Жанармай тапшылығы жойылады
Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ аймақтағы жанар-жағармай тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы есепті тыңдады.
Өткен аптада Жезқазған қаласының тұрғындары көліктеріне 20 литр бензин құю үшін бірнеше сағат бойы кезекте тұруға мәжбүр болғаны мәлім болды. Бір көлік жүргізушіге одан артық сұйық отын берілмеді.
– 22-ші қыркүйекте Жезқазғанда жанар-жағармай қоры болды, – деп мәлімдеді аймақ басшысының орынбасары Алмас Айдаров. – АИ-80 қоры 5 күнге жеткілікті болған, АИ-92 және АИ-95 – 12 күнге, ал дизельдік отын 11 күнге жеткілікті еді.
Жезқазғанның әкімі Батырлан Ахметовтің айтуынша, қазіргі таңда бензинге қатысты мәселе жақсарды: ұзын сонар кезек жоқ, сұйық отынды «Helios» ЖЖҚС желісінен еркін сатып алуға болады. Мұнай өнімінің сатылымына шектеу, тек, «КазМұнайГаз» жанармай құю станциялары желісінде ғана орын алған.
Сонымен қатар, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының тұрғындары да сұйық отынның тапшылығына шағымданды.
– Жұмысты неге ақсаттыңыздар? – деді Ерлан Қошанов «ҚазМұнайГаз өнімдері» филиалының директоры Қанат Ақылбековке.
– Қазір жағдай түзетіліп жатыр, – деп жауап берді ол. – 451 тонна – АИ-80, 845 тонна – АИ-92, 260 тонна – АИ-95 және 2015 тонна дизельдік отын жеткізілгелі жатыр. Жеткізу 5-6 күнге созылады, осы уақыт күте тұру керек болады.
Облыс әкімі бірінші кезекте аймағымыздағы бензин тапшылығын жоюды тапсырды.
Аппараттық жиналыста айтылғандай, Атырау МӨЗ-да (мұнай өңдеу зауыты) жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен, осындай тапшылық сезілген. Енді, зауыт іске қосылып, жұмысын қайта бастады. Павлодар мұнай өңдеу зауыты да жөндеу жұмыстарын өткізу үшін уақытша жабылған. Сұйық отын мөлшері төмендегендіктен, нарықта АИ-92, АИ-93 бензині шамамен 2,6 %-ға қымбаттаған.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.