Жанар ұшынан қалам ұшына қонған қасиет
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің 90 жылдық мерейтойын «ас ішіп, аяқ босату» деңгейінде қалдырмай, тағылымды шаралар шеңберінде атап өту – әу бастағы жоспарымыз еді. Кәсіби мерекеміз қарсаңында Арқа баспасөзінің қара нары, ұстазымыз, қасиетті Қарашаңырақты табаны күректей 22 жыл басқарған Мағауия СЕМБАЙДЫҢ 40 жыл құтты қонысына айналып, маржан ойларының алтын бесігі болған үйіне ескерткіш тақта орнатқанбыз. Осылайша сауапты іспен басталған мерейтойлық шаралар әрі қарай сәтімен сабақталуда.
Өткен аптаның сенбі-жексенбі күндерін «Атыңнан айналайын, Қарқаралы!» атты саяхатқа арнадық. Мақсат – жалқы. Бір жарым жылдан бері карантин құрсауында болып, кабинеттен ұзай алмаған шығармашылық ұжымды Қарқаралы, Егіндібұлақ өңірлеріндегі киелі жерлерге тәу ету арқылы рухани тұрғыдан бір серпілту. Мақсатымызға жеттік, білем!
Әлқисса… Ұжымның үлкен-кішісі қапысыз қамданып, ұланғайыр даланың ұлылары мекендеген абыралы атырап Қарқаралыға аттандық. Аласұрып ауыздықпен алысқан албырт сезім серіктесіп, шылбырдай ширатылған шимай жолдың көлеңкесінде көсіліп барамыз. Таяқ бойына көтерілген күн бейне қысыр қалардай-ақ көлікпен қатар жүйіткіп келеді.
Әне-міне дегенше Бұқар бабаның ескерткіші қойылған Ботақара кентіне жеттік. Желбегей шапан жамылып, тектілігімен танылған, қолы кісесінде, «Ал, балам, түсесің бе?» деген кейіп танытып, қасқайған ұлы тұлғаның еңселі ескерткіші есерлеу, елік мінез жігітке ес салардай-ақ. Кешегі алмағайып заманда Абылайға кеңес берген әділдігі Наушаруандай «Көмекей әулие» Алашының бүгінгі тағдырына да алаңдаулы секілді көрінді бізге… Ғасырлар бойы көрген қиянатымызды ойша шолып, ұлы бабаға зияратымызды жасап, атқа қондық. Бағытымыз – ұлылар мекені. Бақытымыз – пешенеміздегі дәл осы сәтті нәсіп еткен Тәуелсіздік!
Атыңнан айналайын, Қарқаралы!
Аспан – ашық. Шуағы шашырап, шапағы қыз шолпысына шағылысқан күн, шекені енді қыздырып келеді. Асығыс апыл-ғұпыл көлікке мініп, тебіне бердік.
Әйнектен әр нені бір, жанармен жарыстыра шығарып салып келе жатырмын. Кенет биші қайыңы билеген, хор қызындай сұлулығымен қарағай шыршалары сыңсыған орманға сүйреген тұмса табиғатқа тап болдық. Талғамы терең, құдіреті шексіз жаратушы Раббымның ұлылығын тағы да мойындаған сәтім. Азырақ аялдап аяқ суыталық деген сылтаумен жерге түскен жалаңаш жүрек, тас түлек таң-тамаша. Маңайымдағы әріптестерім байқамасын деген ниетпен таңданған тұсымды терек-қайыңның тасасына тықпалап-ақ жатырмын. Жүзім – жайсаң, есім – екеу, түс – төртеу. Шатқалына шалқая қаратып, сілекейімді шұбыртып, жел құрсақ аттай құтырта құйқылжытқан күйдің себебі – Қарқаралы таулары. Сонымен не керек, межелі мекенді мәрелегендей, мұнан артық жерді жаһанды жүз айналсаң таппайтындай ойға көмілдім. Келімді-кетімді кісі қарасы әжептәуір. Кекілі күнге күймей, табаны жерге тимей, асфальтта өскен қала баласы ноқтасын сыпырған қара құлақ құлындай азан-қазан, ырду-дырдуда естияр есті ескермей ойнауда. Саяхатымыздың томағасын міне, осы «Тоғызыншы шақырымда» сыпырып қоя бердік.
Аялдаған аялдамаларды жылдамдықпен жұбата, жасырып келеді жүргізуші. Ала таңнан алаңмен көз шырымын шала алған біздерге жолдың ой-шұқыры да, көліктің ыңғайсыз орындығы да бөгет болмады. Көзім ілініп кеткен екен. Ыңырана келіп, сықырлата тежегіш басып бұрыла берген көлік дауысынан оянып, басымды қалтаң еткізіп көтердім. Тап бір ертегілер елінде оянғандаймын. Шатқалдың ортасында шағын қала. Айналаны жап-жасыл кілем көмкерген. Қаланы қоршаған тау-тастың мысы басып тұр. Күн астындағы Күнекейді күзеткен күзет секілді сыны сарқылмаған сырлы қаланы манағы тау-шатқалдар әлдебір зұлымдықтан қорғаштайтындай. Сымға тізген өріктей ретімен орналасқан оймақтай үйлер қала әрін әсемдендіріп қана қоймай, бейтаныс жолаушыға әріден сыр шертетін сияқты.
