Жалындаған жас ұжым
«LIFE09» ақпарат агенттігінің құрылғанына да бес жыл өте шығыпты. Басында «Instagram», «Youtube» әлеуметтік желілері арқылы жедел ақпарат таратқан жас ұжымның бүгін өз бедері, белесі бар. Арқа ақпаратының алпауытына айналған «Saryarqa Аqparat» медиахолдингінің құрамына кіретін жалындаған жас әріптестеріміз бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмылғанының арқасында міне, медиасалада өздерінің айшықты орнын, айқын қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді.
Рас-ау, ақпарат ағыны күн сайын толас таппайтын осы бір уақытта дәйекті дерек, байыпты сараптамаға зәруміз. Жалған емес, шынайы ақпарат алмасудың аса бір қиынға соққан дәурені өтіп жатыр. Әлеуметтік желінің әлеуетін оң пайдаланып, ел-жұртқа жедел ақпарат таратып жүрген де, видеоконтенттер арқылы қаралым жинап, қара үзіп тұрған да – осы жас ұжым.
– «Life09» ақпарат агенттігі 2019 жылдың сәуір айында Арқа ақпарат айдынының қатарына қосылды. Әуелде ақпараттық агенттік емес, қарапайым Instagram, youtube парақшалар ретінде ғана ашылған. Басты бағытымыз – мемлекеттік саясатты қарапайым халыққа түсінікті тілмен жеткізіп, аудиторияға барынша шынайы, объективті ақпарат жеткізу болатын. Қазір де сол мақсаттан қиыс кеткен жоқпыз. Ақпарат агенттігінде бес жыл ішінде бірнеше мәрте ірілі-ұсақты өзгерістер болды. Бастапқыда жеке шағын редакция болған, кейін «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің құрамына қосылды. Бұл өзгеріс біздің редакцияға тың серпін беріп, одан әрі дамуына мүмкіндік берді. Медиахолдинг құрамына қосылғаннан кейін «Life09» ақпараттық порталы ашылып, толыққанды ақпарат агенттігіне айналдық. Бес жыл – үлкен телеарналар мен басылымдар үшін қас-қағым уақыт. Бірақ, жаңа медиа үшін бес жыл бойы ақпарат айдынында тұрақтау жаман көрсеткіш деп ойламаймын. Осы уақыт аралығында бірнеше редактор ауысты, редакция құрамы да өзгеріп тұрды. Осында қызмет атқарған әрбір адам «Life09» ақпарат агенттігінің қалыптасуына өз үлесін қосып кетті, – дейді «Life09» ақпарат агенттігінің редакторы Жанайдар Майкен.
Редакция бес жыл бойы жинаған аудиториясына саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-спорттық, тарихи-танымдық жаңалықтарды жедел әрі сапалы жеткізуді мақсат еткен. Өңірдегі ғана емес, республика мен әлемдегі маңызы бар ақпараттарды күнделікті таратып отырады.
Ақпараттық агенттіктің «Instagram», «Youtube», «Facebook», «TikTok» желілерінде парақшалары бар. «Telegram» каналы арқылы да ақпарат жолдайды. Екі тілде ақпарат тарататын «Life09.kz» порталы күні-түні ақпаратын жаңартып, жұмыс істейді. Яғни, портал «Жаңалықтар», «Басты жаңалық», «Маңызды», «Қоғам», «Саясат», «Әлем», «Мәдениет», «Экономика», «Спорт», «Анығын айтсақ», «Аймақтар», «Фотогалерея» сияқты айдарлардан тұрады. Әр бөлімге атауы мен бағытына сай күнделікті ақпараттар салынып отырады.
