Руханият

Жамбас жүрген жерде пышақ жүреді

Қазақ баласы не тапса да, маңдай терімен тапқан. Қазіргідей Алла береді деп алақанын жайып отырмаған. Сол маңдай терін төрт түлігін төбелетіп өсіруге жұмсап, берекетін алған.

Берекеті деп отырғанымыз малымыздың адалдығы. Бұл өзі бүгінде қалтарыс, құпиясы көп кепке айналған. Сырт көзге бәрі дұрыс көрінгенімен, шын мәнінде, қызықтаған қызылымыз адалынан болмай жатады.

Наным-түсінігіміз бойынша төрт түлігіміз – жаратушымыздың бізге адалынан бұйыртқан малы. Алайда, сол адалдық жолын бүгінде ұзартып алған жайымыз бар. Тіпті, адасып қалғанбыз десек те болады.

Мал сойған жұрт адалдау дегенді шығарып алды.

Бездеу деп айтушылары да ұшырасып қалады.

Талау сөзін бірде естісек, бірде естімейтін болдық.

Әрине, бұл біздің бүгінгі күнгі сөзіміз. Кешегі өткен бабаларымыз мұның барлығын тәрбиелеу деген.

Бүгінде жіліктеу, мүшелеу, талау, тәрбиелеуді әбден милықтырып алған жайымыз бар. Мал жаратқанда осы алдыңғы үш сөз міндетті түрде ойымызда тұрады. Алайда, дөптей алмай жатамыз.

Содан барып адасып жатамыз.

Жұртты адастыру әлеуметтік желілерде ғана емес, қалың танымдық әдебиеттердің өзінде өріп жүр.

Бәрін қойғанда жілігіміздің өзін айыра алмайтын хәлде тұрмыз. Әлжеліні қарасаң, тіл шұбарлығынан шығып, діл шұбарлығына еніп кеткенімізді көреміз. Жілік санына жете алмай жүр екенбіз. Энциклопедиялардың өзінде жілік саны он екіден асып жүр.

Шын мәнінде, малдың төрт аяғында сегіз ғана жілік бар.

Қос-қостан ортан жілік, тоқпан жілік, асықты жілік, кәрі жілік.

Сол жіліктерді буынынан шығаруды жіліктеу дейді.

Бұған дау айтушыларға айтарым жілікте май болады. Оны бабаларымыз әспеттеп жілік майы деген. Ал, жілік санатында жүрген жамбас пен жауырыннан кім маған жілік майын тауып бере алады?!

Асыраймын, сәулем сені,

Жіліктің майыменен…

Қызға сөз салған жігіттердің бұл өлеңі бар шаруаны айтып тұрған жоқ па?

Тілімізде «арам қатқыр» деген қарғыс сөзі бар. Бұл айтып отырған төрт түлігімізге қатысты сөз. Олай болса, оларда да бір кілтипанның болғаны.

«Арам қатқыр» деп қазақ баласы өлген малды біледі.

Қазақ баласы тап осылай айтардай қаскөй емес, әрине.

Бабаларымыз малды өлтіріп жемей, жанын шығарып ас қылған. Күні кешеге дейін әке-шешелеріміздің магәзін етінен бас тартуын сонымен ғана түсіндіруге болады. Өйткені, өндірістік жағдайда малды тоқпен өлтіреді.

Малды бауыздайтынымыз белгілі. Қазіргі мұсылманшылығымыз төрт аяғын байлап, «аллауәкбарды» айтсаң, жеткілікті деп отыр. Алайда, бабаларымыздың сойған малын адалдаудың өз жолы болған.

Бауыздағанымызбен малдың жаны бірден шыға қоймайды. Қанын толық шығару керек болады. Кейбір адамдардың қолы ауыр келеді, тіл тарттырмайды. Кешегі үлкендеріміз ондай қасапшылар қолына пышақ ұстатпаған.

Малдың қанын ішу (жеу) біраз жұртта бар. Бізде ол адалдыққа жатпайды.

Бабаларымыз қаны шыққанда ғана малдың жаны шығады деп есептеген. Содан барып мал бауыз­даудың өзін үшке бөліп қараған. Алдымен тамақтан бауыздап, бой қанын шығарған. Одан соң жүрегін тіліп, дем қанын шығарған. Ең соңында жұлынын кесіп, тамыр қанын шығарған. Кейінгісін жұлындау деп те айтып жатады.