Арнайы тоқтаймыз деп оқталған орын – Алаш арыстарының ескерткіші қойылған алаң. Иә, діттеген жерге жеттік. Көлік қаңтарып, асықпай кезек тосып түсіп жатырмыз. Көңілде – алаң, көзде – нұр, бұл недеген тылсым сыр?
Тамсана таңдай қағып түстім. Дөңгелек үстел басында қабақтары қатулы, әлденені талқылап жатқан үш мүсінді байқамау мүмкін емес еді. Ілгерілеп кеткен топтың артынан едіреңдей елпілдеп, мен де еріп келемін. Сұлбалары сұстылау сомдалған ескерткіштерге жақындай бере арғы жағындағы жазуға ұмтылдым. Қоғам қайраткері, математикадан тұңғыш қазақ профессоры Әлімхан Ермеков екен. Қол жайып, бейне бір сұраққа жауап таппай, үстелге етене жақындай түсіп, айтарын тыңдаушыға мейлінше анық жеткізбекке асыққан сұлба. Одан кейін сабырлы, байыбы бейқам, сымбатына сақал мұрты ерек әр берген, басшыға тән болмысын саусақ сүйемінен ақ білуге болатын кесек мүсін. «Алашорда көсемі» Әлихан Бөкейхан! Үшінші тұлғаның да бейнесі айнымай сомдалған. Ұлтшыл боламын деп емес, ұлтына қызмет қыламын деп, отаршылдыққа ұлтан болмай бас көтерген Ахмет Байтұрсынов.
Саф алтындай сапасы сарқылмаған күйі, тас мүсінге жан бере білген мүсінші. Бәрекелді! Адамды адалдыққа, қазақшылыққа, бауырмалдылыққа шақырады. Маңайымдағы әріптестеріме қаншылдығым оянып, қараптан-қарап құшақтай қауышқым келді.
Сапардың жоспары бойынша бойлап келеміз. Тарихы түпсіз тұңғиық шаһардың мұғжизалары – әлі алда.
Көліктің іші қапырық. Бойдың ұзын болғанын қайтейін, ұлтарақтай орындыққа садақ сиқыммен сыймай барамын. Құлағымда құлаққап, әуенін әуретімен жеткізген Еуропа музыкасы ойнауда. Кілт тоқтатып, әуенді кездейсоқ ауыстырғаным мұң-ақ екен, қоңыр домбыраның күмбірі құлағыма майдай жаға кетті.
Арғы атам – әулие өткен ер Қазыбек,
Бекболат оның ұлы болыпты бек.
Тіленші – одан туған абзал шері,
Қарадан хан боп өткен бәрі асыл тек.
Атамыз одан кейін Алшынбайды,
Кемеңгер ақыл ойлы, терең сайды.
Атағың Алатаудай бабаларым,
Көрдің бе осы күнде біздің жайды?!
Сұрасаң Мәди еді – менің атым,
Кем емес еш адамнан салтанатым.
Кешегі Бауыр-Бошан ортасында,
Біреуден кем тумаған менің затым, – деген шумақтар жан сарайымды жадырата жөнелді.
«Құланның қасынуы шүріппенің басуына» дөп келген тұсын қараңыз. «Мәліксайдағы» Мәди баба зиратына бет алып келеміз. Кездейсоқтық па? Жоқ, бұл баба рухына тағзым болатын. Әуелеген әуенмен арқаланып, көліктен атыла жөнелдім. Көксегенім – Мәди зиратын тезірек көру. Тым таңсық болған баба бейіті маған ерекше әсер етті. Кесек таспен бастырылған орынды меңзейді көп. Сәл үнсіздік орын алғандай болды. Қиялым сол тар жол, тайғақ кешуде Мәдимен бірге Қараөткелді жыл паналамаққа мойын ұсынғандай. Ой жетегінде тұрғанымда, бас редакторымыздың «Отырып, құран бағыштайық» дегенін құлағым шалып, мен де малдастай кеттім. Құран аяттары оқылып, «әумин» десіп, бет сипай тұрдық. Зираттың әр жеріне тұс-тұсынан қол тигізіп тәбәрік тиердей ұмсыныстық.
Жасыратыны жоқ, адуыны асқақ, күрескер батыр бабаның мәңгілік мекені көзге қораш көрінді. Қасиеті «Мәліксай» деген атында ғана тұр ма деп те қалдым… Неге? Неге бабаның басын көрнекті етіп қарайтып, айналасын абаттандырмасқа? Сонда деймін-ау, тусыраған туризмнің тамырына қан жүгіріп, Мәди баба басына тәу етер жұрттың қарасы көбейер еді ғой… Әйтпесе, үлкен қорымға айналып кеткен «Мәліксайдағы» Мәдидің мәңгілік мекені ХХІ ғасырда көлік апатынан көз жұмған ана бір марқұмның күмбезді бейітінің тасасында қалып қойған екен. Мұны кетіп бара жатып қайырыла қарағанда байқадым. Артыма қарап, ішімдегі сан сауалға жауап іздеп келемін. Жауапты алыстан іздеудің қажеті жоқ екен. Қала ортасында орналасқан Мәдидің домбыра ұстап, адымдай асыққан бейнесін көрсеңіздер болғаны. Артындағы түрмеден қашып бара жатқан сұлбасы батырдың. Ел айтады, қызыл чекистің оғына ұшқан жері осы деп.
