Жаңалықтар

Жандары жайсаң ағаларым

       1974 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінен денсаулығыма сәйкес оқудан шығып,  Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Сол кезде де газетке шағын мақалалар жазып жүрдім. Бір күні тағы да облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне мақала жазып, журналист Масғұт Халиоллин ағаны тосып тұрсам, газет редакторы Рамазан Сағымбеков кездесіп қалды. Ол кісі Алматыда ҚазМУ-де менен тарих сабағынан емтихан алған. Билет сұрағы әлі есімде: Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ жауынгерлерінің ерлігі болатын. Ал, менің сүйікті әкем соғыс ардагері болатын. Әкемнен естіген әңгімелерім есіме түсіп, дайындықсыз «мен айтамын» дедім. «Ал, баста батырым», деген соң әкемнен естіген әңгімелерімді айтып кеттім ғой… «О, батыр сен бізді қып-қызыл оттың ішіне енгізіп жібердің ғой. Сол әкең бар ма» деді. «Бар, әкем күйлі-қуатты» деп, жадырап шыға келдім. «Онда толық  төрт  зачеткаңды әкел» деді. «Жоқ, аға, маған 5 керек, әйтпесе конкурстан өтпей, әкемді ренжітемін ғой» дедім. Тағы 2-3 сұрақ беріп, 5 қойып берді.
Оқуым сырттай болғандықтан жұмыс іздеп, редакцияға редактор Рамазан Сағымбековке барып жолықтым. Жағдайымды сұрап білген соң, ал, ардагердің баласы, жұмыс шыдамдылықты қажет етеді. Өзіңе сенімді болсаң, жұмысқа алып көрейік, ертең кел» деді. Келесі күні орынбасары екеуі келісіп, жұмысқа алындым. Ол кезде ылғи бір марқасқа маңғаз ағалар редактордың орынбасарлары – Есімбек Бәйтенов,  Ораз Сағынаев, ақын Матай Айнабеков, ширақ қимылды Шайхан  Жандаев, ардагер журналист Қағазбек Сәденов, әрқашанда қалжыңы даяр Қали Садықов,  кербез аға Базарбай Мұстафин, сыпайы мінезді Қыздарбек Әкімбеков, ақкөңіл, бауырмал Зарқын Тайшыбаев, көкшетаулық Қайыркен Сұлтанов, жылы жымиып жүретін Аман Жанғожин,  аудармашы, екі тілге бірдей жүйрік Жаңабек Түсіпбеков, жауапты хатшы Ақселеу Сейдімбеков,  Құдыш Сүлейменов т.б. қызмет атқарды.
Мен корректор, аға корректор, хат тіркеуші, жауапты хатшының көмекшісі қызметтерін атқардым. Ол кезде барлық жұмыс қолмен атқарылатын.
Партия бөлімін басқаратын  Қайыркен  аға, дәлізде кездесе қалғанда қалам сұрайтын, менің  әруақытта қолымда қаламым болатын. «Міне, болатын бала қалам ұстайды» деп, маған ризашылығын білдіретін. «Жассың ғой» деп, ылғи да кезекшілікті маған беретін.
Аудармашы Жаңабек аға «кейін керек болады, жан-жақты болуың керек» деп аударма жұмысын тапсыратын. Не деген көрегенділік десеңізші. Кейін жеке колледжде аудармашы, мұрағаттану пәндерінен сабақ бердім. Қазақ тілі қоғамында қызмет атқардым.  Аудармашы қызметі де іске асып, зейнеткерлік жасқа жеткенше жоғары мекемеде қызмет атқардым. Міне, бүгін өмір жолымда жаны жайсаң осындай жақсы ағалармен араласып, қамқорлықпен айтылған ұлағатты өнегелі жылы сөздерін естігенімді мақтаныш сезіммен есіме түсірдім.

 Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button