Қаннан кейін жынның кезегі тұрады. Етке тарамасын деп бірден өңешті байлап тастайды. Соңынан бөлек алып, арнайы шұңқыр қазып, соған көмеді.

Малдың жыныс бездерін, қуығын, жатырын басқа мүшелеріне тигізбей сылиды. Ішек-қарнын ақтарып, май бездерін, өтті алып тас­тайды. Бұлардың барлығы да әлгі көміске (шұңқыр) кетеді.

Осыдан кейін ғана барып, малды мүшелеуге кіріскен.

Малда он екі мүше болады.

Осы мүше, мүшелеу сөздерінің анықтығы бүгінде әбден жасықтаған. Адам баласына қаратып айтқанда да он екі мүшесін қилы айтып, жазықты болып отырған жайымыз бар. Мал баласына қаратып төрт мүше, жеті мүше дегенімізбен мұнымыз да еш танықтық әкелмей отыр.

Қарапайым тілмен айтқанда мүшеміз бөлшек деген сөз.

Әлемде тұтас жаратылыс жоқ. Бөлінбейді деген атомның өзі бөлшектен тұрады.

Олай болса, мүше деп жүргеніміз жалпылама, шартты атау. Мысалы, «Төрт мүшең аман ба?» деп амандасқанда «Аяқ-қолың аман ба?» деп түсіну керек.

Байқап қарасақ, мүше сөзі бізде сүйек атауларына байланған. Бұған сайсақ, мойын да мүше, омыртқа да мүше, бас та мүше. Қалғанының бәрі – ет. Сүйексіз бөлшектердің барлығы да – ет.

Демек, қазақ баласының танымында мүшеміз мал денесіндегі сүйек. Осы сүйектерді бір бірінен ажыратуды мүшелеу дейміз.

Көпшілік мойынды жарата бермейді. Себебін де білетін сияқтымыз. Еті қатты келеді. Ал, сол мойынды жаңа босанған әйел баласына арнайы беретінімізді қалай түсіндіреміз?

Себебі – біреу, еті – қуатты.

Жылқы еті ыстық етке жатады. Алайда, қой етінің ыстығы оны жолда қалдырады. Оның ең ыстығы – мойын еті.

Мойын еті денедегі суықтың барлығын айдап шығады. Содан да жас босанған әйел баласын тез ширатады. Содан да оларын әспеттеп қалжа деп жатады.

Қазақ баласының түсінігінде мүшеміз дастарқан басында отыр­ғандардың қолына мүжу үшін ұсынылатын сүйек (мүше).

Жалпы, адам баласының денесінде 206 сүйек бар деп есептеледі. Жылқыда 205 сүйек бар көрінеді. Басқаларында да солай.

Ғажабы сол осы 205 сүйектің өз атаулары бар.

Сонда қалай болғаны?

Он екі мүшеміздің екі жүзден асып жығылғаны ма?

Бұрынғы бабаларымыздың қалтасында бәкілері бірге жүрген. Өйткені, әрбір жанның бұйыртқан мүжитін мүшесі болады. Сондықтан да, етке отырған жанның барлығы да бәкілерін шығарған.

Өйткені, ұсынылған мүшені (сүйекті) мүжу керек болады.

Ал, біздің түсінігімізде сүйекті тіс арқылы мүжиді.

Алайда, малдың тіс тимейтін мүшелері де болады.

Ол – бас пен жамбас.

Бастың тәрбиесін мипалау дейді.

Есті қазақ ешқашан осы бас пен жамбасқа тіс тигізбеген. Сондықтан да, бабаларымыздан «жамбас жүрген жерде пышақ жүреді» деген сөз қалған.

Тап осы жерден тағы бір шегініс жасауға тура келеді. Қазақтың астау еті дегеніміз не деген сауал көлденеңдейді.

Бабаларымыздың ертеде етті астаудан жегені белгілі. Табақ-табақ тарту кейінде келген.

Қазақтың астау еті сол малдың толық он екі мүшесі түскен еті. Сол астау етті тек он екі адам ғана тұтынған (жеген). Он үшінші адам дастарқан басына отырмаған. Өйткені, біздің табаққа бары он екі сүйек түскен.

Оның сілемін қазір де көруге болады. Өйткені, бір табақ етке тек он екі адам шақырған.

Ал, табақ еттің жайы атымен басқа. Бір жілік болса жетіп жатыр. Бұлай есептегенде бір қойдың етінен он екі табақ шығады. Кешегі бабаларымызша есептегенде бір қойдың еті бір табақтан аспаған.

Бабаларымыз әр нәрсені орын-­орынымен ажыратып отырған. Еш қазақ баласы жылқы етінен көже жасамаған. Ал қой етінен ше?

Жасаған!

Сорпа сүйекте болады деп шегелеген үлкендеріміз. Ал, ол сүйегіміз он екі мүшеміз. Сонымен, біздің айтып жүрген он екі мүшемізге не жатады?

Әрине, малдың сан және қол еттері!

Сан және қол еттеріндегі сегіз жілік, және екі жамбас, және екі жауырын. Осы он екі жіліктің бірі қазанға түссе – ет, болмаса – көже.

Сорпасы жоқ ет болмайды!

Сорпасы жоқ па – көже болғаны!

Олай болса, қазіргі наурызкөже деп әспеттеп жүргеніміз оттаубай болып шығады, онда қазы-қарта жүргендіктен көже емес – сорпа!

Енді бездеуге түссек болар. Адам бойында без болатынын білеміз, ол шіркін малда да жеткілікті.

Ауызекі тілде бармақ, саусақ, қасық без деп жатады. Бұл сырт пішініне қарай айтылған сөз. Шынтуайтында бұларымыз жұтқыншақ, мойын, қабырға, мойын, жамбас, жілік , шап бездері.

Қол етін тәрбиелегенде жауырынға қарсы жұмсақ етіндегі бармақтай безді есте ұстау керек. Осыны жұрт бармақбез деп жатады.

Жұрт айтатын айдарбез бар. Ол атауында тұрғандай асықты жіліктің айдарбасында болады.

Жамбас безі бар. Ол малдың жамбас ойығында болады. Соған орай, оны қасықбез деп атаушылық бар. Төсті бұзғанда жабысқақты сылып тастау керек. Кей өңірде оны шеміршек деп жатады.

Қабырға безі дегені бар. Ол бұғанада болады.

Қазақ баласында түсінігінде без арам, уыт. Сондықтан, оны ит баласы тұрсын, құс баласына да жегізбей көміске шығарады.

Көріп отырғанымыздай бездің жүрмейтін жері жоқ екен. Малда да адамдағы ұйқы безі болатынын да айта кетелік.

Адамдардағы сияқты малдарда да без шошиды. Бездің көкесі сонда болады. Мұндай жағдайда шарбы бездерінің саны жиырмадан да асып жығылады дейді. Сондықтан да, малсақ бабаларымыз ондай жағдайларға жол бермеген.

Бұл жерде бездің етті бұзатынын, иістендіретінін есте ұстауымыз керек болады.

Без етті ұзақ сақтаудың жолын байлайды. Бездің сорпаны бұзатынын да ұмытпағанымыз жөн. Ондай түн асқан сорпаны қазақ баласы ішпеген. Айныды деп.

Бізде малдың жөн-жосықсыз сойылатын кезі құрбан айтындағы құрбанмалдар. Міне, сол құрбанға шығарған малымыздың тәрбиесіне барынша ыждағаттықпен қарауымыз керек. Ондағы қасапшыларды арнайы курстардан өткізу керек болады. Ондай сойыстан ешқандай да сауаптың болмайтынын түсінсек керек. Олай болса бұл үлкен ысырап. Арамның көкесі осы!

Ендігі қалған әңгіме талау болар.

Мұндай әңгімені бүгінде ешкім де қозғамайды.

Өйткені, ондай ұғымнан ажырап қалғанбыз.

Қазақ баласының ұғымындағы талау дегеніміз не сөз?

Бұл мал баласының етінде түрлі себептермен мал қанының түйіліп қалып қоюы, болмаса ұюы, қан тамырларының қарақошқылдануы, болмаса қараюы.

Малды ұру, малды зорықтырып қудалау, малды сүйрелеу осындай жайларға бастайды.

Мал тамырының да кәдімгі күретамырдан, көктамырдан және қылтамырдан тұратынын білеміз. Талау негізінен осы қылтамырлардың жарылуынан болып жатады.

Сойыстарыңыз шүйгін болсын!

Төрехан МАЙБАС,
жазушы-этнограф

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button