Содан не керек, Қарқаралы көшесін араламай-ақ тікелей Құнанбай мешітіне тура келеміз. Күмбезі кербез, кестелі орамал сынды түрленген мешітке қарасаң, сәжде қылып, діндар сопы атанып, дін уәждап кетуге аз-ақ қаласың. «Қазақстанның 100 киелі орны» тізіміне енген мешіттің әлқиссасы әріде. Құрылысы 1850 жылы басталған мешіт небәрі бір жыл ішінде тәмамдалды. Жанынан медресе, шәкірттер үшін жатақхана, молдалар үйі бой көтерген. Құнанбай қажы мешіті Қарқаралы уезінде ислам дінін уағыздауға, балалардың қара танып, сауат ашуына көп қызмет еткен. Сол кезде Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған Құнекең 1850 жылдың 7 қаңтарында Сібір қырғыздарының шекара бастығы Клейст мырзаға жазған хатында: «Мешіт құрылысы дін ықпалын нығайтып, Құдайға құлшылық етіп, намаз оқып, халықтың адамгершілік-имандылық сезіміне өзгеріс жасау мақсатын көздейді. Сенімді түрде кірісіп, мешіттің құрылыс жұмысын өткен жылдары қауым болып жинаған қаражат есебінен және өзімнің меншігім есебінен жүргіземін», – деп мойнына алды Құнанбай Өскенбайұлы.
Кеңес үкіметі кезінде мешіт ғимараты әртүрлі мақсаттарға; тұрғын үй, қойма, кітапхана, архив ретінде пайдаланылды. Тіпті, талай тілсіз жау өрттен аман қалған деген деректер бар.
Төбе басында төңкеріле орналасқан аудандық мешіт – бүгінде қала сәні. Ішіне «Аса мейрімді, ерекше рахымды Алланың атымен» деп кіре бердік. Ағашпен көмкеріле өрілген мешіттің іші қыздың баласындай, таптұйнақ етіліп жиналған. Шіліңгір шілденің ыстығынан ығып кірген едік, салқын ауа лебі бірден дем берді. Жаңбырдан соңғы дала иісі аңқиды іштен. Мұнда мінәжат қылған мүміндер неткен бақытты! Сол мінәжат еткен мұсылман сауабын алушы Құнанбай қажы кемеңгер. Төрт бөлмеден тұратын едәуір үлкен мешітті бұрын 3 қабаттан тұрған деседі. Астында кітапхана, үсті азан шақырар орын, ал ортасы намазхана. Әйелдер мен ерлер ортасын шымылдық бөліп тұрады. Сонау дәуірге сөз саяхатын бастап алып кеткен мешіттің наиб имамы Маралбек Шаханов мінәжат үйінің жойылудың аз алдынан аман қалғанын, бұзылуға шақ қалған қиранды күйінен қайта жанданғанға дейінгі тарихын тілге тиек етті. Ескі дәуірден бері аман тұрған арқалықтармен бағандар ағашпен қайта қапталған екен. Бір бөлмесінде Құнекемнің де қолы тиген арқалық та сақталған. Төртбұрыштау келген жуан ағаштың біреу үшін атасы тал болар, бәлкім. Біз үшін құны шексіз тарихтың аудармашысы, қасиетті жәдігер! Мешіттің оң жақ қапталында Құнанбай мен бала Абайдың ескерткіші қойылған. Назар салып қарасаң, қиялыңның қырқасына Досхан Жолжақсынов басты рөлді сомдаған «Құнанбай» фильмі келеді. Фильмнің аяқ жағында бала Абайға көкжиектен ақ күмбезі ақшаңқан болған мешітті көрсеткен эпизоды.
Елдіктің туын тіккен Егіндібұлақ
…Қаладан қара үзе бердік. Егіндібұлақ елді мекенін бетке алып, бесінге таянғанда қас көтеріп қасқайған Қаздауысты Қазыбек би ескерткіші тұрған мекенге тоқтадық. Бұзау бас қамшы қолға алып, сақал сипай ойланған Қазыбек биді ел ертеңі толғандырғандай. Жоңғар ханын жауласпай тізе бүктірген айбыны айтулы бидің «Біз қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз», – деп келетін жай отындай жарқ еткен отты сөздерін жатқа білмейтін қазақ кемде-кем.
…Тоқсаныншы жылдардың жуан ортасында оңтайландыру оқпанына жұтылған бағың қайда, Егіндібұлақ?! Қасиетті Қазыбек бабаның құтты қонысы болған қастерлі мекеннен ел көшеді деп кім ойлаған?! Өмірдің базарынан шет, биліктің назарынан тыс қалған Егіндібұлақтың еңсесі еңкіш, жанары жабырқаулы ма, қалай?