Әрине, кез келген ақпарат орталығы, ол газет болсын, телеарна болсын, портал болсын, оқырманымен өлшенеді. Ормандай оқырман жинауға да үлкен тәжірибе керек екендігі де рас. Жас ақпараттық агенттіктің бұл бағыттағы жұмысы да – жүйелі. Instagram-дағы «Life09kaz» парақшасында – 98600 оқырман, «Life09rus» парақшасында 15000 оқырман бар. «Youtube» желісінде – 26 000, «Тiktok-та» – 20 000, «Facebook» парақшасындағы 2000-ға жуық тіркелуші хабар алады.
Қазір тәжірибе жинақтаған ақпараттық агенттік мультимедиялық контентке баса назар аударып жүр. «Life09» интернет редакциясы дайындаған жаңалықтар, деректі фильмдер, қысқаметражды фильмдер, әлеуметтік видео роликтерді жариялап, яғни, ақпараттың видео жанры арқылы ақпарат таратудың алуан түріне кіріскен. Өйткені, оқырманның да талабы артып, талғамы өзгеріп келеді. Редакциядағы әріптестеріміздің айтуынша, қазір, аудио-бейне материал бағытындағы контентке деген сұраныс жоғары. Жас редакция алдағы уақытта ақпарат агенттігін әмбебап ақпарат алаңына айналдыруды жоспарлап отыр.
Тек қана ақпарат таратумен шектелер болса, онда жинаған оқырманды ұстап тұру оңайға түспейді. Қазір түрлі пабликтердің арасындағы бәсекелестік үдеген тұс. Мұны сезінген жас ұжым түрлі танымдық жобаларды да қолға алған. Мәселен, «Арқа-жарқа», «Arqa LIKE», «ТОП-7», «История одной улицы», «Кино вечер», «Верь в себя», «Жұрттың әкімі», «Пайдалы ИНФО», «Бес сөз», «Шок әңгіме», «Қарағандыда жасалған» сияқты жобалар көрермен көзайымына айналған. Қазір тарихи-танымдық «Тұлға», сұхбат жанрында «Қара жәшік», спорттық бағыттағы «Спорт TIME», апталық-сараптамалық «Жұма LIKE» және күнделікті шығып тұратын «LIFE айтады» жобалары өз көрерменін тауып үлгерген.
– Жобаларымыз әлеуметтік желілерде 1 миллион қаралымға дейін жинады. Республикаға танымал пабликтер біз жасаған контенттерді сұрап, салып жүрді. Аймақтың ақпарат агенттігі үшін бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймыз, – дейді Жанайдар Балхашұлы.
Кез келген ақпарат құралының басты миссиясы – билік пен бұқара арасында алтын көпір болу. Бұл редакция осы үдеден де ойдағыдай шығып келеді. Біз білетін бір- екеуін мысал етейік. Қарқаралы ауданы, Ақтерек ауылындағы Ахмет мектебін мәдениет бөлімінің балансына өткізуге мұрындық болған. Сол ауылдың су мәселесін көтеріп, ол да оң шешімін тапқан. Дәп осындай тағы бір мәселе, Ақшатаудағы ауыл жұрты сапалы ауыз суға қол жеткізген. Қала тұрғындарының да шағымын тұрақты жариялап тұрады. Тиісті органдар кері байланысқа шығып, шаруаның шешілуіне атсалысып жатады. «Күнгей» ықшам ауданындағы жол мәселесі осылай шешімін тапқан көрінеді.
Жас ұжымдағы жалындаған әріптестеріміздің ойы ұшқыр, әмбебап және уақытпен санаспайды. Тақырыптық бейнематериалдарға, қысқа метражды фильмдерге тілшілер актер ретінде де түсе береді. Монтаждағы мамандардың уақыты тапшы болса, операторлар, ал олар босамай қалса, онда тілшілер қауымы атқарады міндеттерін. Жігерлі жас ұжымның осылайша қанаты қатайып келеді.
