АймақНұра

Жанбөбектің жанашыры

Қарашаның қара суығында ет асып жеп, сүтпен шай ішіп отырғанға не жетсін?! Жаюлы дастарқаныңның басында қаланың кешкі күйбеңіне биіктен көз тастап, сонау алыстағы ауылды бір ойларсыз. Қаладағы жұртта азық болсын деп түліктің соңынан сабылған, егінін орған ағайынға да ой төрінен орын берерсіз. «Ет жемесең, түсіңе, жесең, тісіңе кіреді» дейтін халықпыз. Жеп отырған асыңның ішінен ет таппасақ, түрді тыржитатын да біз. Бір жұтым суың, азығың болмай қарының шұрылдаса, қолыңда жылтырған алтынның да, қымбат көлігің мен зәулім сарайың да түкке татымайды. Жалпы, ауыл шаруашылығы күні қарсаңында осы бейнетті еңбек өкілдеріне барынша құрмет көрсетілсе, дәріптелсе дейміз. Нұра ауданындағы Жанбөбек ауылында шаруасын дөңгелетіп отырған Жанбөбек Жақсыбаев туралы және оның «Жанбөбек» деген қожалығы туралы айтпақпыз.

Сурет автордан

Жанбөбек Жақсыбаев 1963 жылы Нұраның топырағында дүниеге келген. Туған жерге, елге адал азамат бойындағы күш-қайратын, ақыл, қабілетін осындағы ағайынның игілігіне арнауды жөн көрген. Жасынан еңбекке құмар азамат «Жанбөбек» шаруа қожалығын 1997 жылы құрған. Бұл күнде отызға жуық адамды қамтамасыз етіп отыр екен. 70 мың гектар жайылымы бар. Жайылымында 600-ден астам ірі қара, 500-ден астам жылқы, екі жарым мыңдай қойы жайылады. Осыншалық мал басын ұстап отыру үшін, әлбетте, өз ісіңе деген махаббат болуы – шарт дейді Жанбөбек мырза.

– Қай уақытта болмасын, мал бағу оңай емес. Күн сайын өзіңді бейнетті қара жұмысқа салуың керек. Қарамағыңдағы адамның да жағдайы дұрыс болғанын қадағалауың керек. Ұсақ-түйек мәселе деген болмайды біздің істе. Әр нәрсеге ұқыппен қараған абзал. Таң атысымен малдың соңына түсесің. Күннің ыстығына да, суығына да етіміз үйренген. Арқаның қысында жылқы бағу да оңай емес екенін білесіздер. Бастысы – жеп отырған наныңның адал болуы. Жеңіл жолмен ешқашан табыс келмейді. «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей» деген ғой Абай ақын. Осы сөзді өмірімнің шоқ жұлдызына айналдырғанмын, – деді Жанбөбек Жақсыбаев.

Шаруа қожалығында жұмысқа қажетті 10 МТЗ тракторы және «УРАЛ», «КамАЗ» жүк көліктері бар. Қожалық иесінің айтуынша, шаруаға қажетті техника жеткілікті.

Мемлекет тарапынан да жеңілдіктер жасалады. Мәселен, әуелде 6%-бен мал басын көбейту үшін және техникаларды сатып алуға несие алған екен. Былтыр 2,5%-дық несиеге қол жеткізген. Жанбөбек Жақсыбаев бұл күнде шаруа істеймін деген адамның мемлекет қолын қайтармайтынын алға тартты.

– Адам жұмыс істегісі келмесе, табылар сылтауда есеп болмайды. Жетістікке жеткізетін әр іске тәуекел керек. Бүгінде әлдебіреуден қарызға ақша сұрап сабылмаймыз. «Шаруа істеймін» десеңіз, мемлекет тарапынан берілетін көмек көп. Аз пайызбен берілетін несиелер бар. Сол қаражатты ақылмен, есеппен жұмсап, тиісінше еңбек етіп, аяққа тұрып кетуге болады. Бәрі адамның өзіне байланысты, – деді Жанбөбек Жақсыбаев.

Биыл Астананың іргесіндегі бордақылау алаңына 201 бас торпақ, 500 бас қой тапсырыпты.

Ерік НАРЫН,
Нұра ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button