Жаңалықтар

Жанат САДЫҚОВА: «Барлық деректер құпия сақталады»

«Қазақстанда әркім маңызды». Биылғы жылы өтетін кезекті халық санағының ұраны осындай. Халықтың өсу динамикасын ғана емес, тұрмыс-тіршілігін, экономикалық-әлеуметтік ахуалын анықтауға бағытталған шараның маңызы зор. Алайда, карантин жағдайында санақ қалай ұйымдастырылады? Бұрынғы санақтардан несімен ерекше? Бұл сауалдарымызға Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Жанат САДЫҚОВА жауап берді.

– Жанат Кабикешқызы, алдағы халық санағы туралы айтып берсеңіз. Бұл санақ бұрынғыдан несімен ерекшеленеді?

– Биылғы ұлттық санақты екі кезеңде өткізу жоспарланған – дайындық және негізгі. Дайындық кезеңі 1-30 маусым аралығында өткізіледі. Осы кезеңде тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар тізіміндегі мекенжай деректері және әрбір елдімекен үшін картографиялық материалдар нақтыланатын болады. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша санақтың негізгі кезеңі үшін нұсқау беру және есептеу учаскелеріне бөлу (аудандастыру) жүргізіледі. Ұлттық халық санағының негізгі кезеңін 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін өткізу жоспарлануда.

Алдыңғы санақтарда, сауалнама барысында есепке алушылар қағаз санақ парақтарын толтырған еді. Содан кейін деректерді кодтау, санақ парақтарын сканерлеу, деректерді тексеру және өңдеу процесі жүрді. Санақ парақтарын қағаз жеткізгіштерде өңдеудің күрделілігіне байланысты халық санағының түпкілікті қорытындысы санақ өткеннен кейін 2 жылдан соң алынатын. Ал, биылғы халық санағын өткізудің жаңалығы – қазіргі заманғы цифрлық технологияларды енгізу және процесті автоматтандыру.

Халық туралы деректерді жинау процесі екі тәсілмен: интернет-сауалнама және интервьюерлердің планшеттерді пайдалана отырып, жаппай аралауы арқылы жүргізілетін болады. Нақтырақ айтсақ, 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында халық санағы sanaq.gov.kz. мамандандырылған сайтында онлайн тәртібінде өтеді. Онда ел тұрғындары өздеріне және отбасы мүшелеріне санақ парақтарын электронды түрде толтыра алады. Ал, 1-30 қазан аралығында 15 қазанға дейін онлайн түрдегі санақтан өтпеген респонденттерді есепке алушылар дәстүрлі түрде жаппай аралап шығады. Санақ парақтары планшеттік құрылғыларда электронды түрде толтырылады. Бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілетін ақпаратты бақылауды, санақ жүргізу барысы туралы есептер қалыптастыруды көздейді. Бұл еңбек шығындарын, адам факторының деректер сапасына әсерін азайтуға және керісінше, халық санағы деректерінің шынайылық деңгейін арттырып, қорытындыларды алуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Санақ жүргізу кезеңінде еліміздің барлық аумағында ұялы және стационарлық телефондарға арналған тегін бірыңғай «1446» call-орталығы жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, 8 8000 800 878 нөміріне де хабарласу мүмкіндігі бар.

– Онлайн санақ қалай өтеді?

– Онлайн санақ кезеңінде sanaq. gov.kz сайты тәулік бойы жұмыс істейді. Респондент санаққа қатысуға өзі үшін неғұрлым ыңғайлы уақытты таңдай алады. Бұл ретте сайтта бланкіні толтыруды тоқтата тұру және кейін жалғастыру мүмкіндігі бар. Бұл да жауап берушілер үшін қолайлы болмақ. Сонымен қатар, egov.kz электрондық үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайты кіші парағы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) санақтан өтуге болады. Мобильді қосымшалар арқылы да санаққа қатысу жоспарланған. Азаматтар «Aitu» мобильдік қосымшасы арқылы ұлттық санақтан өту мүмкіндігі берілмек.

– Карантин кезінде үй-үйді аралау арқылы халық санағы қалай жүргізілмек?

– Санақтың алдын ала кезеңін өткізу кезінде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды аралау адамдармен ұзақ уақыт байланысуды көздемейді. Егер, үй иелері қаласа, жабық есік арқылы тұрғындардың санын анықтауға болады.

Санақтың негізгі кезеңін өткізген кезде вирустың таралу қаупін азайту мақсатында тұрғындарға жоғарыда атап өткен сайт арқылы санаққа қатысу ұсынылады. Қазақстандықтар санақтың осы әдісінің артықшылықтарын түсіне отырып, интернет-сауалнамаға белсенді қатысады деп үміттенеміз.

Санақтың барлық кезеңдерінде учаскелерді аралау кезінде сұхбат алушылар медициналық бетперделер мен қолғаптарды, антисептиктерді қолдану сияқты барлық сақтық шараларын сақтайды.

– Санақ жүргізуге қанша адам қатысады? Олар кезеңдерге бөліне ме?

– Жалпы Қарағанды облысы бойынша халық санағын дайындау және өткізу үшін 2600-ге жуық адам тартылады. Бұл – штаттан тыс санақ бөлімінің мамандары, өңірлерде ұлттық санақтарды дайындау және өткізу жөніндегі нұсқаушылар (санақ бойынша уәкілеттік берілген), нұсқаушы-бақылаушылар, интервьюер мамандары.