Қазақ-орыс редакциясының тілшілері әр күн сайын life09.kz сайтына ақпарат дайындап, салып отырады. Мирас Сәулехан, Ақсая Жалғасова, Аяжан Мақан, Аман Романов күн сайын түрлі іс-шаралардың түсіріліміне барады. Барған жерінен сюжет, ролик және ақпарат түрінде хабар таратады. Бұдан басқа әр тілшінің ақпараттық-танымдық бағыттағы жеке жобалары және бар. Мерекелік роликтердің сценарийін тілшілер жазады.
Оператор Нұртөлеу Екібай мен Құрманғазы Жандос пабликтерге шығатын авторлық контенттерді түсіреді, іс-шаралардың да толығымен видеоға түсірілуін қамтамасыз етеді. Студиялық жобаларды таспалайды. Видео-аудио жазбалардың сапасына жауап береді.
Монтаж бөліміндегі Айжан Абдрахманова, Лола Калышева, Нұрасыл Тұрмағанбетов қоржындарына түскен барлық видеоматериалдарды тілші дайындап берген сценарий бойынша жинақтап, монтаждап береді. Қажет болған жағдайда видеоны өңдеп, әрлейді. Авторлық жобаларды монтаждайды. Одан бөлек сайт пен пабликтерге инфографика мен дизайн жұмыстарын шебер жасап береді.
Ал шығарушы редактор Ақниет Ысқақ пен Полина Малюкова сайт пен пабликтерге шығатын барлық ақпараттардың орфографиялық, грамматикалық қателеріне, тақырыптың дұрыстығына жауап береді. Сондай-ақ, бейнероликтер мен авторлық жобаларды қадағалайды. Түсірілім уақытын жоспарлайды, кезекші тілшіні бекітеді. Өздерінің де авторлық жобалары бар.
SMM маман Айғаным Аманжолова мен Айдана Таңатар шығарушы редактор мен бас редактордың қарауынан өткен дайын материалдарды іріктеп, әлеуметтік желілерге жүктейді. Аудиторияның ауқымды қаралымына сәйкес уақытта дайын ақпараттарды салу, желілердің кибер қауіпсіздігі – осы мамандарға жүктелген міндет. Сондай-ақ, мобилографтың қызметін атқарады.
Жас редакция демесеңіз, ұстаханаға да айналып үлгерді. Еңбек жолын осында бастаған бірнеше журналистің қазір республикалық БАҚ-та бағы жанып жүр.
Мәселен, «Еуразия бірінші арнасының» тілшісі Сергей Цель, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасындағы маман Аяжан Кеңесбек, «Голос народа» ақпарат агенттігінің журналисі Яна Мазуренко алғаш тәжірибелерін life09 редакциясының қабырғасында жинақтаған.
Елге танымал бірнеше сериал мен жобаларды түсіріп жүрген Жасұлан Мақұлбеков пен «Голос народа» ақпарат агенттігінің операторы Жансерік Күзембай да – осы ұжымның алғашқы қарлығаштары.
– Алдағы уақытта ақпараттық-танымдық бағыттағы жобалар жасау жоспарда бар. Деректі фильмдер дайындап жатырмыз. Бастапқы бағытымызбен әрі қарай жүре береміз. Қазір желілердегі аудиторияны көбейту мәселесімен айналысып жатырмыз. Себебі, жасаған дүниелерімізді монетизациялау қажеттілігі туындап тұр. Сапа стандарттарына сай болу үшін, шағын студия жарақтап, техникаларды жаңартып жатырмыз, – дейді ақпараттық агенттіктің бас редакторы.
Батпандай жүк арқалаған жас ұжымның бұл мақсаттарға қол жеткізетініне біздің сеніміміз мол. Қазір ұжымдағы оператор, журналист, монтажер болсын, барлығы дерлік әбден машықтанып алған кәнігі кәсіби мамандар. Ұжымның төрт қызметкері облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығын алған. Медиахолдинг директорының кеңесшісі, білікті медиамаман Айсұлтан Жақып та осы бір ұжымның мүддесіне еңбегін сіңіріп жүр. Қысқасы, «Life09» ұжымы игі идеялардың жанартауындай.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz