Жанашыр жұрттың жанайқайы
Санаулы күндерден соң Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойының дүбірі қызады. Бабаның туған жері – Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ елді мекенінде.
Жуырда осы тойға байланысты ойларын арқалаған екі азамат редакцияға бас сұқты. Егіндібұлақтың тумалары екен. Өз уәждерін «Орталық» арқылы жеткізуді жөн көрген. Бұқараның бұйымтайын сөзбе-сөз жеткізуге бел будық.
Жарқын РАМАЗАНОВ:
– Алда Қаздауысты Қазыбек бабамыздың мерейтойын атап өтеміз. Бұйыртса, Егіндібұлаққа қалың ел келеді.
Қазіргі күні бізді ауылдағы мешіттің ахуалы алаңдатады.
Турасын айтайық, Шариғаттың өзінде дәрет алып жүрудің заңдылығы, маңыздылығы жазылған емес пе?! Алланың үйі жанында дәрет алатын арнайы орын болуы қажет. Ал, Егіндібұлақ мешітінің жанында мұндай нысан жоқ.
Әсет МҰҚАЖАНОВ:
– Әсіресе, Рамазан айында, Қадір түнінде Егіндібұлақтағы мешітке де қалың ел жиналады. Аллаға зікір еткен жамағаттың қарасы қалың екендігін көріп, қуанып қаламыз.
Бір әттеген-айы, ауылымыздағы мешіттің жанында дәрет алатын арнайы орынның болмауы қынжылтады.
Қасиетті Бабамыздың мерейтойына келетін елдің де ауылдағы мешітке бас сұғатыны анық.
Біздің айтпағымыз – қор қаражаты есебінен осы мәселені шешу қажет. Мешіттің жанынан дәрет алатын арнайы орын тұрғызуға тиіспіз. Аудан, ауыл басшылығы мәселені оң шешіп берсе, игі!
Осыны естіген бетте-ақ, Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Р.Инербаевқа телефон шалдық. Ауыл басшысына азаматтардың көтерген мәселесін айттық. Жазбаша жауап жолдауын талап еттік.
Р.Инербаев өзінің хатында Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойы қарсаңында Егіндібұлақ ауылында әзірлік жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанын жазыпты. Әкімнің айтуынша, ауылдан 10 мың тонна күл-қоқыс шығарылып, абаттандыру, жол жөндеу жұмыстары қызу қолға алынған. Сондай-ақ, ауылдан шыққан кәсіпкер жігіттердің де тойға, туған жерге тартулары бар екен.
Әрине, біреудің сойылын соғудан аулақпыз.
Сондықтан, ауыл басшысының мешітке байланысты жазғанын еш өзгертусіз, қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.
Р.ИНЕРБАЕВ, Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі:
– Ауылдағы орталық мешіт пен оның асханасына да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Асхана иесі Әсем Қалелқызы отбасымен асхананың іші-сыртын ақтап, сырлап, сыртқы шарбақтарын да бояуды қолға алып отыр. Мешіт пен асхана маңына қиыршық тас төсеп, баласт жайып, көліктер аялдайтын алаң маңын да реттеуді қолға алып отыр.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»