Облыс өңірлерінде 4 мамырдан 30 қарашаға дейінгі кезеңде ұлттық санақты дайындау және өткізу бойынша 73 нұсқаушы тартылады. Халық санағының дайындық кезеңіне 1,5 айға (25 мамырдан 8 шілдеге дейін) 82 нұсқаушы-бақылаушы және дала жұмыстары кезеңіне 1 айға 571 интервьюер қабылданады. Негізгі кезең үшін 236 нұсқаушы-бақылаушыны, сондай-ақ 1,5 айға (24 қыркүйектен 7 қарашаға дейін) және 1 айға 1654 интервьюерді жалдау жоспарлануда.

Санақ персоналын іріктеуді статистика департаментінің арнайы комиссиясы конкурстық негізде жүзеге асырады. Қазіргі уақытта санақтың дайындық кезеңін өткізу үшін санақ қызметкерлерін қабылдау жүріп жатыр.

Конкурсқа қатысу үшін түйіндеме статистика департаментінің statkrg@ aspire.gov.kz электронды мекенжайына қабылданады.

– Қабылданған санақ жүргізетін қызметкерлер дайындықтан өтетін шығар.

– Іс-шаралар жоспарында барлық санақ персоналын, сондай-ақ, аумақтық статистика органдарының басшылары мен мамандарын оқыту көзделген.

Биылғы жылы Ұлттық статистика бюросы халық санағының 1-кезеңін өткізу бойынша облыстық статистика департаменттері мен штаттан тыс бөлімінің басшылығы үшін ұлттық халық санағын дайындау және өткізу бойынша оқыту семинарын өткізді.

Мамыр айында статистика департаментінде аумақтық статистика басқармаларының басшылары мен өңірлердегі санақ жөніндегі уәкілеттілер оқытудан өтті. Бүгінгі күні уақытша санақ персоналын – нұсқа[1]ушы-бақылаушылар мен интервьюерлерді қабылдау жүріп жатыр. Оларға нұсқама беру мен оқыту жұмыстарын аумақтық басқармалардың басшылары және уәкілетті адамдар өңірлерде шарттар жасасу барысында жүргізеді. Санақ персоналын оқыту санақтың негізгі кезеңі үшін де осындай тәртіппен жүргізілетін болады.

– Санақта қанша сұрақ бар және сауалдардың сипаты қандай?

– Санақ парақтарындағы сұрақтардың жалпы саны – 87. Оның ішінде, 67 негізгі сұрақ және 20 – нақтылаушы сұрақ. Үй шаруашылығының әрбір мүшесіне толтырылатын 3-И жеке санақ парағы 38 сұрағы бар 9 бөлімнен тұрады. Сұрақтар жалпы және этномәдени сипаттамалары, білім және сауаттылық деңгейі, көші-қон, неке жағдайы, бала туу (әйелдер үшін), жұмыспен қамту, өмір сүру көздері, тіршілік әрекетінің шектеулері бойынша қойылады.

ЕЭК, БҰҰ, ТМД Статкомитеті сияқты халықаралық ұйымдардың ұсынымдарына сәйкес сұрақтар қатарына келесі мәселелер енгізілді: санақ кезіндегі орналасқан жері, тіршілік әрекетінің шектелуі (есту, жүру, көру қиындығы). Көші-қон мәселелері (қай елден келді, уақытша тұратын жері, келу мақсаты, Қазақстан Республикасынан басқа елге кету жоспарланады ма), жұмыспен қамту мәселелері (жұмысқа бару және жұмыстан үйге қайту кезеңділігі), неке жағдайы мәселелері (алғашқы және қайталама некелер), туу бойынша мәселелер (бірінші және соңғы баланың туған күні) қосылды. – Санаққа қатысатын азаматтардың жеке деректері қалай қорғалады? – Барлық дерек қатаң түрде құпия сақталады. «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес барлық алғашқы статистикалық деректер құпия болып табылады және оны мемлекеттік статистика органдары тек қана статистикалық ақпарат жүргізу мақсатында пайдаланады. Мемлекеттік статистика органдары алғашқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде олардың құпиялылығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, заңда мемлекеттік статистика органдары қызметкерлерінің алғашқы статистикалық деректерді жоғалтқаны, сатқаны, бергені және өзге де заңсыз жария еткені үшін жауапкершілігі көзделген.

Ақпараттық қауіпсіздік саясатына сәйкес барлық қызметкерлер, соның ішінде уақытша қызметкерлер құпиялылықты сақтау туралы келісімге қол қояды. Санақ деректерін қорғау санақ персоналы пайдаланатын планшеттік құрылғылардан деректерді беру кезінде де қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн.

Халық санағын жүргізу кезеңінде деректерді орталық санақ серверіне беру келесідей жүзеге асырылады:

  1. планшеттен онлайн тәртібінде ұялы байланыс операторының қорғалған желісі арқылы, интервьюер планшетпен оператордың қызметтерін қамту аймағында болған жағдайда;
  2. ұялы байланыс желісі нашар шалғай аудандарда сауалнама жүргізу кезінде деректер кенттер мен ауылдық округтердің әкімдіктері қосылған мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасының қорғалған арнасын (МО БКО) пайдалану арқылы офлайн тәртібінде орталық санақ серверіне берілетін болады.

Сонымен қатар, барлық аумақтық статистика органдары қосылған IP VPN арқылы деректерді жіберуге болады.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button