Иә, қотаны малға, қойнауы жанға толған Балқантаудан бақ тайып, Едірейден ел көшкенін көрді мына жұрт. Бұл да бір заманның зауалы шығар, бәлкім… Әйтпесе, қалмақ қырылып, қан сасыған кезде де бабамның зәузаты көшпеген мекен ғой – бұл! Іргесінде 40 жыл сынақ жасап, атамның жеріне атомның бомбасын жарған сұрқия саясат та бұл жерден елді ығыстыра алмаған. Бұлағынан су емес, у сімірген кезі де болған. Шынымен-ақ, біз бұл дала полигонның салдарынан қу тақырға айналған шығар деп ойлағанбыз. Олай емес, көгорай шалғыны белуардан демейік, тобыққағардан тізге тақау шұрайы бар. Табиғат-Ана Алланың рақымы түскен мекенді өзі түлеткен екен. Ендігі жерде біздің биліктің рақымы оянып, осындағы елдің рухын түлетсе… Шіркін!
Бір кездері аудан орталығы болып, дәурені жүрген мекенде бос қалған үйдің қарасы көп. Қаладағы жұрттың түстік асына жараған, еріншек жеңгемнің дүкеннен қолтықтай келіп, қайнаған суға бір шайқап алатын «Балқантау» өнімдері цехын сыртынан көрдік. Демалыс, бәлкім…
Егіндібұлақта ел жоқ демеңіз… Бар. Ұлы рухтың шырақшылары, кешегіден түңілгенмен, ертеңіне үміт артқан, төзімі төрге озған ел бар мұнда. Өйткені, Егіндібұлақ – елдіктің туын тіккен қастерлі мекен!
«Арқалық! Арқалыққа тарталық!»
Қазыбек баба ескерткішіне аз-кем аялдап, баба рухымен сырластық та, ендігі аяқ суытар жеріміз бұрынғы «Арқалық» совхозы, қазіргі Тәттімбет селолық округіне бет бұрдық. Жолбасшымыз «Арқалыққа тарталық!» деген соң, жапа-тармағай атқа қоныстық.
Шаңқай түстің кезі, күн жарықтық құйқа қақтардай қайнап тұр. Ендігі жолдың азабын айтыңыз. Жол өркениеттің бір өркеші десек, ол да жатаған тартыпты. Жол экономиканың күретамыры десек, ол да үзілуге шақ қалғандай. Әрине, «жол азабын жүрген білер»… Көлігіміз гүрілдеп, өзіміз дірілдеп келеміз. Орындыққа олай-бұлай дөңбекшіп, бір-біріміздің іші-бауырымызға кіріп, иыққа бас сүйесе қисая кеттік. Жол бұралаң, шұқыры мен шұбатылған шаңы береке қашырды. Маңайымыздағы мұнда бұрын-соңды болғандардан, ара-кідік сұрап қоямыз. Сағызша созбай, ойдың анығын, сөз бояуының қанығын берейін. Ақыры арасында ұйқы деген арсыз саудагермен саудаласып, ұзақ жолды қиып алдық. Тау бауырлап, адыр асып, шығысынан Арқалық таулары шырай берген Тәттімбет ауылына да ат басын тіредік. Кіреберісте қаңыраған қиранды үйлер кешегі азан-қазан қайнаған тірліктің қара қазаны болған Тәттімбет ауылдық округін ақтап алардай кейіпте. Алдымыздан құшақ жайып қарсы алған ауыл әкімі Ербол Исатайұлы, және ауыл азаматтары академик Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушысы, белгілі тарихшы Нұртас Смағұлов және Талғат Борантайұлы. Ата-анасына ас беруге ауылына келген тарихшы Нұртас Смағұловты сол жерде қолқалап, жол бастайтын жолсерік қылып сайлап алдық.
Байқаймыз, «Арқалықтың» алаулаған арманы бар, мұнартқан мұңы да бар. Ғадетімізше, ауылдың жайын, мұндағы ағайынның күйін сұраймыз ғой. Әңгіме тиегі ағытылды. Бұрын «Арқалық» совхозы болып тұрған уақытта мұндағы халық саны 2000- нан астам болыпты. Бейнебір ертегі сияқты. «Арқалық» туралы айтылған тура осы деректерді «Ерте, ерте, ертеде» деп бастап кетсеңіз, ертегіден еш айырмасы жоқ аңыз болып шыға келер… Құрамында «Қызылтау», «Тасшоқы», «Шілдебай» аталатын үш бөлімшесі болған деседі. Арқалық тауының айнала бөктерінде 42 қыстақ орналасып, үйінен түтін, қорасынан бу бұрқыраған десеңіз, 1997 жылдан бері туғандар сенбейді де. Бүгінгі күні Тәттімбет ауылдық округі бойынша көлемі 143662 гектар алқапты ауыл шаруашылығы жері қамтиды. 18 қыстақ, 33 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Жаман емес. Шүкір! Халық саны – статистикалық мәліметтер бойынша 562 адам. Бұрынғы халықтың төрттен бірі. Мал басын 4413 мың жылқы, 6073 ірі қара, 8248 қой-ешкі құрайды. Өңірде 11 жылдық мектеп, Мәдениет үйі, отбасылық дәрігерлік амбулатория және ауыл әкімшілік орталығы, мешіт бар. Жалпы, ауылдың экономикалық және әлеуметтік дамуы жоғары деңгейде. Барын базарлаған қанағатшыл елдің талпынысы – жоғары. Ауыл әкімінің айтуынша, қаладан көшіп келіп жатқан отбасылар баршылық. Ол да үзілуге шақ қалған үмітке демеу.
Жер жәннаты деуге татырлық сұлу табиғаты, ынтымақшыл елі, шұрайлы жері бар ауылдың келбетіне сүйсініп тұрып, Асан қайғы бабаның кейпіне еніп кеткендей болдық. Қысы да жайлы деседі. Жыл-он екі ай малы тебінде жататын ауылдың бар ауыртпалығы – жол ғана. Біздің мақсат барған жеріміздің табиғатына тамсанып, киесіне бас ұрып қана қайту емес, өңірдің өзекті деген проблемасын билік назарына ұсыну болғандықтан, жол мәселесін қайталап айтып отырмыз. Жолы тақтайдай болса, келтіре алмай жүрген туристеріңіз Балқантауға ат шалдырып, Едірейге екі түнеп, Үшқараға үш түнеп аттанып жатар еді ғой…
Күй күмбезі – Тәттімбет
Ауылға аялдамадық. Түндік өзені бойында, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасында, ауыл орталығынан 12 шақырым жерде орналасқан Тәттімбет Қазанғапұлының мазарына баруды жөн көрдік. Шертпе күйдің шебері, Арқа күй өнерінің негізін қалаушы, композитор Тәттімбет Қазанғапұлы Қарқаралы округіндегі Нұрбике-Шаншар болысында 1842- 1854 жылдары болыс болған. 1855 жылы ресей патшасы Александр II-нің таққа отыру рәсіміне арнайы шақыртылып, Петербургке барған. Өз заманында атағы жер жарған Құнанбай Өскенбайұлы, Алшынбай Тіленшіұлы сияқты беткеұстарлармен дәрежесі тең болған тұлға. Өнеріне тәнті болған Біржан сал «Тәттімбет – ардагерім, Арғын асқан, Қырық түрлі күй айналған бармағына» – деп тегін айтпаса керек-ті. Арқаның апайтөсінде алтын айдардай көз тартқан сұлу да шұрайлы өңір – Қарқаралы төңірегінде ХІХ ғасырда қалауын орындатып, айтқанын істететін, ықпалды, жуан сіңір, қолы ұзын адам Тіленшіұлы Алшынбай болған. Алшынбайдың ықпалының жүргендігі сонша, сол өңірдегі аға сұлтан Құсбек төрені бірде қарсы келгені үшін аға сұлтандықтан тайдырып, орнына Құнанбай Өскенбайұлын сайлауға ықпал еткен. Алшынбай ел ішінде би атанғанымен, Ресей патшалығына да беріле қызмет көрсетіп, сол үшін «старшын» атағын алған, Анна лентасына тағылған күміс медальмен марапатталған.
Алшынбаймен әйгілі күйші-композитор Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1860) аталас болып келеді. Оның үстіне, Тәттімбеттің Нұрбике-Шаншар еліне болыс болып, үзеңгілес жүрген кезі болса керек.
Бір жылы қыс қатты болып, ақсүйек жұттың нышаны белгі бере бастайды. Мал сүмесімен күн көріп отырған Арқа қазақтары абыржыңқы күй кешеді. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, қардың қалыңдығына, малдың өлім-жітіміне, ит-құстың молаюына, ұры-қарының білінуіне қоса, терістіктен тұрған үскірік жел басылмай қояды. Мал мен жанның апшысын қуырған қарлы боран Алшынбайдың да көп жылқысын ықтырып, көрші рулардың қорықтеппесіне алып келеді ғой. Аштық атасын таныта ма, Алшынбайдың ыққан жылқысы қорықтарды таптап, тақырлағаны былай тұрсын, ауыл-ауылдың үстін басып, арық-тұрыққа деп жинаған көпен-шөмелелеріне ауыз салды.
Алшынбайдың жылқысы екенін білсін-білмесін, көз алдында бөтен малдың аяқ асты болып отыра ма, ауыл адамдары ығып келген жылқының алдын жасқап, бетін ауылдан бұрып жіберді. Сол бетінде ыққан жылқы Қарасор көлінің былқылдап жататын сорына тіреліп, біразы шығын болса керек.
Мұны естіген Алшынбай «жылқыларымды әдейі бақастықпен сорға түсірді» деп, көрші ауылдардан өлген малын өндіріп алу үшін төңіректің би-болыстарын жинап, салмақ салады. Берсе қолынан, бермесе жолынан алатын, өктемдігін жүргізіп қалған Алшынбайға ешкім қарсы келе алмай, қиналған көпшілік араша сұрағандай Тәттімбетке кісі жібереді.
Көптің сәлеміне құлақ асқан Тәттімбет келгенде Алшынбай би елдің апшысын қуырып, би-болыстарды ықтыра сөйлеп отырса керек Тәттімбет Алшынбайдың жасының үлкендігін сыйлап, сөзін бөлмей шеткерірек отыра кетеді.
Содан, Алшынбай өз дегенін орындататын үкім сөзін бітіре бергенде, Тәттімбет:
−Дат, Алшеке! Үкіміңізге қосарым бар! – дейді.
− Айт датыңды! – деп Алшынбай ошырыла бұрылды.
Сонда, Тәттімбет:
− Алшеке, жалғыз Айбике емес, жапсар жатқан Шаншар да, қала берді Қарқара, Қуды ен жайлаған исі қаракесек сізді төбесіне көтеріп, дуалы ауыз, тура би деп танып, тағдырының тізгінін қолыңызға ұстатып отыр. Ол ол ма, ықпалыңызды жүргізем десеңіз, Қарқабат анасын ұрандас еткен қалың шоғыр қаракесек былай тұрсын, қырық сегіз болыс майқы-бошанға, одан асып арғынға айтқаныңыз өтеді. Япыр-ау, деймін! Осынша биікте отырып, неліктен терістіктен соғар үскірікті алдын ала болжамағансыз! Қалайша жұрттан асқан құдіретіңізбен болжап, өз малыңыз ғана емес, төсекте басы, төскейде малы қосылған ағайынға қамқор бола алмадыңыз? Біле-білсеңіз, мұндай үлкен міндет Сіздей ел үлкеніне лайық емес пе еді?! «Тас түскен жеріне ауыр», «Әйел ерге, ер жерге қарайды». Сіз білмегенді Сіздің панаңыздағы қара халық қайдан білсін?! Боранның соғарын, жылқының ығарын, ыққан жылқының сорға түсерін болжап, біліп отырудың жолы Сіздікі емес пе?! Менің қосарым, боранда ығып, сорға түскен жылқыны осы ел бөліп төлесін-ақ! Ал, осынау қалың елдің биылғы жұтта өлген жылқысын, жұттың боларын болжамағаныңыз үшін сіз төлеңіз! Ол болмаса, үкім бұзылсын! – деген екен.
Алшынбай өзінің белден басып, артық кетіп отырғанын мойындап, Тәттімбеттен тосылған екен дейді. Өрелі өнерімен, әділ билігімен танылған Тәттекеңнің Арқа атырабында алғаш өндіріс ашып, металл өндіргендігін де біреу біліп, біреу білмейді.
…Мазар басына жайдақ жер жолмен жетіп бардық. Тәттекеңнің қырлы домбыра ұстаған бейнесі көмкерілген алып монументке жөндеу жұмыстары қажет екенін аңғару қиын емес еді. Сылағы сыдырлып, ала-бажақ кейіпке енген монументтің сұлбасынан күйші бейнесін жазбай тануың қиын екен. Жанындағы мазары батырдың дулығасы іспеттес, төбесі шошақ, күн сәулесі түсетіндей етіп әр жағынан шағын үшбұрыш саңылау қалдырылған. Сыртын айналдыра қоршаған қоршаудан ішке кірдік. Баба басына дұға қылар арнайы орындық та бар екен. Адам болған соң не нәрсенің түпкі тереңі, шыққан тегі, қуысы қызықтау ғой. Ішіне кіре бастадық. Еңкейіп аядай есіктен ішке ендік. Қатар орналасқан үш қабір. Тарихшы Нұртас Смағұловтың айтуынша, Ақселеу Сейдімбектің зерттеуі негізінде, қоғам қайраткері Әшімбек Бектасов мазарды тауып, белгі қойып кеткен деседі. «Мына жерде Тәттімбеттің әкесі Қазанғап, шешесі Қалайы және Тәттімбет өзі жатыр» деп нақтылады Нұртас Бірлікұлы.
Құдайдың құдіреті алты рудан жиналған алқалы топ қабіріне зиярат еткеніне баба аруағы бір аунап түсті ме, шайдай ашық аспан кенет түнеріп жауын жауа бастады. «Үнімен домбыраның бұлт көшірген» деген теңеу міне, осы жерде еріксіз есте сайрайды.
Осылайша, күй күмбезі Тәттімбет Қазанғапұлының рухына құран бағыштап болған соң, Арқалық ауылына сапарымызды жалғадық.
Басында Үшқараның қасиет бар
Ауыл азаматы, Қаздауысты Қазыбек бидің сегізінші ұрпағы Төлеу Әнесұлының шаңырағына келіп түстік. Дархан пейіл, даладай дастарқан. Жолсоқты болған жолаушыларды жадыратып сала берді. Қарнымыздың ашқанын енді аңғарып, бауырсақты балқаймаққа шылап, салқын қымызды сіміріп жатырмыз.
Бұл жерде кешегі Қарқаралы Хан Бертістің тарихы таспаланып, тағлымды тараулардың тиегі ағытылды. Үйдегі Салтанат жеңгеміз жергілікті мектепте ұстаз болып жұмыс істейді екен. Қасиетті Қарашаңырақ ұжымын құт келді деп қабылдады үй иелері.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын толғандырған бірер түйіткілді мәселе де қозғалды. Көп тұрғынның көшуіне себеп – ауылдың ауданға қашықтығы. Жұмыс орындарының жоқтығы. Қарапайым көлікке сайман іздесе, ауданнан жақын іргелес Баянауылға баратындықтары турасында.
