлеуметтік ортадан алшақтанған кейпін аңдатады. Осы жай, яғни, кейіпкердің «оқшаулану» процесі кезінде өз ортасынан түсінбеушілік тудырған да болуы мүмкін. Мысалы, «Робинзон Крузоға қызыға- мын» атты өлеңде:

Өңімде көрген қызық, түске де кір,

Арман өліп барады іште небір…

Робинзон Крузоға қызығамын,

Өмір сүрген аралда кішкене бір.

Жалғыздыққа көңілдің ауғаны анық,

Өмір сүрсем қайтеді тауға барып?

Немесе жалғыз өзім бір бұрышын,

Он сегіз мың ғаламның жаулап алып…

Әйелді де білмесе ешкімді де,

Арайға да қызықпай кешкі мүлде,

 Ақындықтан қол үзіп, ешкі бағып –

 Корольді де менсінбей, пешкіні де…

Солай етсек бұл өмір өзгере ме,

Еркектер де әйелше өзгере ме?

 Робинзон Крузоға қызығамын,

Жас толады, Жанат-ау, көзге неге…

Күн бар жерде түн бары сияқты, шаттық бар жерде трагедия да бар. Дүниежүзілік әдебиеттің асыл мұ- ралары болып табылатын бірталай шығармаларға көңіл тоқтатар болсақ, адамзаттың бақыты үшін, ізгілік үшін, өмірлік ұлы мұраттар үшін күресетін кейіпкерлердің тағдыры аянышты халде немесе өліммен аяқ- талып жатады. Бұған мысал ретінде Шекспирдің атақты трагедияларын келтіруге әбден болады. Тіпті, бертінде жазылған Ш.Айтматовтың «Қош, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ерте қайтқан тырналар», «Боранды бекет» сияқты туындыларында трагедиялық сарын басым. Бірақ осы шығармаларда гуманистік идеялар, адамзаттың ізгілік принциптері аяқасты болады деп айта аламыз ба? Қайта бұл шығармалардағы трагедиялық кейіпкерлер, трагедиялық сюжеттердің берілуі арқылы шын мәніндегі Жақсылық пен Иман- дылық ерекше күшпен дәріптелмей ме? Осы тұста әдебиеттанушы С.Сигуаның «Смерть – последняя точка существования. Не только осознание этого факта, но и само изображение его как вечной тайны обостряет развитие характера персонажа. Автор заставил нас полюбить своих героев, и их смерть причиняет нам страдание, как будто мы навсегда расстаемся с живыми людьми» – деген ой.

Өлім фактілері, қайғылы ситуацияларға белгілі бір суреткерлік мақсат жүктеу ақын-жазушыларымыздың біразына тән. Атап өтуіміз керек, қазақ ақыны бұл жерде әлемдік әдебиетте қалыптасқан іргелі дәстүрлерді еркін игеріп-меңгергенінің куәсі боламыз.

Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Back to top button