….Кеш түсіп, намаздыгер болғанда көршілес Айрық ауылына (Мәди ауылдық округіне) жолға қамдандық. Ымырт үйірілген шақ. Бұйығы ауылдың мазасын алдық-ау деген алаң бар көңілімізде. Бірақ, ауылдың атымтай азаматы Рымбек Дүйсембекұлы біздің ұжымды жылы жүзбен қарсы алып, дархандығы көңілдегі алаң мен беймаза күйді ысырып тастады. Рекең мекені қала болса да, кіндігі алтын бесікке байланған текті азамат екен. Шаруашылық ашып, Үшқараның баурайындағы Мәди қыстағына қожалығын қоныстандырғанына көп бола қоймапты. Шаруасы дөңгелеген іскерлігіне, осы елдің жел жағына пана болып отырған парасатына қанықтық.
Ертесіне ерте аты иісі қазаққа мәшһүр болған Үшқара тауына аттандық. Таудың шығыс жақ бауырында Рымбек Дүйсембекұлы орнатқан Мәди Бәпиұлының ескерткішіне соға кеттік. Таудың шығар жерінде көлікті қаңтара салып, жаяулай жөнелдік. «Шіркін ай, тау баласы тауға мұнша құмар болар ма еді? Отызға келіп орда бұзар жасқа жеткенде жас баладай желіккенім қай сасқаным»,– деген томаға шой торлап барады сананы. 470 метр тау басынада шықтық-ау ентіге. Таудың үстінен көгереңдеп көрінген «Сарықасқа» соры да көп тарихтың тылсымын тарқатардай. Айналысын қоршаған қос қараны қасына серік етіп, Мәди тауына қарсы қарап тағзым қылып тұрғандай кейіпте Үшқара.
«Басында Үшқараның балғын едім, Көкорай сазға біткен шалғын едім, екінің бірі болсам арманым не, мен қалған бір атадан жалғыз едім» деп налыған нар тұлғалы наркескен ұл Мәди. Ұлыларды ұлықтаумен санаға секем салар нәпсілер тыйылды. Мынау Мәди басқан жер, жұтқан ауа, табам ба мұнан өзге жанға дауа? Кескіні кісіні кілт тоқтатқан батыр баба әндерін тауға біткен көне тастар жамыраса шырқап тұрған секілді.
Үшқараның үшем тауын тамашалап болған соң, Қаздауысты Қазыбек би бабаның рухына арнайы қойылған белгі тасқа аз аялдадық. Балқан таудың басына бұлт үйіріп, жұрт иіріп билік айтқан баба қонысы болған жерге мінәжат – мыңға бұйыра бермейтін бақ. Ел басқарған ханмен терезесі тең «Қазып айтар Қазыбек» атын иемденген би бабаның рухы риза болғандай аспаннан Алланың нұры тағы себелеп қоя берді.
Одан әрі алқалы атыраптың арқанша созылған дала жолымен Едірей тауларына тарттық. Жолай Қазыбек бабаның ұрпақтары «Жамақ» жайлауының кәусар бұлағынан сусындап, шөл қандырдық. Тау-тастың қырқасынан аң көріне ме деп, бір демнен сақсынып отырмын. Едірейдің арқар-елігі едіреңдеп шыға келмейді-ау. Қарасын көріп табиғат талғамына жан сусындататын, шіркін…
Қия бел, құзды жолдар қапсырысқан,
Тас үңгір тасасы көп тауды құшқан,
Қапыда салаң етіп жортуменен,
Түз аңы тап болмайды-ау қалтарыстан. Аттың құлағы, асықтың ал[1]шысында балалықты сарп еткен ұлы Мәдиге мекен болған Едірей баурап алып барады.
Кезінде қырық үйден қырық ошақтың түтіні будақтаған Едірейде де сегіз үй қалыпты. Көзкөргендер айтады, бұл ауыл 1998 жылы «Ильич шамы» сөніп, адыра қала жаздаған. Сонау бір жылдары Ниқанбай Омарханов аудан әкімі болып тұрған шақта осы ауылға баған орнатылып, шам сәулесі самаладай жарқырапты. «Айдаладағы алты үйге бола қыруар қаржы шығындаймыз ба?» деген облыс басшыларына «Ол ауылға алты үй үшін емес, бабаның аруағы үшін электр жарығы жеткізілуі керек» деп табандап тұрып, мақсатына жеткен Ниқанбай Иманғалиұлына деген ауыл азаматтарының алғысы шексіз.
Бізді ерекше мейірім, зор құметпен қарсы алған ауыл атқамінері Барақат Ешімханов Мәди бабаның «Қараүңгіріне» бастады. Туған жерінің тұмса табиғатымен біте қайнасқан ауыл азаматы жершіл болса керек. Әп сәтте қатар-қатар тізілген құз жарлар, қададай қағылған тас таулар қоршай түсті. Қыста ықтырма болар нағыз қора дерсің. Қараүңгірге де келдік. Көліктен асыға-үсіге түсіп жатқанда қарсы алдыңда қасқайған Қараүңгірден Мәди баба шыға келетіндей болып көрінеді. Межелеген мекенге жеттік. Көңілде күдік сейілді. Қуаныш бар, көкейкесті пікір бар. Батыр баба рухына салдыратын зікір бар.
Үңгір аузын қолымен қалаған екен. Бұрын алды қалың шілікпен көмкерілген деседі. Қақпадағы жазуды оқыр-оқымастан, қызыл торлы темір есіктен аттай бердік. Ішке кіре Нұртас Смағұлов даңқты күрескер мекен еткен үңгір тарихымен көпшілікті таныстыра бастады. Үңгірдің түпкір жағын меңзеп, ол жерде ошақтың болғаны айтылды. Мәдиден соң да бұл үңгірде тұрғындар тұрғанын алға тартқан тарихшы, тыңдаушыға бүкпесіз түсіндіріп бағуда. Ақпараттан ада қалмасын дегені ғой.
Ал, Барақат ағамыз Мәдидің ешкімнен қорықпағанын, жауынан тайсалмаған жаужүрек болғанын тілге тиек етіп:
– Бұл үңгірде Мәди бабамыз тығылып, паналады деген жаңсақтау. Бабамыз ешкімнен қорықпаған. Ал, қорықпаған адам тығылып, бой тасалай ма? Меніңше, ыстық күндері салқындау үшін, шабыт мазалағанда дамылдау үшін паналаған болуы керек, – деген тың пікірін жайып салды. «Рас-ау» дестік біз де.
Үңгірдің алдын өзгертулері де дұрыс емес секілді. Табиғи қалпын сақтап, ішіндегі ошағын, тұтынған заттарын қалпына келтіріп, музей жасаса деген оқшау ой қылаң берді көңіл көкжиегінде. Бірақ, «Музей ашу үшін штат керек» дейді ғой аудан мәдениетін басқарып отырғандар… Дегенмен, дәл осы еңселі Едірейдің баурайынан туристік орталық ашып, жолын жөндесе, ауылдағы сегіз үй «ескі ауылға» айналар еді. Біздікі – ұсыныс.
Жолсапар осылайша межелі мәресін тәмамдады. Осынша берген табиғат дәулетінің буына бусанып, буырқанған шабыттың шарабына масаңсып қалдық. Арамыздағы ақындарға шабыт, қалам толғар әріптестерге арқа берді. Жолайрыққа келгенде жолсеріктердің қимай қоштасқанын сезіндік. Оқырман мен журналист арасындағы алтын көпірдің асылын-ай! Асылдан жиған дүние асулы тұрып кір болмай, ыстықтай басылым бетіне айқарма етіп басылды. Жанар ұшынан жарқ еткен қасиет қалам ұшына қонып…
Ерсін МҰСАБЕК,
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.
ҚАРАҒАНДЫ-БОТАҚАРА-ҚАРҚАРАЛЫ-ЕГІНДІБҰЛАҚ-ТӘТТІМБЕТ-МӘДИ-ЕДІРЕЙ-ҚАРАҒАНДЫ.
Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.
Нұртас СМАҒҰЛОВ,
Тарих ғылымдарының кандидаты:
«Бұл ауыл – менің туған мекенім. Осы елдің тарихында да, Сіздердің газеттеріңіздің тарихында да тұтас редакция ұжымының облыстың ең шалғай ауылына сапарлауы тұңғыш рет шығар. Жалғыз-жалқы тілшілердің келгенін көргенбіз. Тікұшақпен ұшып келіп, ұшып кеткен «зиялыларды» естігенбіз. Ал, нашар жолдың азабын тартып, осынша шалғайға қона жатып саяхаттаған Сіздер біздің ауылға құт әкелдіңіздер. Ертеңнен күткен үмітіміз ақталып, еліміз еңселеніп жатса, біз оны «Орталықтың» шарапаты деп қабылдаймыз».
Ербол ЖОЛАМАН,
Тәттімбет селолық округінің әкімі:
Облыстық басылымның мерейтойы аясындағы шаралар тізіміне енгенімізге қуандық. Әр тасы шежіре шертетін қасиетті өңірге зиялы қауым өкілдері ат ізін салмағалы біршама болып еді. Даламыз дүбірге бөленіп, бабамыз бір аунап қалды-ау деймін. Мерейтой рәсімін дастарқан басындағы ішіп-жеммен шектемей, осындай дәрежедегі мазмұнды шараға айналдырған Сіздерге мың алғыс! Менің өзім осы өңірді күнде көріп, сәт сайын аралап жүрсем де, бүгінгі сапардан ерекше әсер алдым. Қанаттандырып кеттіңіздер…».
Салтанат ҚАЛЫМЖАНОВА,
№32 Арқалық орта мектебінің мұғалімі:
Отағасы «қонақ келеді» дегенде жәй бір қатардағы қонақ шығар деп, мән беріңкіремеген едім. Басылым бетінен аттарын оқитын журналистер шаңырағымызға түседі деген үш ұйықтасам, түсіме кірмес еді. Газеттің бар бөлімін қарап тұрамын. Өзге газетке қызыға қоймаймыз, алып қарап, тамсана тарақтайтын басылым – осы «Ortalyq Qazaqstan». Сіздерге көп рахмет! Осындай сапарлар оқырмандарыңыздың санын еселейді. Өйткені, кешелі-бүгін Сіздермен дидарласқан тұрғындардың газет туралы пікірі де, көзқарасы да өзгеріп жатыр».